Б. Камалиев «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің құрылысына қатысып жатқан корейлік компанияның басшыларымен кездесті
ТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 28 қыркүйекте ҚР Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізінің құрылысына қатысушы «КСС Engineering & Construction Co., Ltd» (Корея) компанияның басшысы Ом Ик Донгпен кездесу өткізді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұл компания Жамбыл облысындағы екі учаскенің бас мердігерлік компаниясы болып табылады.
Ұзақтығы 40,4 км құрайтын бірінші учаскедегі жұмыстар 2009 жылдан бері жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл жердегі жұмыстар кестеге сәйкес атқарылуда. Осы учаскеде 337 жол құрылыс техникасы жұмылдырылып, 1721 адам жұмысқа тартылған, оның ішінде, 1653 адам жергілікті қызметкерлер. Жол құрылыс материалдарын дайындау белсенді қарқынмен жүргізілуде.
Екінші учаскеде материалдарды дайындау мен жұмыс өндірісі кестесінен аздап қалып қоюлар бар.
Компания президенті Ом Ик Донг қалып қоюшылықтың себебін айтып, жұмыс кестесінен қаллушылықты жою жөнінде міндеттенді.
Министр Берік Камалиев өз кезегінде аталған міндеттер орындалмаған жағдайда контракты бұзуға дейінгі шаралар қолданылатындығын атап өтті.