Б.Байбек: Сайлауалды тұғырнаманы тиімді түрде жүзеге асыруда партия жұмысы жобалық-мақсаттық негізге көшті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрлі әлеуметтік топтардың көкейкесті мәселелерін нақты шешуді көздеген 12 партиялық жобаның іске қосылуы қолға алынды. Бүгін Астанада Елбасы, «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы барысында «Нұр Отан» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

Б.Байбек: Сайлауалды тұғырнаманы тиімді түрде жүзеге асыруда партия жұмысы жобалық-мақсаттық негізге көшті

«Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында тұрғырнаманы іске асыру бойынша партия кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірінші жартыжылдықта тек мәслихат депутаттары ғана тұрғындармен 8 мыңға тарта кездесу өткізіп, бастауыш партия ұйымдарында, еңбек ұжымдарында сайлауалды уәделерінің орындалуы тұрғысында 2 мыңнан астам есеп берді»,- деді Б.Байбек.

Осы орайда ол бұл жұмыстар алдағы уақытта да партия бақылауында болатындығын атап өтті.

«Сайлауалды тұғырнаманы тиімді түрде жүзеге асыру үшін партия жұмысы жобалық-мақсаттық негізге көшті. Бұл түрлі әлеуметтік топтардың көкейкесті мәселелерін нақты шешуді көздеген 12 партиялық жобаның іске қосылуына ұласты. «Біздің ауыл», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» және осы сияқты басқа да жобалардың аясында дәстүрлі электоратпен жұмыс жүргізілуде. Мысалы, ардагерлерді 650-ден астам еріктілер тобы қамқорлыққа алды, жетім балаларға 360 пәтер бөлінді, 2 мың мұқтаж отбасына көмек көрсетіліп, ауылдарда 2,5 мыңға жуық балалар мен спорттық аула алаңдары іске қосылды», - деді Б.Байбек.

Сондай-ақ ол жыл басынан бері «Сәтті қадам», «STOP-қылмыс», «Жастар кадрлық резерві» атты үш жастар жобасымен 100 мыңнан астам жастың қамтылғанын, бұл қатарда бизнестік ортаның да назардан тыс қалмағанын атап өтті.

«Мықты бизнес - қуатты мемлекет» жобасы шеңберінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлік рух пен отбасылық бизнес дәстүрін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда», - деп атап өтті ол.