Б.Сапарбаев меморгандарға БҚО-да азық-түлік бағасын ұстап тұру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлерге сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Батыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды primeminister.kz.
None
None

Оралда вице-премьер жергілікті атқарушы органдар басшыларының, қоғам және кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Отырыс барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде азық-түлік тауарларына баға белгілеу, жұмыс орындарын сақтау және жалақыны уақтылы төлеуге қатысты мәселелер қаралды. Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдағандығын атап өтті.

Б.Сапарбаев мемлекеттік органдарға азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті тауарлар бағаларын одан әрі мониторингілеу және оларды ұстап тұру бойынша шаралар кешенін қабылдау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында вице-премьер Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге арналған салтанаттарға қатысты. Ол «Тарих қойнауынан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда құттықтау сөз сөйледі.

«Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту - бұл бірліктің, ынтымақтастықтың және тарихи сабақтастықтың үлгісі, бұл бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық қазақстандықтарға арналған бірыңғай мереке», - деді Б.Сапарбаев конференция қатысушыларының алдында сөйлеген сөзінде.

Ол Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары «әр қазақстандықты ұлы істерге ынталандырып, шабыт беретінін» айтып өтті.

«Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру еліміздің таяу 10-15 жылға болашағын анықтайды. Ұлт тарихында теңдесі жоқ орасан зор жоспарлар іске асырылады», - деп толықтырды вице-премьер. Ол сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Нұрлы Жол» жаңа эконмикалық саясаты «бұл Қазақ мемлекетінің тәуелсіздік туының астында Мәңгілік Елге алып келетін жаңа дәуірге ұзақ жолы» екенін баса айтты.

Конференция жұмысына Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғылыми орталықтарының ғалымдары қатысты.

Б.Сапарбаев Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің экспозициясымен танысып, «Алтын дала шежіресі» атты театрланған қойылымды тамашалады, оның басты идеясы өткен мен қазіргі заманның арасындағы тығыз тарихи байланысты көрсету болды.

Жұмыс сапары шеңберінде вице-премьер облыс әкімімен, мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге Бөрілі ауданы Березовка ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді.

Кездесу барысында ол Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумының басшыларымен бірлесе отырып, 469 үйде тұратын 2138 адамды көшіру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Қаржыландыру мәселелері мемлекет және ҚПО есебінен шешілетін болады», - деп атап өтті вице-премьер.

Сонымен бірге, Ақсай қаласында Б.Сапарбаев аталған ауыл тұрғындарына арналған үйлер құрылысының барысын тексеріп, сондай-ақ бірқатар дүкендерді АЖҚС және айырбастау пункттерін аралап, азық-түлік тауарлары, ЖЖМ бағаларымен және валюта айырбастау бағамымен танысты.

Соңғы жаңалықтар