Б. Сапарбаев Астанадағы Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері туралы айтып берді

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - 21-22 желтоқсан күндері елордада Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері өтуде. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті.

Б. Сапарбаев Астанадағы Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері туралы айтып берді

«2013 жыл Астанада Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерімен басталған болатын. Енді міне, бұл жылдың соңы да облысымыздың мәдени күндерімен тәмамдалуда» - деді ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев елордадағы жәрмеңкенің ашылу салтанатында.
«Кеше біз Астана қаласында оқып жатқан жерлестерімізбен кездестік. Ондағы мақсат - ертең жоғары оқу орындарын бітіргеннен жас мамандарға өздерінің туған жерлеріне барып, жұмыс істеу керектігін ұғындыру. Себебі барлығы елордада қала беруі мүмкін емес. Біріншіден, оларға тиісті жағдайлар жасалынбайды, барлығын бірдей жұмыспен қамту да қиын. Сондықтан кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастармен бас қостық», - дейді Б.Сапарбаев.
Оның айтуынша, Астанадағы жоғары оқу орындарында көптеген шығысқазақстандықтар білім алуда. Мысалы, «Назарбаев Университетінде» оқитын Шығыс Қазақстан орта мектептері түлектерінің саны еліміздің басқа өңірлерінен оқитындардан көп. Кездесу аясында бос жұмыс орындардың жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
«Содан кейін кешке қарай Шығыс Қазақстан облысы өнерпаздарының концертіне қатыстық. Мұндағы басты мақсатымыз - шығыс өнерінің дәстүрін көрсету, талантты жастарымызды таныту, астаналықтардың көңілін көтеру», - деп түйді сөзін облыс басшысы.
Айта кетейік, Астана сахнасында облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендер мен ауылдық мәдениет үйлерінің әртістері өнер көрсетті. Шараның тағы бір ерекшелігі - қазақтың күйі мен жырын Шығыс Қазақстан облысында тұратын өзге ұлт өкілдері орындады.