Б.Рысқалиев қылмыстық тобына қатысты сот тыңдауы 24 желтоқсанға белгіленді

АТЫРАУ. 19 желтоқсан. ҚазАқпарат - Атырауда облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев басқарған қылмыстық топқа қатысты алдын ала тыңдау 24 желтоқсан күніне белгіленді. Қоғамда зор дүрбелең туындатқан бұл істі Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы қарайтын болады.

Б.Рысқалиев қылмыстық тобына қатысты сот тыңдауы 24 желтоқсанға белгіленді

Естеріңізге сала кетейік, Бергей Рысқалиев, оның ағасы Аманжан Рысқали, сондай-ақ, олардың тағы 9 сыбайласы халықаралық іздеуде. Көрсетілген тұлғаларға қатысты қылмыстық істің материалдары жеке өндіріске шығарылды.

Рысқалиевтің қылмыстық қауымдастығының мүшелері жасаған ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстардың нәтижесінде мемлекет пен азаматтарға жалпы сомасы 71 млрд. теңге залал келтірілген. Қаржы полициясы қабылдаған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 23,6 млрд. теңгенің мүлкі қайтарылды.

Келтірілген залалды әрі қарай өтеу мақсатында тергеу барысында жалпы құны 42 млрд. теңгені құрайтын айыпталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкінің 580-нен астам түріне тыйым салынды. Оның ішінде 5 аяқталмаған құрылыс нысаны, 73 жер учаскесі, 2 әкімшілік ғимарат, 13 тұрғын үй, 12 кеңсе, 23 пәтер және т.б.; 197 көлік құралы, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы 31 қатысу үлесі, түрлі жабдықтардың 145 бірлігі, 19 банк шоттары бар.

Бұдан басқа, Швейцария конфедерациясының Федералды прокуратурасы Швейцариядағы банктердегі Бергей Рысқалиевтің туысқандары мен онымен сыбайлас тұлғалардың шоттарындағы көлемді ақша қаражаттарына тыйым салған.

2013 жылғы 11 маусымда Швейцарияға осы мемлекеттің аумағында тергеу амалдарын жүргізу жөнінде халықаралық тапсырма жолданды.

Сондай-ақ Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ол лаңкестік әрекеттерге қарсы болмады, қайта оны құптап, қолдап отырған деп күдіктелуде. Тергеу нұсқасы бойынша, аймақтың бұрынғы жетекшісі исламдағы дәстүрлі емес ағым өкілдеріне мешіт салуға заңсыз түрде жер учаскесін бөліп берген. Өңірде лаңкестік әрекет жасады деп қамауға алынғандардың көбісі осы мешітке барған. Қазір белгілі болғандай, онда лаңкестік насихатталып, лаңкестік әрекеттерді қаржыландыру үшін ақша жиналған.