Б. Нүсіпжанова: БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болып сайлану - ертеңгі тарих, келешек ұрпақтың жолына жасалған жетістік
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның өз егемендігін алып, тәуелсіз ел болғанына биыл ширек ғасыр толады. Осы 25 жыл ішінде Елбасы атамекенімізді алты құрлыққа танытып, экономикамызды дамытты. Шынын айтуымыз керек, Қазақстан әлемге ең алдымен бірлігі бекіген, ынтымағы жарасқан, халқы бейбітшілікті қалайтын, Президенттің сарабдал саясатының арқасында өркендеп келе жатқан жас мемлекет ретінде танылды. Бұл туралы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанованың «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған «Қауіпсіздік кеңесі - біздің тағы бір белесіміз» атты мақаласында айтылған.
«Бұл сөзімнің тағы бір дәлелі болсын, күні кеше ғана еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, абыройымызды және бір мәрте асыра түсті. Әлбетте, мұның өзі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанның өркендеуі жолында төккен тері мен сындарлы саясатының жемісі», деп жалғастырады автор.
«БАҚ өкілдері таратқан мәліметтерге сүйенсек, еліміз аталған мүшелікке қабылдануы үшін 138 дауыстың 129-ын алған. Тағы бір дерек көздері Қазақстан мұнда өзімен бәсекеге түскен Таиландты ығыстырып шығарғанын жеткізеді. Міне, осыған қарап-ақ еліміз сыртқы саясатының қаншалықты қуатқа ие екенін білуге болады.
Қазақстан халқы қазір шын ниетпен қуанып жатыр. Әлемде ең беделді ұйым саналатын БҰҰ бірінші кезекте бейбітшілікті жақтайды. Әрбір елдегі саяси тұрақтылықты, достастықты, татулықты бағалайды. Осы ретте Қазақстан - Жер шарында ядролық қарудан бас тартқан бірінші мемлекет. Биылғы жылдың басында Елбасы АҚШ-та өткен әлем лидерлерінің кеңесінде барша халықты бейбіт өмір сүруге шақырып, татулықты ту ету керектігін айтқан болатын. Президенттің манифисінде қамтылған ой, келелі пікір көптің көңілінен шықты. Сол сияқты Мемлекет басшысының көреген көшбасшылығы мен салиқалы саясатының нәтижесі Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына зор ықпал етті.
Бүгінде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұжымы Елбасының әрбір Жолдауы мен маңызды реформасын қолдап, жастарға кеңінен насихаттау жолында жұмыс жасап келеді. Өз кезегінде біз де кешегі тарихи оқиғаны шәкірттерге жан-жақты әңгімелеп, маңыздылығы жайында айтатын боламыз.
«Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Өскелең ұрпақ терең білім алып, саналы тәрбиемен сусындауы керек. Ол үшін мемлекет жастарға барлық жағдай жасап келеді», - деген Елбасының сөзін үнемі жадымызда ұстап, елдің дамуына сүбелі үлес қосып отырғанымызды сеніммен айта аламын.
Тарихты түгендеп, өткенге көз салсақ, Қазақстан түрлі саяси ұйымдарға мүше болып, Арқа төрінде келелі жиындар өткізіп, өзекті проблемаларды тарқатып отырады. Бір ғана мысал, елордада жыл сайын түрлі дін өкілдерінің қатысуымен діндер съезі өтіп тұрады. Мұның өзі Елбасымыздан бастап қазақстандықтардың дінге құрметпен қарайтынын аңғартады. Сөзімнің соңында Нұрсұлтан Назарбаев сынды дана Президенті бар біздің бақытты ел екенімізді айтқым келеді. Осы орайда Елбасының «қайтсем отанымды өркендетіп, қалай дамытамын» деп айтып жүрген сөзін жүрекпен түсінейік. Бірлігімізді бағалап, татулығымызды жоғалтпайық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлану ертеңгі тарих, келешек ұрпақтың жолына жасалған жетістік болып табылады».
***
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.
Айта кетерлігі, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мұны Президент Н. Назарбаев: «Қазақстан Орталық Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың діңгегі болуға, бейбітшілікті орнықтыруда және халықтар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуде сенімді әріптес болуға ұмтылады. БҰҰ Қауіпсіздігінің тұрақты емес мүшесі болуға талпынудың негізінде де дәл осы мақсат жатыр», - деп атап өткен еді. Осы уақыттан бері қазақстандық дипломатия алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жан-жақты әрі қызу жұмыстарға кірісті. Беделді Ұйымның құрылымына мүше болу үшін кемінде 193 мемлекеттің 129-ының сенімін алу керек болатын.
Ал мұндай мүшеліктен Қазақстан не ұтады дегенге келсек, бұл - ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырындағы тұңғыш шешімі - Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы, Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Елбасы Н. Назарбаевтың «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған Қазақстан ендігі кездері осынау көшбасшылық ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Яғни, Кеңеске мүшелікті Қазақстанның аймақтық қана емес, ғаламдық қауіпсіздікке қосқан үлесінің тиісінше бағалануы деп қараған жөн. Ал ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ. Тоқтала кететін жайт, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау өңірлік принциптер бойынша жүргізіледі. Мәселен, бұған дейінгі сайлауда өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия сол өңірлердегі бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданған болатын. БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер де бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия Кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған екен. Есесіне, Қауіпсіздік Кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет бар. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз мемлекеттерден Украина, Белоруссия мен Әзербайжан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болды. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылып отыр. Айта кетейік, Қазақстан Азия елдері тобынан бұған дейін сайланған Малайзияны алмастыратын болады.