Азық-түлік бағасына делдалдар ықпал етуде-П. Дмитриенко
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жыл басынан бері елдегі азық-түлік бағасының біршама көтерілуі жұртшылықты әбігерге салып қойғаны рас.
Түрлі деңгейдегі билік өкілдері бағаны ырыққа көндіруге қатысты шараларды қолға алғанымен, оның тиімділігі соншалықты байқалмай отыр. Ең бастысы, баға тұрақсыздығы себебіне қатысты сарапшылардың да, ресми өкілдердің де пікірлері әрқилы. Біреулер, бұны ірі саудагерлердің «ойынына» санап, солармен күресті бастау керек десе, енді біреуі азық қорының қауқарына сілтейді, мемлекеттік жәрдемақының өсуіне қатысты жылдағы әдетті алға тартатындар да баршылық. Ал Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұны әлемдегі азық-түлік бағасының жаппай өсуімен байланыстырып, ішкі нарықтағы бәсекелестік талаптарының дұрыс сақталмағандығын айтады. Дегенмен, қалыптасқан жағдайға қатысты алдағы уақытта қандай шаралар қабылданбақ? Халық үшін маңыздысы осы. Былтыр сауда қызметін реттеуге бағытталған заң қабылданып, сол арқылы азық-түлік бағасын ауыздықтауға күш салу тетіктері ойластырылған болатын. Алайда оның тиімділігіне күмәнмен қарайтындар да бар. Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшесі, депутат Петр Дмитриенко да жақында өткен жалпы отырыста азық-түлік мәселесін көтеріп, атқарушы билікке сауал жолдаған болатын. Осы төңіректе мәселеге қатысты пікірін біліп, елдегі азық-түлік нарығында қалыптастан жағдай туралы депутатты әңгімеге тартқан едік.
- Депутат мырза! Еліміздегі баға нарқыны байланысты пікіріңізді білсек деп едік?
- Әрине, жыл басынан бері қарай елімізде азық-түлікке бағаның күрт өсуі мен оны тұрақтандыруға қатысты шаралар күн тәртібіндегі негізгі әрі өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, еліміздің бір ғана өңірінде емес, жалпы республика бойынша осындай үдерістер байқалады. Мәселен, ресми емес мәліметтерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында картоптың келісіне баға бір айдың ішінде 40 теңгеден 200 теңгеге дейін өсті. Сәбіздің келісі 30-дан 160 теңгеге дейін, өңірдегі ет бағасы 480 теңгеден 1 мың 500 теңгеге дейін қымбаттаған. Шаруалардан осы уақытқа дейін 26 мың теңгеден сатып алынған бидай бағасы 40 мың теңгеге артты. Менің ойымша, осылайша іс жүзінде бағаның жаппай өсу жағдайы саудаға қатысушылардың - көтермелеп сатушылар мен бөлшектеп саудаласушылардың есебінен орын алып отыр. Бұл менің жеке пікірім.
-Үкімет отырысында азық-түлік бағасын бақылауға қатысты шаралар қабылданатыны туралы айтылды ғой. Бұлардың тиімділігі қаншалықты деп санайсыз?
- Иә, бағаны тұрақтандыру туралы аз айтылған жоқ. Бірақ атқарушы биліктің бүгінгі күні қабылдағалы отырған шаралары біздің нарықтағы жағдайды басқа арнаға бұрып әкетуі де әбден ықтимал. Өйткені тыйым салуды көздейтін шаралар қазірдің өзінде нан өнімдері нарығында жағымсыз әрекеттерге соқтырып жатыр. Мәселен, бір бөлке кәдімгі нан үшін бағаның ең жоғары шегі 48 теңгеге белгіленіп, осыдан асыруға тыйым салынып еді, Қызылжардағы нан-тоқаш комбинаты өзінің 5 дүкенін жабуға мәжбүр болды, аудандарға нан тасымалын да тоқтатты. Сөзсіз, орта және шағын кәсіпкерлер де соның кебін киюі мүмкін, өйткені басқа жол жоқ. Нарықта бидайдың тоннасы 40 мың теңгеден сатылса, оны сатып алатын наубайханалар әлгі біз шектеген бағаға жақсы әрі сапалы нан пісіре алмайтыны айдан анық емес пе?! Бұл бір ғана нан өнімі нарығына қатысты жағдай. Азық-түліктің басқа да түрлері осы шамадағы ахуалды бастан кешіп отырғаны да мәлім ғой. Мәселен, Қызылжар мен Семейде ірі ет комбинаттары бар, солардың өзі жұртшылықтан етті қымбат бағаға сатып алуға көндігуде. Алайда заң арқылы біз консервілер мен шұжықтарға бағаны көтеруге жол бергіміз келмейді. Ендеше олардың өнімі неге өзіндік құнынан арзанға сатылуы тиіс. Әлгі комбинаттар тек Моңғолиядан квота арқылы арзан ет сатып алған жағдайда ғана мұндай өнімдерді қолжетімді бағамен шығара алады екен. Бірақ ондай кәсіпорындарға шеттен ет әкелуге қатысты квотаны да әбден шектеп тастағанбыз.
Бұдан бөлек, біз заң жүзінде энергетиктерге жыл сайын тарифті көтеруіне рұқсат беріп қойдық. Әрине, бұл шараның елдегі тариф деңгейін әлемдік деңгеймен біркелкі қылуға бағытталғаны түсінікті. Ал мұнайшыларға да тура әлгіндей «жасырын» рұқсаттың болатынын жоққа шығара алмаймыз ғой. Көктем мен күзгі науқанда мұнай өнімдеріне бағаның аспандап жататыны да сондықтан емес пе?! Осының барлығы азық-түлік бағасының өсуіне әкеп соғады. Бұған қатысты тағы бір мысалды айта кетейін, Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері электр қуатына тариф 9 пайызға артқан. Бұл әрине, азық-түлік нарығына өз әсерін тигізді. Барлық өңдеуші кәсіпорындардың электр энергиясын пайдаланатыны, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мұнай өнімдерін тұтынатыны бесенеден белгілі нәрсе ғой. Ендеше соны ырықтайық. Сондықтан да, бір-біріне байлаулы нарықты һәм ондағы баға мәселелерін кешенді түрде ғана қарастыру керек. Егер тарифке шектеу болмаса, онда қай шараны қолдансақ та азық-түлік бағасы қоса өсуін тоқтатпайды. Оны ұстап тұру да мүмкін емес.
- Өзіңіз айтып өткендей, ет бағасы барлық өңірде өскеніне қарамастан дүкендердегі шұжық бағасы қалыпты секілді. Мәселен, еттің келісі 1500 теңге болса, сол еттен дайындалатын шұжық бағасы келісіне 700-800 теңгені құрап отыр. Бұны қалай түсінуге болады?
- Әрине, егер еттің келісін 1500 теңгеден сатып алса, шұжық бағасы да одан кем болмауы керек еді. Сондықтан да, ондай 700-800 теңгеге татитын шұжықты тек қоспалар арқылы ғана дайындауға болады. Біздің азық-түлік нарығымызда да тура солай жасалып жатыр. Алайда денсаулыққа зиянды қоспалар мәселесі етке қатысты ғана көрініс тауып отырған жоқ. Көпшілік өнімдерді арзандату үшін адам ағзасына кері әсер ететін, арзан алмастырғыштарды жаппай пайдалану етек алып бара жатқан тәрізді. Мәселен, әлгіндей зиянды қоспасы бар шұжықты ит те жемейді. Балтық жағалауынан жеткізілген сүт тағамдарына мысық та жоламайды екен. Ал түрік технологиясымен жасалған печеньенің кепкен жаңқа секілді лапылдап жанатынын білесіз бе? Яғни, ол печеньені әзірлеу барысында кәдімгі маргариннің орнына немістердің әдісімен мұнайдан өндірілетін жасанды май қолданылады. Тәттіге қосылатын жұмыртқаның орнына да дәл сондай немістер шығаратын химиялық алмастырғыш қосылады. Әлгі табиғи май мен нағыз жұмыртқаға қарағанда бұлардың құны өте арзан. Ендеше ойланатын мәселе бұл. Елбасы Жолдауында жұртшылықтың өмір сүру сапасын, халық денсаулығын жақсарту туралы айтылды. Ал азық-түлікке бағаның артуы нарықта әлгіндей адам ағзасына аса қауіпті алмастырғыштардың жаппай қолдануына, сондай зиянды азық-түлікті жұртшылықтың жаппай пайдалануына әкеп соқпай ма?! Ал оны пайдаланған адам ағзасы ауруға шалдығатыны мәлім. Ендеше, бізге ең бастысы, халықтың қалың жігі үшін табиғи азық-түліктерге қолжетімділікті сақтау маңызды.
- Ендеше, өз тарапыңыздан азық-түлік нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қандай ұсыныс айтасыз?
- 16 ақпанда «Нұр Отан» ХДП Мәжілістегі Фракциясының отырысында мен Үкімет басшысына бірқатар ұсыныстар жасаған болатынмын. Бұл жерде ең бастысы нарықта қалыптасқан жағдайды зерттеп, тиісті шаралар әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылуы қажеттігін алға тартқан едім. Премьер-Министр К. Мәсімов ондай комиссияның құрылатынын айтты.
Жалпы, менің ойымша азық-түлік өнімдеріне шекті бағаны белгілеудің қажеті жоқ. Керісінше, сауда тізбесіндегі өндіруші мен тұтынушы халық арасындағы бағаның өсіп кетпеуін шектеуіміз керек. Бағаны белгілегенде шамамен 25 пайызын көтерме сауда үшін, 25 пайызын өңдеушілер үшін бекітуге болар еді. Мәселен, егер бүгін шаруа қожалықтарында картоптың келісі 80 теңге тұрса, онда ірі көтерме және ұсақ сауда жасаушылардың үстеме қосуымен оның бағасы 125 теңгеден артпауы тиіс. Осылайша, барлық азық-түлікке бағаның өсімін ауыздықтауға болатындай. Қазіргі жағдайға қайта келсек, біз ортада жүрген делдалдарға барлық билікті беріп қойдық, сосын баға құбылып отыр. Ал жаңағы мен айтқан 25 пайыздық шектеу заң арқылы бекітілсе игі.
Ет өніміне қатысты тағы бір мәселе бар. Ет өңдеуші кәсіпорындар үшін квотаны Экономикалық даму және сауда министрлігі емес Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлуі керек. Әйтпесе, Экономика министрлігі квотаны саудаға қатысты кәсіпорындарға береді, ал ондай компаниялар ешқандай да өндіріспен айналыспауы да мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы құзырет берілетін болса, квоталарды ет комбинаттарының мүмкіндігіне қарай әрі әрбір облыс бойынша мал шаруашылығының жағдайларын есепке ала отырып бөлу керек.
Бұдан бөлек, астық экспорттаушылар үшін қарастырылған қосылған құн салығы ретінде қайтарылатын жеңілдікті тек өндірушілер ғана пайдалануы керек деп ойлаймын. Ал қазіргі күні еліміздегі ірі астық шаруашылықтары өздері бидай экспортымен айналысады және әлгіндей жеңілдіктерді солар ғана пайдаланады. Астық өндірушілердің басым көпшілігі астықты делдарға сатады, ал ол делдалдар сол астықты экспорттап қосымша құн салығынан қайтарым алады. Ендеше осы қаражатты дәл өндірісшілердің қолына беру тетігін қарастыруымыз керек.
Сонымен қатар тағы бір айта кетерлігі, электр энергиясына тарифтің өсімін тоқтату керек. Бұған қатысты «Энергетика туралы» заңға қайта оралып, жыл сайынғы тарифтерді арттыру мүмкіндігі туралы норманы алып тастауды ұсынамын. Ал бұндай қадамға бармай тұрып, азық-түлік бағасын ұстап тұру туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Жалпы, менің ойымша жоғарыда аталған 4 негізгі шара нарықтағы жағдайды қалыпқа келтіреді, баға бүгінгідей ырықсыз кетпейді. Ал аз қамтылған отбасылардың жағдайына келетін болсақ, олар үшін дотация бөлуді қарастыруға да болатын еді.
-Әңгімеңізге рахмет!