Б. Тілеухан «Нұр-Отан» ХДП парламенттік фракциясының отырысында мемлекеттік тілдің қағажу көргендігіне қынжылыс білдірді

Депутат "мемлекеттік тілдің мәселесін қаржымен емес, құрмет көрсету арқылы шешу қажеттігін" айтты.
«Осыдан маңызды жиналыс жоқ. Мемлекеттің беті болған «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясының отырысы болып жатыр. Қазақта «қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген сөз бар. Бидайдың бағасы бүгін арзан, ертең қымбат болар. Бензин бүгін бар, ертең жоқ, дегенмен түбі болады. Бірақ елдің намысы болған, рухы, ұлттық айнасы болған - тіл бар. Қазақтың тілі осы мемлекеттің Конституциясында жазылған - мемлекеттік тілі. Сол мемлекеттің тілдің үлесі ең құрығанда осы жерде 5 пайызға жететін дәрежеде қолданылмауы масқара емес пе?», - деп қынжылды Б. Тілеухан.
«Үкіметтің министрлері баяғыда елдің көңілі үшін «Сәлеметсіз бе!» деп басында қазақша сөйлеп, кетерде «Сау болыңыздар!» деп бізді алдай салушы еді. Қазір бұл алдауға да зар болып қалдық», - деді депутат.
«Тілге миллиард емес, триллион, квадриллион, секстиллион бөлсеңіз де егер тілге деген қарым-қатынастарыңыз, қазақтың тіліне деген құрметтеріңіз мынадай болатын болса, бұл ақшамен шешілетін ахуал емес. Осыны құлақтарыңызға ілгім келген. Шамаларыңыз келгенше, мемлекеттік тілде сөйлеңіздер», - деді депутат фракция отырысына қатысқан Үкімет мүшелері мен сөзін орысша саптаған депутаттарға қаратып айтқан сөзінде.
«Менікі бұл ұсыныс. Қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа дамитын жері жоқ. Орыс тілі Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі. Біз Кедендік одаққа кіргенімізбен, оның қол астына өткен жоқпыз. Соны біліңіздер», - деп түйіндеді сөзін Б. Тілеухан.