Азия чемпионатында қазақстандық жасөспірім баскетболшылар бүгін Сауд Арабиясы құрамасынан басым түсті
АЛМАТЫ. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Баскетболдан Малайзияның Джохор-Бахру қаласында 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандықтар бүгін Сауд Арабиясы құрамасынан 64:38 есебімен басым түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Борис Борисовтың шәкірттері іріктеу кезеңінде В тобында 3-ші орын алды. Олар Бахрейн құрамасын (63:54) ұтып, филиппиндік құрдастарына 50:76, ал жапондық құрдастарына 66:78 есебімен есе жіберген болатын. Ширек финалда қазақстандықтар 4-ші топқа түсті. Онда С тобында 4-ші орын алған Куәйт баскетболшыларымен болған алғашқы ойында 63:66 есебімен есе жіберген қазақстандықтар келесі 2 ойында басым түсті. Олар Д тобында 3-ші орын алған Малайзия спортшыларын 75:59, ал А тобында 4-ші орындағы Сауд Арабиясын 64:38 есебімен ойсырата ұтты. Қарашаның 19-ы күні жалауы көтерілген бұл чемпионаттың ақтық ойындары қарашаның 26-27 күндері өтеді.