Б.МОМЫШҰЛЫ: Мен дәл осы Крюководан әрі шегінбеуге бел будым...
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне арналған тарихи маңызды айдарды әрі қарай жалғастырамыз. ҚазАқпарат Халықаралық агенттігі бұдан бұрын Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз. Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде қалдырған жазушының бұл еңбегі жастарды патриотизмге, ерлік-жігерге, адамгершілікке тәрбиелейтін өнегелі өмір мектебі болары анық.
***
Соколово деревнясынан Демьянское, Красная Горушка ауданындағы деревнялар аралығында болған ұрыстарға егжей-тегжейлі тоқталып жатпаймын. Бұл шайқастар Бектің повесінде әдемі көрсетілген. Басшылық етудің психологиясын ол «Соңғы парақ» деген тарауда сәтті бейнеледі. Осы «Соңғы парақта» мен әскерге басшылық ету кезіндегі психологиялық сәтті тереңірек айтып, ашып беруге тырыстым. Ленинград тас жолы өтетін ауданда саяжай орындары, жұмысшы поселкелері, демалыс үйлері өте көп салынып тасталған екен. Шамасы, соңғы жылдарда москвалықтардың тұрмыс жағдайлары жақсарып, шамасы келген жұрт өз қаражатына қала сыртынан саяжай тұрғыза бастаған. Міне, тап осы саяжайлар картадан анықтайтын бағыт-бағдарымызды әбден шатастырды. Саяжайлардың жазықсыз иелеріне әбден зығырданымыз қайнады, өйткені топографиялық карталарда бұл саяжайлар түсірілмеген екен. Соғысқа дейін бұл жерде соғыс болады деп жобаланбаған, ал ауданның картасының өзі тіпті сонау... 1929 жылы жасалынған, ал рекогносцировкасы революцияға дейінгі кезеңнің ол жақ-бұл жағында істелінген. Көрсетілген бағытты алу, бөлімдермен позицияға барып бекіну оңай шаруа емес, мұның өзі командирдің қабілет-қарымына, оның адаспай, шатаспай бағыт-бағдарды ұстай білу шеберлігіне, топографияны жақсы білуіне байланысты нәрсе. Ал мына алдымыздан кезіккен саяжайлар мен демалыс үйлерін біз елді мекендер деп ойлап әбден шатастық. Осы жерде Говорованың оңтүстік жағында Матушкиноның солтүстік-батысында жұмысшы поселкесі бар, бұл маңда менің полкым, біздің оң жағымызда 77-полк, ал сол жағымызды ала 7 5-полк бекінді. Дивизия штабынан Матушкино мен Алабушевоның үстімен кейін шегініп, әскери-топографиялық ұғым бойынша, деревнялардың батыс жағына, ал шын мәнінде станцияда - Крюково елді мекенінде қорғаныс шебін құруға жауынгерлік жарлық, бұйрық келді. Әйтеуір, бір шешім қабылдар алдында командир жергілікті жерді картадан мұқият түрде қарап, зерттеп біліп алуы қажет. Адьютантым сұңғақ бойлы, көк көзді, адал, әдепті, тәрбиелі, мәдениетті украин жігіті лейтенант Сулима болатын. Егер адъютант парасатты, жұмысқа қабілетті адам болса - жақсы көмекшім бар дей беріңіз. Адъютант командирдің қас-қабағынан түсіне білуге, оған жемісті жұмыс жасау үшін барлық жағдайды жасауға, өз командирінің уақыт режимін реттеп отыруға тиіс. Сулима іштегіңді айтпай қас-қабағыңнан танитын дәл осындай жеке дара адьютантым болды. Оған дейін де, одан кейін де нағыз адьютант дейтіндей адьютантым болған емес. Сулимаға азырақ тоқталып, оның ерекшелігін сипаттап өтейін. Командир бір мәселенің түйінін шешу үшін ойланып-толғанып жұмыс істеп отырған кезде, Сулима оның көңілін өзі де бөліп алаңдатпайтын, басқалардың да кедергі жасауына жол бермейтін. Ал бұл - кез келген адьютанттың қолынан келе