Б.МОМЫШҰЛЫ: Кімде-кім өз ұлтын мақтан тұта алмаса, ол - сөзсіз тексіз адам
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық ақпараттық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.
Қан майданнан болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлікке, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі "өмір мектебі" болары анық.
***
Әдебиетте шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі - армиядағы ұлттық мәселе болып табылады. Кейбіреулердің тұтас бір ұлтты әлде бір шартты белгісіне қарай бағалап, сан қырлы нәзік мәселені қалай болса солай шеше салғысы келетініне, біздің біртүтас армиямыздың көп ұлтты бейнесін жасаған кезде адамдардың сырт тұлғасының ерекшеліктеріне ғана мән беріп, сонымен шектелетініне қынжылмасқа болмайды. Кітапта ұлттық рух (бұл ұлт адамының және тұтастай алғанда ұлттың да асыл қасиеті) және ұлтшылдық пен шовинизм (ұлттың ішіндегі жеке адам бойындағы кесел) туралы дұрыс түсіндіріліп жазылуы қажет. Жеке адамның ұлттық, өз отанына деген мақтаныш сезімін ұлттық игілікті дәстүрлерді, барлық халықтар мен барлық ұлттардың барлық ұлы және тамаша нәрселер жасауға қабілетті екенін, ұрыс жүргізуге кедергі келтіретін ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта ұрыс жүргізуге көмектесетін ұлттық дәстүрлердің бар екенін ұғынып, түсіне білу керек. Әрбірадам өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтын терең сүю мен оны мақтан ету арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп және оларды да сүюге тиіс. Ұлттық мақтаныш-ұлт ішіндегі жеке адам үшін мызғымас әрі қасиетті заң. Кімде-кім өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш тұта алмаса, ол, сөзсіз, тексіз, қаңғыбас адам. Айбарлы адам тек айбарлы адамды ғана сыйлай алса керек, оның жасық жанды құрметтемесі әбден заңды. Халықтардың бауырмалдығы ұлттық мақтанышқа негізделген. Интернационализмнің мәні де осында болса керек. Интернационалдық мақтаныш ұғымы мен интернационалдық мақтанышқа тәрбиелеу біздің көп ұлтты армиямыз сияқты армияны тәрбиелеудегі негізгі көздер мен арналардың бірі болып табылады. Интернационализмнің мәнін терең ұғынып түсінбейінше, совет офицерінің де бейнесін жете ұғына алмайсың. Менімен Москвада әңгімелескен жолдастар мен әдебиетшілерді Александр Бек әдеби өңдеген шығармаларда устав ережелерінің ап-айқын қарапайым түсіндірілуі абыржытатын сияқты. Өйткені, бұл жолдастар күні бүгінге дейін ұшырасқан сайын осы жөнінде айтып қоймайды, сондықтан мен төменде осы мәселеге қатысты өзімнің түсіндірулерімді қайталап айтқым келіп отыр. Устав - командирдің құраны. Уставты терең түсініп білмейінше, офицердің бейнесін ұғына алмайсың. Офицердің праволары мен атқаратын міндеттерін білмейінше, оның бейнесін барлық болмыс бітімімен жасай алмайсың. Онсыз оның ерліктерінің де көзін, арнасын табу мүмкін емес. Уставсыз офицердің бейнесін түсіне алмайсың. Уставсыз солдатты түсіне алмайсың. Уставсыз ұрысты ұғына алмайсың. Уставсыз соғысты түсіне алмайсың. Уставтың тұтас тарауы философиялық жинақтау дәрежесінде жазылған. Устав дегеніміз де өнер туындысына жатады. Устав дегеніміз - ұрыс тәжірибелерінің жинақталған, қысқа, әбден екшелген қаймағы, ол - талай боздақтар құрбан болған әлденеше ұрыстар мен шайқастардың тәжірибесінің зерделі әскери басшылардың санасында қорытылып барып толғаныстан туған ойлары, устав - қанмен жазылған кітап. Онда басқа ешбір