Б.Сағынтаев ауа атмосферасының сапасына мониторинг жүргізетін экологиялық бекеттер санын арттыруды тапсырды
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауа атмосферасы сапасына мониторинг жүргізуді күшейту үшін экологиялық бекеттер санын арттыру қажет.
Бүгін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев осылай деді.
«Ауа сапасына экологиялық мониторинг жүргізетін небәрі 104 бекет бар. Менің ойымша, бүкіл Қазақстанға емес, тек Қарағанды облысына ғана кемінде 100 бекет керек», - деді ол.
Бұл орайда Б.Сағынтаев атмосфераға мониторинг жүргізетін жылжымалы автоматтандырылған стансаларды не болмаса жылжымалы зертханаларды пайдалану да тиімді болатындығын баса айтты.
«Осында бұл іспен белсенді айналысатын үкіметтік емес ұйымдар да отыр. Оларды ауа сапасын тексеретін бекеттер арқылы өз жұмыстарыңызға пайдалану қажет. Халық одан кейін өздері-ақ бақылайтын болады және сіздер бүгінде қалаларымыздағы топырақтың, ауаның ластану жағдайы туралы мол ақпарат ала аласыздар», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.