Азия чемпиондары: Жеңіске бірнеше айлық дайындықтың арқасында жеттік
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилиялық джиу-джитсудан Азия чемпионатында тарихи нәтиже көрсеткен қазақстандық спортшылар жеңістің оңай келмегенін айтады. Бұл туралы Азия чемпиондары Ақнұр Ғалым, Кемаль Рузахунов және Әлима Жұмаделдинова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Олардың сөзінше, бірнеше айлық тыңғылықты дайындық, команданың өзара қолдауы және бапкерлердің еңбегі жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік берген.
— Жалпы күресте әрдайым техника бірінші орында болады. Техника мен тактика қатар жүреді, ал физикалық күш тек көмекші құрал. Әдіс-тәсілді білмесең, тек күшпен жеңу өте қиын, — деді Азия чемпионы Ақнұр Ғалым.
Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы екі-үш жылда әйелдер арасындағы бразилиялық джиу-джитсу қарқынды дамып келеді. Қазір елде Әлем, Азия және Еуропа чемпиондары көбейген.
Командалық қолдау да спортшылардың табысына айтарлықтай әсер еткен.
— Командасыз осындай жетістікке жету қиын болар еді. Әрқайсымыз жеке күрессек те, жеңсек бірге қуандық, жеңілсек бір-бірімізге демеу болдық, — деді Ақнұр Ғалым.
Азия чемпионатының қос дүркін жеңімпазы атанған Кемаль Рузахунов дайындық мамыр айынан басталғанын айтты.
— Біз жарысқа ұзақ дайындалдық. Турнирге бір ай қалғанда Бразилиядан тәжірибелі спортшы келіп, үш апта бойы бізді жаттықтырды. Соның нәтижесінде екі алтын медаль жеңіп алдық, — деді ол.
Спортшының айтуынша, ең ауыр белдесулердің бірі абсолюттік салмақта өткен.
— Өз салмағымдағы жарыста жеңіске жеткеннен кейін абсолюттік салмақтағы алтын ерекше маңызды болды. Онда төрт кездесу өткіздім және қарсыластарымның бәрі менен салмағы ауыр еді, — деді Кемаль Рузахунов.
Ол алғашқы белдесуінде 118 келі тартатын жапониялық спортшыға қарсы шыққанын да еске алды.
Спортшылар бапкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Кемаль Рузахуновтың айтуынша, оның жеке бапкері әрі әкесі Арманжан Рузахунов дайындықтың әр кезеңінде жанынан табылған.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы биыл алғаш рет бразилиялық джиу-джитсудан Азия чемпионатына қатысып, бірнеше алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды. Спортшылардың айтуынша, енді олар Мәскеуде өтетін халықаралық турнирге, Abu Dhabi Grand Slam жарысына және жыл соңындағы әлем чемпионатына дайындалады.