бермейтін іс. Біздің көптеген жас жауынгерлеріміз өз міндеттерін осылайша түсіне алмайды. Ал адьютанттардың көбі өз міндеттерін малайдың ісіндей көріп түсінеді - бұл дұрыс емес. Оның үстіне Сулима жаудан тайсалмайтын өте өжет, батыл солдат болды. Повесть үшін айтқан әңгімемде мен оның портретін беруге күш салдым. Бек мұны кітапта сәтті бере алар деп ойлаймын. Крюково бағытын қарап зерттей бастағанымда, алдымда жаюлы жатқан картамның оң жақ бұрышы көзіме тұтас қап-қара қара дақтай шалына берді. Циркульмен арақашықтықты өлшеп едім, біздер Москвадан 30 шақырым-ақ жерде тұр екенбіз. Крюковоның маңын зерттеп, барлық бағыттарды көріп шығу қажет. Жергілікті жерді тек бір бағытта ғана зерттейтін командир қателеседі. Шабуыл жасайтын, шегінетін жолдарды жан-жақты ойластырып, терең қарастырып барып қана шешім қабылдаған жөн. Біздер амалсыз кейін шегініп барамыз. Көкейден Крюковода табан тіреп тұра аламыз ба, жоқ па деген сұрақ кетпейді. Егер бекініп, тіресіп тұра алмасақ, онда тағы да қай мекенге барып бекіне алмақпыз? Крюковода жаудың бетін қайтарып, бекіністі ұстап тұра алмасақ, онда аялдайтын жеріміз тек Москва ғана болмақ... Сіздердің бәріңіз де бұл кезде Москваның қандай жағдайда тұрғанын жақсы білесіздер. Астананы жау самолеттері үсті- үстіне бомбалады. Москвалықтар үшін масқара болған, дүкендерді тонап, бағалы нәрселердің бәрін алып, басы ауған жаққа қашқан бұл 16 октябрь жұрттың бәрінің де есінде болар. Маған бұл оқиғаның куәгері айтқан еді. Батальоныммен 27 ұрыс жүргізсем, ал полкыммен 13 шайқасқа кірдім. Соңғы ұрыстардан кейін қатарымыз мүлдем сиреп, полкым полк болудан қалды, бұл шайқастарда шыңдалған шағын ғана ержүрек адамдардың тобы дерлік болатын, саны батальоннан аспайды, бірақ полк болып аталады, оған талап та полк ретінде қойылды. Амал не! Крюковода шайқасып, шамасы Москваға бір ротадай жауынгермен жетерміз. Біз 150-180 шақырым жолды ұрыс жүргізе отырып басып өттік. Мақсат біреу - дұшпанды қалай болғанда да Москваға өткізбеу. Бұл еліміздің тағдыры ауыр сынға түскен уақыт еді. Мен картаға қайта шұқшиып, барлық бағыт-бағдарларды, елді мекендерді зерттеп отыр едім, осы кезде маған көп адамдар кіруге әрекеттенді, бірақ адьютантым оларды жібермеді. Крюковода шегінгеннен кейін біздер соғыса алатын Москва қаласының картасы көзіме қара дақтай-масқаралық дағындай көрінді. Москва көшелеріндегі жүргізілетін масқара ұрыстарға қатыспауға шешім қабылдап, мен өз картамның бәрінен Москва учаскесін қиып алдым да, бұл бөлікті адьютантыма беріп, «отқа жақ» деп бұйырдым. Москва учаскесі қиып алынған 31 ноябрь деп белгі қойылған картаны сіздер 19-гвардиялық полктің архивінен таба аласыздар. Карта командирге не үшін керек? Кейінгі ұрыс қимылдарын жүргізу үшін, жергілікті жерді зерттеп, бағдарлау үшін қажет. Мен дәл осы Крюководан әрі шегінбеуге бел будым, сондықтан да бұл картаның енді қажеті болмады, оның үстіне мына қара дақ жан дүниемді тітіркендіріп жіберді. Үн-түнсіз салт атқа отырып полкті артынан қуып жеттік. 