13:09, 13 Қаңтар 2010 | GMT +5
Б.Обама соғысқа Конгрестен тағы 33 миллиард доллар сұрайды
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обаманың әкімшілігі Конгрестен 2011 жылы Ауғанстан мен Иракта әскери операциялар жүргізуге қосымша 33 миллиард доллар бөлуді сұрамақ ниетте,

деп хабарлайды РБК агенттігі.
Ақ үйдің әскери мұқтаждықтарына барлығы 708 миллиард доллар бөлу қажет деп жоспарлануда, АҚШ бюджетінің жобасы бойынша мәселе ақпанның 1-інен бастап талқыланады деп күтілуде.
Бұдан бұрын АҚШ басшылығының 2010 жылғы қыркүйекте Ауғанстанға 3 мың 100 жауынгер жөнелту туралы бұйрық бергені мәлім болды. Кабулға жөнелтілетін бұл жауынгерлердің 2 600-і - жауынгерлік жасақтар, ал 500 адам қосалқы бөлімдерде қызмет етеді.
Б. Обаманың жоспарына сәйкес, Ауғанстандағы НАТО контингентін күшейту үшін ол елге 30 мың американ жауынгерін жөнелту жоспарланып отыр. 2011 жылдың шілде айында АҚШ армиясы Ауғанстаннан өз әскерін әкете бастайды деп күтілуде.