Азия ойындары: ел спортшылары бұған дейін қай спорт түрінен үздік нәтижеге қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Азия ойындарына 1994 жылдан бастап қатысып келеді. Ел спортшылары осыған дейінгі 8 жазғы Азия ойындарында ең үздік нәтиже көрсеткен спорт түрі белгілі болды.
Азия ойындары тарихында қазақстандық спортшылар 31 спорт түрінен жүлде иеленді. Осы жылдар ішінде байдарка және каноэ есушілер ең табысты өнер көрсетіп, жалпы ел қоржынына 69 жүлде сыйлады. Оның ішінде 25 алтын, 24 күміс және 20 қола медаль бар.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы жеңіл атлетика спортынан 23 алтын, 23 күміс және 28 қола жүлде еншілеп, жалпы 73 медаль жеңіп алды.
Нысана көздеу Азия ойындарында Қазақстан құрамасы үшін ең көп жүлде салған спорт түрі саналады. Отандастарымыз осы спортта жалпы 86 медаль (21 алтын, 30 күміс және 35 қола) еншіледі.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы қоржынында күрестен 59 медаль, бокс — 46, дзюдо — 41, велоспорт — 31, ауыр атлетика — 30, гимнастика — 29, карате — 26, жүзу — 25, семсерлесу — 20 және таеквондо — 19 медаль бар.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, 1994-2022 жыл аралығында ел спортшылары жазғы Азиадада барлығы 637 медаль (165 алтын, 180 күміс және 292 қола) еншілеп, Азия ойындары тарихында ең көп жүлде жеңіп алған командалар қатарынан көрінді (6-орын).
Еске салайық, ХX жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді, ойындардың ұраны — Imagine One Asia («Біртұтас Азияны елестет»).
Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан 558 спортшы бақ сынайды.