31 ноябрь күні Крюковоға, оның батыс жақ шетіне барып бекіндік. Барлық бөлімшелердің командирлерін жинап алып, бірде-бір адал офицерге, командирге, солдатқа мен Крюководан әріге баруға рұқсат етпеймін деп шешімімді хабарладым. Сол күні аспан төсінде ұшып бара жатқан өзіміздің самолетті алғаш рет көрдім. Осы күні рекогносцировканы аяқтап, ауданды анықтап болғаннан кейін, Крюководан әрі шегінбеу жөнінде бұйрық бердім. Самолеттердің гүрілін есіттім. Қанаттарында қызыл жұлдыз жарқыраған біздің сұңқарлар ұшып барады, біз оларды бұрын еш уақытта көрген жоқ едік, еш уақытта әуе қырандары бізді әлі ұрыста қолдаған да емес еді, кенет олар төбемізден самғап ұшып бара жатты. Кеудені қуаныш кернейді. Сол сол-ақ екен... о сұмдық десеңізші! Біздің ұшқыштар өзімізді бомбалай бастады! Сірә, звеноның ақымақ командиріне немістердің маңдай тұсынан шығып, бөлімдерін бомбылап, біздің әскерлердің шепке бекінуіне мүмкіндік жасауға тапсырма берілген болуы керек. Ал ол болса, бізді немістер деп ойлап қалған...Бұл авиация командирінің топографиялық сауатсыздығынан менің батальонымды немістер екен деп ойлап, бомбылауға мәжбүр еткен. Мына көз алдымда болып жатқан жан төзгісіз сұмдықтан жынданып кете жаздадым. Бағымызға қарай, олар дәл бомбылай алмаған еді. Менің өзіміздің авиаторлармен алғашқы кездесуім осылай болды. Бізге жасалынған «сыйлық» мұнымен де бітпеді. Енді бізді артиллериямен атқылай бастады. Кейін анықталғанындай, онда «Катюша» артиллериясының дивизионы болған екен, оларды сол кезде осылай айтатын. Кейіннен дивизион командирімен кездескенімде, ол немістерді Крюковоға өткізбес үшін дұшпанның алдын атқылағанын айтты. Олармен арамызда байланыс болмаған-ды. Міне, қазір Жоғарғы бас қолбасшының барлық бұйрығының әскерлердің өзара бірлесіп, байланыс жасап қимыл жасауына бағытталуы да сондықтан. Бұл ерекше көрсетілген. Ол уақытта бізде байланыс болмады, соның салдарынан бір күннің ішінде осындай екі сұмдық оқиғаны бастан кешірдік. Бірақ тағы да бағымызға орай, соққы дәл берілмеді, дегенмен үрейімізді әбден алды, зәреміз зәр түбіне кетті. Содан кейін бір командалық пунктке кеттік. Командалық пункт Ново-Малиноның солтүстігіне таман жерде орналасқан. Оң жағымызда қанаттас 77-полк, Матушкино мен Алабушево деревняларына, сол жағымызға 75-полк бекініс шебін құрды. 1 декабрьде, таң атысымен, оң жағымыздағы көршілес полкте, Алабушево ауданында кескілескен қанды шайқас басталып кетті. Бұл өте күшті шайқас болды. Осы жердегі ұрыста дұшпан авиациясын қолданып, біздің әскерлерімізді бомбаның астына алды. Сол күні Крюковоның батыс жақ шетінде де шайқас басталды. Дұшпан алдына Крюково темір жол станциясын басып алып, орағытып өту маневрін қолданып, Алабушево арқылы Ржавки-Матушкиноға, яғни Ленинград тас жолына шығуды мақсат етті. Біз немістердің жолын бірінші күні бөгеп, ілгері жылжытпай тастадық. Екінші күні Крюково көшелерінде алты сағатқа созылған ауыр шайқастар жүргізілді, үшінші күні енді деревняның орталығында он екі сағатқа созылған үздіксіз кескілескен ұрыс жүргізілді. Төртінші күні деревняның шығыс жақ шетіндегі көшелерде он сегіз сағатқа созылған ауыр шайқас болды. Оң және сол қанаттағы көрші полктердің қалай шайқасқанына тоқталмаймын тек қана өз полкімнің ұрыс қимылдарын айтумен шектелемін. Бірінші батальонды Мұхаметқұл Исламқұлов, екінші батальонды капитан Вехов, үшінші батальонды капитан Жуков басқарды, штаб бастығы майор Демидович болды. Тоқтаған кезде барып мен Соколовода жүргізілген ұрыста, немістер біздің әскерлерімізді талқандаған кезде, өзіміздің полктың тыл бөлімдері бізді тастап кеткенін білдім. Оларға менің көмекшім Кравчук, доктор Илья Иванович Гречишкин және мал дәрігері Грязин бас болып ұрыс Москвада жүргізіледі деп шешіп, солай қарай тартып отырған. Адамдарды тамақтандыру, киіндіру керек, оқ-дәрі қажет, санитарлар, дәрігерлер керек, ал олардың арамызда бірде-біреуі жоқ. «Менің тылым, қайдасың?»