кітапта кездеспейтін зерделі ой (бәрі бірдей түсіне бермейтін, оқып- үйрену кезінде жағдайға қарай қолданылуды егжей-тегжейлі таратып, талдап айтуды талап ететін); негізгі, бастапқы нұсқаулар - заң жөніндегі мәліметтер, тактикалық және оперативтік тәсілдердің әдісі мен жүргізу айла-тәсілдері және көп жылғы, талай боздақтар құрбан болған соғыс тәжірибесімен - соғыс тарихымен ғылыми-теориялық практикалық жағынан терең негізделген соғыс өнері жинақталынған. Кез келген оқыған кәсіпқой әскери адамға уставтың барлық параграфтары бұл ұғымның терең мәнінде түсінікті емес, сондықтан да бізге дейін де жазылған көп томды әскери еңбектер мен біздің кезімізде де жазылып жатқан еңбектер бір ғана мақсат көздейді - ол уставты талдап түсіндіру, өткен кездегі және қазіргі әскери профессорлар армиясы барынша айқын түрде бұған біздің қолымыз жетті деп айта алмайды. Біздің тәжірибемізде уставты білу тана емес, оны түсіну күрделі проблема болып отыр. Демек, уставты толық түсіну үшін үлкен теориялық даярлық пен ұрыс даласында өз басыңнан өткерген, жинақтаған ұланғайыр практикалық тәжірибе қажет. Сондықтан, кейбір жазушылардың өздерінің уставты білетіндігі жөнінде әлденеше рет айтқан мәлімдемелері, еріксіз түрде заңды әділ ашу-ыза келтірумен қатар, ащы, бірақ сонымен бірге кекесінді күлкі тудырарлық...Қысқасын айтқанда, егер автор-жазушы қолында нақты шындықтың деректі материалдарын жинап, соғыс тақырыбына шығарма жазып жатқан болса, ол қалай болған күнде де және қандай жағдайда болмасын, уставтан қашып құтыла алмаса керек, өйткені уставтан қашу дегеніміз, демек, ол - шындықтан қашу, әскери өмірден қашу, ұрыс даласындағы жанды, сұмдық, әдемі шындықтан қашу, сөйтіп бұрмалап жазушының жолына түсу деген сөз, мұны мен тіпті өзімнің дұшпаныма да тілемес едім. Соғыста өзіміз айтып жүрген кездейсоқтық деген жоқ, ал заңдылық бар. Басқа құбылыстар сияқты ұрыс та өз заңымен, өлшемімен, ережелерімен шектеледі. Бұл заңдардың топтастырылған жинағы устав болып табылады. Сонымен, устав дегеніміз - бұл өмір. Ойды ұғым түрінде беру, уставтың ережелерін көпшілік оқырмандарға түсінікті етіп жеткізетіндей ойды көркем әдебиет бейнесіне айналдырып көрсету қажет, мұның өзі біздің отандастарымыз үшін, бұл дәуірде толассыз жүріп жатқан соғыстың, көбіне дөрекілік түрге - төбелеске айналып кететін жаппай қырғын күрестің кез келген учаскесінде соғысуға туған әрі соғысуға міндетті, осы кезеңде өсетін біздің замандас солдаттарымызға ауадай керек. Соғыс тақырыбына жазылған кітап соғыс мәселесін соғысқа көзқарас тұрғысынан ұрыс кезіндегі адам мен оның психологиясын басты тұлға, өзек етіп ала отырып, сауатты әрі өткір түрде көрсетуі керек. Бұл кітап оқырмандар үшін соғыста шындықты ақыл-оймен танып білуге мүмкіндік беретін әскери ағартушылық (тек роман ғана емес) құрал болуға тиіс. Менің ойымша, егер автор уставты бұрмалаған болса, соғыс тақырыбына жазылған кез келген әдеби-көркем шығарма сәтсіздікке ұшырамақ (сапасыз және өміршең болмағандықтан); мұнысымен ол өзінің жақсы болашағын бүлдіріп қана қоймай, ең бір қынжыларлығы істі де бүлдіреді, бұл сәтсіздік, сөз жоқ, көп адамға ауыр тиеді, себебі олар уставты түсінуге әрекеттенгеннен гөрі одан қашыңқыраған әлдеқайда жеңіл деп санайды. Маған әскери іс пен өнер қарапайым дұрыс ойға негізделген деп әртүрлі формада жиі еске салуыма тура келеді. Шын мәнінде ойлай білетін адамдар ғана емес, шындықты көбіне дұрыс жаза алмайтын авторларға да түсінікті бола бермейтін себебі де осында. Менің ойымша, суреткердің басты міндеті - уставтың параграфында ықшам, айқын, жұтаң тілмен баяндалған өмірді жаңғырту, яғни уставты көпшілікке түсінікті түрде көркем тілмен жандандыру болмақ. Суреткер біртұтас ұғымға тоғыстырылған уставтың қорытындыланған, жинақталған деректерін тарқатып айтумен айналысуға тиіс. Демек, суреткер-жазушы уставта жазылғанға қарағанда көп білуге тиіс, егер оның қолында жиын болса, онда қосындыны таба білу керек, егер оның шығарманы түсінікті етіп талдағысы келсе, көбейгіш пен көбейткішті таба білуі керек, жеке нәрсе туралы айтуы үшін бөлінгіш пен бөлгішті білуі керек, яғни жазушы есепті шешкендей өмірді жақсы білуге тиіс, әсіресе қосу мен алу таңбаларына ерекше сақ болған орынды, өйткені жиын мен айырмашылық қалай болғанда да әділдік өлшемінен шығып кетпегені дұрыс. Ұрыстың барлық эксперименттік тәсілдері, тактикалық және оперативтік ойлары соғыс лабораториясында - ұрыс даласында, біздерге, солдаттарға жүргізіледі. Біз ұрыс жағдайының дұрыс немесе теріс екендігін өз қанымызды төгіп дәлелдейміз. Тек біздерге, солдаттарға ғана соғыстың барлық вакцинасының тиімділігі сыналады, сондықтан да жазушы өз бойына соғысты - вакцинаны дарытып, ақыл ой мен қаламның әдеби желікпелігінен құлан-таза емделіп шығуы керек. Біз Қызыл Армияның уставы жөнінде айтқан кезімізде - еш уақытта да оның соғыстың негізгі ережелерінің талдамасы екенін ұмытпағанымыз жөн, бұл Петр уставының немесе Суворовтың жеңіске жету ғылымының, болмаса әйтеуір бір шетел армиясының уставының көшірмесі емес, қазіргі заманғы дербес әскери ойдың, дамудың бетке шыққан қаймағы, қорытындысы, ұрыс тәжірибесін жете түсіну, сондықтан да әркім өзінің устав жөніндегі түсінігіне сын тұрғысынан үңілген кезде, шындықты табуға ұмтылуға міндетті. Ұлы Отан соғысының барысында уставтың кейбір ережелері жиі әрі үнемі ауысып отырды, себебі ұрыс қимылдарының практикасында ақталынбады немесе ішінара өзгерістерге ұшырады. Сондықтан уставты қайта қарауды тұрақсыздық немесе негізсіздік ретінде қарауға болмайды, керісінше, бұл біздің әскери істе кертартпалықтың толық түрде жоқтығына дәлел, оның большевиктік сипаты да осында жатса керек. Біздің әскерлеріміздің шабуылға шыққан кезеңінде әрбір адам сана-сезімімен соғыстың аяқталып келе жатқанын сезіне отырып, артына бұрылып, қанды шайқас жылдарының негізгі кезеңдеріне назар салушылық тән болса, ал соғыстың бастапқы кезеңінде әрбір жанның Отан үшін ет-бауыры езіліп, жаны ауырды, жау басып алған туған елдің әрбір сүйем жері үшін жүрегі қан жылады, өзін азамат ретінде тереңірек, түсініп, сезіне бастады. Майдандағы бұл жағдай Сурков пен Твардовскийдің соғыстың алғашқы кезеңінде жазылған жақсы өлең-жырларында әдемі көрініс тапты. Майданның беріктігі жағдайында жауынгерлер үй-ішін, ата-анасын, сүйген жарын, бала- шағасын, туған жерін ойлап уайым-қайғы жеді - бұл жерде Симоновтың интимдік лирикалары жұрттың басты назарын өзіне аударды. Үшінші кезеңде, жаппай жеңіске жеткен шабуыл заманында, енді лирика екінші планға шығып қалды. Шабуылға шығуға, жеңіске үндейтін батырлық жырлар қажет. Шабуылға шыққан кездегідей еш уақытта жауынгерлердің жанында прозаик емес, ақын болуға тиіс. Жауынгер эпикалық-батырлық бейнелерден өзінің батырлық күшін сезінуге тиіс. Полктер мен дивизияның бұрынғы маршқа арналып