Азия ойындарынан кейін салынған құрылыс нысандары пайдасыз қалмайды - Ұйымдастыру комитеті
АНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Азия ойындарынан кейін барлық құрылыс нысандары пайдаланатын болады.
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының 18-ші сессиясы аясында журналистерге сұхбат берген «2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқару дирекциясы» АҚ-ның вице-президенті Серік Қалмұрзаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бірқатар шетелдік командалар екі жылдан кейін Астана мен Алматы қалаларында өтетін Қысқы Азия ойындарынан кейін осы іс-шараға арнайы салынып жатқан құрылыс нысандарында спорттық-жаттығу және сан алуан сайыстарды өткізуге ниет танытып отыр. «Әсіресе, бізде салынатын биатлон стадионына деген қызығушылық жоғары болады деп ойлаймын. Сондықтан Азия ойындарынан кейін салынған құрылыс нысандары пайдасыз қалмайды. Оны мен нақты айта аламын», дейді С.Қалмырзаев.