- деп сұраймын. Штаб бастығының көмекшісі лейтенант Иван Данилович Курганский болатын. Мен оған қалай болған күнде де тылды іздеп тапқын деп бұйырдым. Жағдайдың қандай ауыр болғанын түсінемісіздер! Үздіксіз алты сағатқа, содан кейін он екі сағатқа, бұдан соң, он сегіз сағатқа созылған әбден титықтаған ауыр шайқастан соң, жаралы жауынгерлер қатты қансырап, ал біз дәрігердің көмегінсіз қалдық. Бізде жалғыз әскери фельдшер Киреев шал мен санитарка Вера ғана бар еді. Міне, осы санитарка мен фельдшер дәрігерлер мен санитарлардың міндетін атқарды, жаралыларға көмек жасады, жауынгерлерді ұрыс даласынан алып шықты, ол екеуі ұрыстың барлық ауыртпалығын өз иықтарымен көтере білді. Осы кезде көрші полктан әлдебір әйелдің келе жатқанын көріп қалдым.- Бізде фельдшер болып істейсіз бе?- дедім, ол: - Мен өнер адамымын,- дейді. - Бұл жерде сырласуға уақыт жоқ, фельдшер болып істейсің,- дедім. Сөйтіп біз оны алып қалдық. Ол қазір Москвада. Кейін тексеріп едім, ол шынында өнер адамы болып шықты. Бұл әйел дәрігерлік пунктте дәрігердің орнын алмастырды. Сіздер ұрыстың зардабын түсінемісіздер: біреудің қолы сынып, етіне ілініп қалған, екінші біреудің саусағын оқ жұлып кеткен, енді біреулер одан да ауыр жарақат алған, қолдануға ешбір дәрі-дәрмек жоқ. Не істеу керек? Қолда бары Вера, Киреев және көмекшілері. Осылар жаралы жауынгерлерді алып шығуда. Қалай ашуланғанымды, бізді осындай ауыр жағдайға қалдырған кінәлі адамдарға ызаланғанымды түсінерсіздер. Әсіресе, Илья Иванович Гречишкинге лағынет жаудырғанымды ұғынарсыздар. Жағдай тым ауыр, ұрыс толассыз жалғасуда. Мен немістер кете қойған жоқ па екен деп байқап көргім келді, осы кезде жүріп бара жатқан мені әлдекім ту сыртымнан ұстаған күйде жұлқа кері тартып қалды. Бұл Гапоненко болатын. - Бармаңыз, жолдас полк командирі! Болмайды! Сөйтсек, бір үйден кейін неміс аңдып тұр екен, кімде-кім көшені қиып өтпек болса, оның жемтігіне айналмақ. Гапоненко мені осылайша ажалдан алып қалды. Қалтамнан партсигарымды шығарып темекі тартып, жаңағыны еске түсіріп күліп алдық. Вера қолды-аяққа тұрмай бәйек болып, жаралыларға Киреевпен бірге көмектесіп жүр. Кешке жақын ұрыс толастады, біз бәрібір станцияны қолдан шығармай ұстап қалдық, ал деревняны немістер басып алды. Он сегіз сағат бойы тоқтаусыз жүргізілген соңғы шайқас. Мен диванға келіп отырдым, жаныма комиссарым жайғасқан күйі ұйықтап кетіппіз. Иван Данилович Курганский менің тыл да жұмыс істейтін қызметшілерімді Москваның ар жағынан тауып алыпты. Олар жақында тана қысқы киім-кешек алған екен. Ол оларды маған алып келді, міне, мені күтіп отыр. Бөлме жылы, олар үстеріндегі келте тоннан ыстықтап, терлеп-тепши бастапты. Дегенмен Иван Данилович мені оятты. - Жолдас командир! Көзімді ашып қарасам, келте тон киген