Б. Сағынтаев Қостанай облысының бірқатар кәсіпорындарын аралап шықты

Бұл туралы ҚР Өңірлік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Күннің алғашқы жартысында Рудный қаласында бірінші вице-премьер «Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігі» АҚ-ның Сарыбай карьерінің қызметімен танысып, темір рудасы шикізатын дайындау бойынша Қазақстандағы осы ірі кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Рудный қаласында Бақытжан Сағынтаев өнімділігі жылына 500 мың тоннаны құрайтын цемент зауытының құрылысы жүріп жатқан «Рудный цемент зауыты» ЖШС қарап шықты.
Одан басқа Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында үгіту-байыту фабрикасының ҮБФ-2 құрылысы барысымен танысты. Мұнда бірінші вице-премьер Қазақстан Республикасында моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген Рудный қаласын дамытудың кешенді бағдарламасының орындалу барысы туралы ақпаратты тыңдады.
Одан кейін Бақытжан Сағынтаев Рудный қаласында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бағыттарының бірі шеңберінде қайта жаңартылған көп пәтерлі тұрғын үйді қарап шықты.
Күннің екінші жартысында Қостанай қаласында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары шыны пакеттер мен шыныдан жасалған бұйымдар жасаумен айналысатын «Стеклоцентр-2008» ЖШС қызметімен танысты. 2011 жылы компания жабдықтарды жаңғыртты, бұл үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде бір банктен 57 млн. теңге көлемінде қарыз қаражаты тартылды. Несие бойынша пайыздық мөлшер 8 пайызды құрады, оның ішінде 1 пайызды кәсіпкер өзі төлейді, ал 7 пайызын мемлекет өтейді.
Одан кейін Бақытжан Сағынтаев «АгромашХолдинг» АҚ-ның өндірістік цехтарын және «СарыарқаАвтоПром» ЖШС қарап шықты, онда ауыл шаруашылығы техникасын және Ssang Yong, Chance, IVECO, UAZ маркалы жеңіл автокөліктерін құрастыру өндірісімен танысты.
Одан әрі бірінші вице-премьер «ЕвразКаспианСталь» ЖШС қызметімен танысты, онда қуаты жылына 450 мың тонна ұсақ сұрыпты болат илектеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аталған зауыттың іске қосылуы ішкі нарықты және Қазақстан Республикасының құрылыс индустриясы кәсіпорындарын сапалы болат прокатымен, А3, А500 сыныпты арматурамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қостанайда Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар салынып жатқан «Қостанай-МБИ» ЖШС үй құрылысы комбинатын қарап шықты. Жобаны іске қосу неғұрлым қысқа мерзімде тұрғын үйлер мен тұрғын емес ғимараттарды салуға, сонымен қатар құрылыстың құнын біршама арзандатуға және «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы шеңберінде облысты тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауытты келесі жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Облыс орталығында Бақытжан Сағынтаев «Қостанайлық мелькомбинат» АҚ базасында ұн және макарон өнімдерін шығаратын заманауи технологиялармен танысты.
Одан басқа бірінші вице-премьер «Заречное» тәжірибе шаруашылығының егістіктерін қарап шығып, онда топырақты өңдеудің нөлдік технологиясын енгізу жұмыстарымен танысты. Мұнда Бақытжан Сағынтаев «Агробизнес - 2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қостанай облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, өңірдегі егіс науқанының барысы туралы есепті тыңдады.