Азияда COVID-19 жұқтырғандар саны көбейіп барады

АСТАНА. KAZINFORM — COVID-19 Азияда қайтадан белсенді түрде тарала бастады. Атап айтқанда, бір апта ішінде Гонконгтағы инфекция пайызы бір жылдағы ең жоғары көрсеткішге жетті, деп хабарлайды Bloomberg.

Азияда COVID-19 жұқтырғандар саны артып келеді
Фото: euronews.com

Гонконг денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, ауыр жағдайлар, соның ішінде өлім-жітім жыл бойына шарықтау шегіне жетті. Ағынды су үлгілері және ауруханаға жатқызудың көбеюі вирустың 7 миллионнан астам халқы бар қалада белсенді түрде таралып жатқанын көрсетеді.

Сингапурдың денсаулық сақтау министрлігі бір апта ішінде ауру 28 пайызға өскенін хабарлады. Ауруханаға түскен науқастардың саны жеті күн бұрынғыдан 30 пайызға жоғары. Аурудың көбеюі адамдарда иммунитеттің әлсіреуімен байланысты.

Bloomberg мәліметінше, соңғы бірнеше айда Азияның басқа қалаларында да COVID-19 ауруын жұқтыру көбейген. Шенеуніктер халықты абай болуға және заманауи екпелерді алуға шақырады.

COVID-тің қайта оралуы солтүстік жарты шардың көп бөлігінде жаздың басталуымен сәйкес келуі вирусты тіпті жылы ауа райы жағдайында да халықтың үлкен бөлігі жұқтыруы мүмкін екенін білдіреді.

Еске сала кетейік, Ақ үй коронавирус індетінің «шынайы шығу тегі» туралы веб-парақша ашты.

 

Соңғы жаңалықтар