адамдар. Петр Васильевич Логвиненконы әрі-бері жұлқылап оята алмадым. Ол күні бойы өрт сөндіргендей әбден жүгіріп қалжырады. - Қарай гөр! Ыстықтарың тасыған екен. Маңдайларың жіпсіп, үстеріңде келте тон, бастарыңда құлақшын! Сөйтсем, бұлар 16 офицер екен. Содан кейін докторға бұрылдым. Ол қайырымды жан болатын, бірақ дәл осы сәтте мен оны соншалықты жек көріп тұрдым. Қызбалыққа салынып: - Доктор, мен бір кезде: «Ол оны пациентін сүйген дәрігердей сүйді»,- деп жазған бір дарақы жазушының кітабын оқыған едім. Жас жігіттің махаббатын дәрігердің сүйіспеншілігімен салыстырып жазған бұл жазушы алжасқан болуы мүмкін немесе мына сіз - есерсоқ дәрігерсіз. Сіздердің қайсыларыңыздың алжасқандарыңызды білмеймін, егер сіз, Илья Иванович, өз кәсібіңізді сыйламайтын болсаңыз, онда жалпы несіне оқып, білім алдыңыз? Оған дауыс көтеріп, ұялтып тастадым.- Сендердің дәрігерлерің қайда, санитаркаларың қайда кеткен? Мұнда жарақаттанған адамдар қансырап жатыр, бірнеше ауыр ұрысқа төтеп бердік және қандай сұрапыл ұрыстар! Ал дәрігерлік көмек жасалынбады! Бұл қалай болғаны? - Иә, біздер, жолдас командир, сіздерді солай қарай кетті деп ойлап едік, ал жағдайымыз осылай болып шықты. - Демек, сіз санитарлық көмекті, жаралыларды көшірісуді ұйымдастыра, өз қарамағыңыздағы адамдарға тыңдатқыза алмасаңыз, онда олар үшін өзіңіз жұмыс істейсіз. Санитарлық сумкаңызды алып, жаралыларды ұрыс даласынан алып шығуға жөнеңіз. Сіз қазір әрі дәрігер, әрі санитарсыз да. Илья Иванович жаралыларды ұрыс даласынан өзі алып шығып жатыр, әзірше санитарларды ұйымдастыра қойған жоқ. Сірә, таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді дегендей, ұялған болуы керек, ол тайсақтамай тура оқ пен оттың ортасына кіріп кетті. Кейіннен оның ерлігін ескеріп, наградаға ұсындым. Ауыр жаралы жауынгерлер көп бұл полкте Илья Иванович өз мүмкіндігінің шегінен асыра қызмет көрсетті, ол тек дәрігер ретінде ғана жұмыс істемей, ұйымдастырушы ретінде еңбек етті, бізге үлкен көмек жасады. Қазір Гречишкин біздің дивизияның санитарлық қызметін басқарады, жұрттың бәрі сыйлайтын өте жақсы жауынгер дәрігер, ол ұрыста шынықты, үлкен тәжірибе жинады. Мен полк командирі көмекшісінің жеке жауапкершілігіне жүктелген барлығына - обозбен-затпен қамтамасыз ету, жауынгерлерді тамақтандыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, санитарлық қызмет бастықтарына тапсырма бердім. Бұл түнгі сағат бірдің кезі болатын. Таңғы сағат 6-ға дейін әрбір жауынгерге үш литрден арақ, бес килограмнан колбаса, 200 дана патроннан әзірлеп, киетін келте тон, пима дайын болсын деп бұйырдым. Ал, егер 6-ға дейін даяр болмаса, үй-ішіңе хат жазуға уақыт беремін, аяушылық болмайды дедім қатуланып. Олар жүріп кетті. Тура таңғы сағат 6-да айтқан нәрселердің бәрін дайын еткен. Мұны олардың қалай істегенін білмеймін, бірақ бұйрықты дәл орындапты. Мұндағы мақсатым адамдарымыздың өте аздығына қарамастан, бұларды сынап, тексеріп көргім келді, өйткені олар қауіптен қорқып қашты. Маған оларды енді қауіпке жұмсап сынау қажет болды. Содан кейін жауынгерлерді тамақтандыру, азық-түлікпен, обозбен-затпен қамтамасыз ету бөлімдерінің бастықтарына барлық қару-жарақты, оқ-дәріні алып, жауынгерлерге өз қолдарыңмен таратып беріңдер