жазылған өлеңдері жаңа өлең жолдарымен, жаңа батырлардың есімдерімен, жаудан жеңіп алынған қалалардың аттарымен толығып отыруы қажет - бұл сана-сезімнің өсіп-оянуын, бейнелердің алапат күшін, сезім мерейін, біздің жауынгерлердің айбынды түрде жасаған ерлік істерін көрсететін поэзия . болуға тиіс. Өнер қазір соғыс тақырыбында бүгінгі күннің ғана мұқтажын қамтамасыз етуге арналып салынған, ұзаққа жарамайтын, далалық үлгідегі уақытша баспанадан бас тартып, күрделі құрылыс дәуіріне қадам басты. Менің ойымша, нағыз суретшінің ең алдымен іштей түлеп, өзін даярлап, жан-жағына алаңдамай, өзінің творчестволық ойларын жұрт «қалай ойлайды екен», «қалай қарайды», «не айтар екен», «ұната ма, жоқ па» деген сияқты күн ілгері сұрақтар тізбегімен құрсаулап тастамай, өзін-өзі қолға алатын кезі туған сияқты. Мұның бәрі қысқа уақыт аралығында өзгерістер жасайтын болады. Суретші жоғары, биік идеямен қанаттанып өмір сүруге тиіс және де үлкен тақырыпты игеру мақсатында жұмыс жасап жатқандықтан, оның өзіне жұмыс барысында қарындашқа қарағанда қайшыны жиірек қолданудың керегі бола қоймас. Бүгінгі күннің ақыны өршіл үнмен былай дер еді: Сөзге сөзбен енбек едім, Сөзді сөзбен жандыру үшін. Ойға оймен енбек едім, Ойды оймен шалдыру үшін. Сезімге сезіммен енбек едім, Сезімде сезімдер жаңғыру үшін. Соғысқа соғыспен енбек едім. Соғыстың соғыспен әлі құруы үшін. Жырға жырмен енбек едім, Жырдың жырмен шалқуы үшін. Өмірге өмірмен енбек едім, Өмірге өмір дарыту үшін. Мен көптеген көргендерін жазып жүретін майдангерлердің мол әдеби және деректі материалдарды өздерімен бірге майдан даласында алып жүргенін дәлелдеймін. Қайталап айтамын, олардың кейбіреулері, менің ойымша, жазушыға өзінің жадындағылары мен жазбаларын сеніп, кәсіпқой жазушылармен бірге өзінің басынан өткергендерін ой елегінен бірге өткізген кезде жазушыға, өзінің жадындағылары мен қойын дәптеріне жазғандарына сеніп, өте дұрыс жасайды. Ауыр өкінішке орай, кейбір авторлар мұндай майдангерлерге сәті түскен материал ретінде қарап, пікірлерін тақырыппен байланыстырады да, әрі кеткенде олардың әңгімелерін, жазбалары мен ойларын кездейсоқ айтылған сөз сияқты етіп түсіндіреді, әрі оны игеру кезінде соғыстың айқын тілінің бедерін жоғалтып, қаһарманның үнін тұншықтырады, сөйтіп мазмұн жағынан тұтас әрі құнды материалдың мән-маңызын кетіреді. Ал мұның өзі заңды түрде ашу-ызаға тиіп, ішкі творчестволық есеп пен соғыстың сұрапыл да қайғы- қасіретті жағдайының өзі ой мен образға итермелеген жауынгердің қатты өкпе-ренішін туғызады. Шел байланып көзіне, «Сөз зергері - мен!» - деді ол. Босқа елігіп «пайғамбарлық» сөзіне, Шын өмірдің терең сырын көрмеді ол. Ал мен болсам үңілмекпін өмірге, Көрсетпекпін шымырлаған шындығын. Майлы бояу қажет емес, көмірмен Бейнелеймін бұл өмірдің сыр-қырын. Жайып тастап кейіпкерін, Тыныс белгі не шатыраш тасындай, Дәлірек айтсақ, пешкідей, Кеуде соғып отыр ол, Шын өмірдің жан шырылын естімей. Ал мен болсам ақиқатты жасырмай, Геройымды сомдамақпын ортасынан халықтың, Перзенті деп білем оны тарихтың Өйткені мен өз қаныммен Сол тарихты түлеткенмін, Ол сияқты сюжетті саусағымнан сормаймын. Бояуы жоқ шындықты бейнелейтін суреткермін. (Аударған Ғ. Мұқанов) Менің есебім осындай, өйткені соғыстың мәңгілік тақырыбы қасиетті төгілген қан болып қала береді. 3 күн 21 январь 1944 жыл Сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.
Жалғасы бар