Б. Әбдішев саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Спасск мемориалында өткен митингіге қатысты
Қазақстандық естелік белгіге гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздіктен кейін аймақ басшысы митингіге қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол бұрынғы кеңестік республикалар тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихтарын, оның ішінде қызыл террордың зардаптарын зерделеп, демократиялық қоғам көзқарасы тұрғысынан қайта зерттеп жатқандығын атап өтті. «Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккен жандарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтірген елдердің бірі болды. Әрине, бұған ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арнайы Жарлығы ықпал етті", - деді облыс әкімі. Өткен дәуірде еліміздің басына төнген ауыртпалықтар аз болған жоқ. Алапат ашаршылықты, жаппай қуғын-сүргінді басынан кешті. «Алайда сталиндік солақай саясат, тарих бетіне қара таңба болып басылған «ҚарЛаг» жасампаз халқымыздың сағын сындырып, рухын өшіріп, еңсесін түсіре алған жоқ! Біздің кім болғанымыз, одан кімге айналғанымыз сол жылдардағы арыстарымыздың қанында, аналарымыздың жасында жазулы. Бұл қасірет ешқашан ұмытылмайды!» - деді Бауыржан Әбдішев. Осыдан кейін «Кеңгір» лагерінің бұрынғы тұтқыны Иван Карпинский және жастар өкілі Мейіржан Тосқанбаев сөз сөйледі. Мұсылман, православ және католик дін өкілдерінің қатысуымен қаза болған құрбандар рухына арнап дұға оқылды. Сосын мемориалды кешендегі естелік белгілері бар жақын және алыс шетелдердің елшіліктері мен дипломатиялық миссия өкілдері гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар беларусь Қарлаг тұтқындарына ескерткіш белгі ашылды.