деп бұйырдым. Егер сендерден кейін бір жауынгер тамақ ішпей, қысқы киім алмай қалатын болса, сөйлеспеймін деп ескерттім. Олар алғы шептегі барлық жауынгерлерді әділ аралап шықты. Азық-түлік жеткізіп, киім- кешек үлестіріп берді, дегенмен мұның бәрін мәжбүр еткендіктен істеді. Ұрыста осындай қиындықтар да болып тұрды. Крюковода жан алысып, жан беріскен сұмдық сұрапыл шайқастарды егжей-тегжейлі әңгімелеп жатпай, бір эпизодты айтайын да, Москва түбіндегі майданға көшейін. Өйтпесек, Крюковода жүргізілген ұрыстарды бастан-аяқ баяндауға уақыт жетпейді. Бұл кезде полкымның қатары сиреп, жауынгерлерім өте аз қалған еді, осы адамдарды сергітіп, қалайда рухын көтеру қажет болды, мен жауынгерлерге психологиялық ықпал етуді айтып отырмын: командир бұлардың жанында екен, қауіп те аз. Бізде қанша адам қалғанын өз көзіммен көріп, тағы да тексеріп байқағым келді. Дивизияға генерал-майор Ревякин басшылық етті. Ол болса күш жағынан басым жаумен айқасып, быт-шыт болғандивизияны басқаруды жаңадан өз қолына алған еді. Мұның өзі менің полкым Крюковоға жақындаған сәтте болған өзгеріс еді. Комиссарым екеуміз алғы шепті аралап шығуға бет алдық. Мен бақылау пунктіне бұрылдым, байқаусызда омыртқамнан оқ тиіп, шепті аралап көре алмадым, госпитальға да барғым келмеді. Қорғанысты ұйымдастыруды қолға алған бастапқы кезде-ақ мен полк өзінің штабымен және полк командирінің басшылығымен бірге не осы шепте жауды жастанып өледі немесе өз позициясын ұстап тұрып қалады, Крюководан әрі қарай шегінерлік жол жоқ деп бұйрық бердім. Полк өте қауіпті, ауыр жағдайда тұрды. Күш аз, дұшпан барған сайын бүйір тұстан сығып, тықсырып келеді, мұндай кезде әскерді тұрған бекінісінен көшіру әділ болмаса керек, мұның өзі айтқан сөзінде тұрмау болып шығар еді. Жарақаттанған, көшіруге толық правосы болса да, бірақ өз полкін тастап кеткісі келмеген командирлер мен жауынгерлер аз емес еді. Ал менің адам ретінде, қарулас жолдас ретінде, командир ретінде жарақаттанғанымды себеп етіп, сылтауратып өз полкымды тастап, қауіптен құтылып кетуге қандай правом бар? Осындай ойдан кейін мен эвакуациядан бас тарттым, бірақ ант ұрған оқ шыдатар емес. Дәрігер Илья Ивановичті шақыртып алдым. - Құрметті Илья Иванович, қадалған оқты суырып тастаңыз! Ол маған: - Бұған хирургиялық операция қажет, ал бізде аспаптар мен зарарсыздандырушы дәрі- дәрмектер болмай тұр, мұндай жағдайда операция жасауға қақымыз жоқ,- деді. Мен оған жағдайымды айтып көндірмек болдым, ал ол болса қаныңа ауру жұқтырып аласың деп шошытып көнер емес. Көндірмек болған әрекетімнен ештеңе шықпаған соң, мен бұйыра бастадым, бұным да көмек бола алмады. Әйтеуір, әрең дегенде Илья Ивановичті көндірдім-ау, сөйтіп ол омыртқама қадалған оқты суырып алды. Алғашқы күні жарақаттың зардабынан қол-аяғымнан әл кетіп, жансызданып қалды, маған төсектен тұрмай, ешнәрсеге араласпай жатуға тура келді. Мен диванда жатырмын, жауынгерлердің бәрі жарақаттанғанымды, эвакуациядан бас тартқанымды білді. Осы жерде полк комиссары Логвиненконың еңбегін ерекше ескеріп атап өткен жөн. Осы ұрысты жеке өзі басқарды, бұл жердегі еңбек тұтас әрі толық түрде оның еңбегі болды, мұны атап өтуді әділдік талап етеді.
Шығарма Әдеби KZ порталынан алынды.
Жалғасы бар