Азия ойындары-2026: Қазақстан ҰОК Chefs de Mission семинарына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның Нагоя қаласында 2026 жылғы Аичи-Нагоя Азия ойындарына қатысушы елдердің делегация жетекшілеріне арналған семинар өтті.

Азия ойындары-2026: Қазақстан ҰОК Chefs de Mission семинарына қатысты
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан Спорт департаментінің бас менеджері Роман Теміржанов пен Халықаралық байланыстар департаментінің бас менеджері Татьяна Богословская қатысты.

Азиаданы ұйымдастырушылар логистика, көлік қозғалысы, командаларды орналастыру, аккредитация, медициналық және допингке қарсы қызметтер, тамақтану, ресми рәсімдер мен БАҚ-пен жұмыс секілді дайындықтың негізгі бағыттары туралы жан-жақты баяндады. Сонымен қатар қатысушылар билет сату жүйесімен және Ойындар брендингін қорғау ережелерімен танысты.

Спортшылардың тұратын жағдайына ерекше назар аударылды. Нагояда дәстүрлі Олимпиада қалашығын салу жоспарланбаған. Қатысушылардың бір бөлігі порттағы круиздік кемеде, ал қалғаны арнайы жабдықталған тұрғын үйлер мен қонақүйлерде тұрады. Қазақстандық делегация спортшылар сынға түсетін және орналасатын нысандарды өз көзімен аралап көрді.

- Біздің басты мақсатымыз - дайындық барысын өз көзімізбен көру және көкейдегі сұрақтарға жауап алу болды. Енді бізде толық ақпарат бар, оны федерациялар мен спортшыларға жеткіземіз. Сонымен қатар ұйымдастыру комитетімен және басқа елдердегі әріптестерімізбен тікелей сөйлесуге мүмкіндік алдық. Бұл бізге туындауы мүмкін жағдайларды алдын ала ескеріп, ұлттық құраманың қатысуын барынша ыңғайлы етуге көмектеседі, - деді Роман Теміржанов.

Сондай-ақ 23 қыркүйекте ұйымдастыру комитеті Нагоя телемұнарасында «One Year to Go» атты шара өткізді. Бағдарламаға мәдени қойылымдар, жарық шоуы және ҰОК-тарға ресми шақыру тапсыру рәсімі кірді.

Айта кетейік, гимнаст Дмитрий Патанин Венгриядағы Challenge Cup кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар