Азық-түліктің бағасын мамыр айына дейін ұстап тұрамыз - Ақтөбе әкімі

АҚТӨБЕ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе әкімі Архимед Мұхамбетов қаланың бірнеше супермаркеттері мен коммуналдық базарларын аралап, негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысты.

Азық-түліктің  бағасын мамыр айына дейін   ұстап  тұрамыз -   Ақтөбе әкімі

Ақтөбе базарларында бірнеше күнде көкөніс пен жемістің бағасы күрт өсіп отыр. Атап айтқанда, орталық базарда қазір картоптың бағасы 180 теңгеге, сәбіз, қызылша және қырыққабат бағасы - 150 теңгеге дейін жетеді. Қала әкімдігі бағаны тұрақтандыру туралы меморандумдарға қол қойған супермаркеттерде баға сәл-пәл төмендеу. Меморандумға сәйкес азық-түлік өнімдеріне қосылатын үстеме баға 10 пайыздан аспауы керек.

Жағдаймен танысып шыққан қала әкімі, кәсіпкерлердің үстеме бағаларды төмендетулері керек екенін атап көрсетті. «Бүгінгідей қиын кезеңде негізгі азық-түлік өнімдеріне қойылатын үстеме баға 3 пайыз ғана болуы керек, 7 немесе 10 пайызды дегенді ұмытыңдар»,- деді әкім өз сөзінде.

Әкімдіктің меморандумға қол қойған супермаркеттер мен коммуналдық базарларда төмен бағаны мамыр айына дейін ұстап тұратынын, негізгі тұтынушылық кәрзеңке өнімдерінің қорын жасап, қойылатын үстеме бағаны 3 пайызбен шектейтінін мәлім еткен әкім, меморандум бойынша міндеттемелерін орындамаған кәсіпкерлерге қатысты «жедел әкімшілік шаралар» қолдануға уәде берді.