БАӘ-де ChatGPT-тің үйлену тойларына ықпалы артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Технологиялар цифрлық коммуникацияның барлық саласына еніп жатқандықтан, олардың үйлену саласында қолданылуы заңды құбылыс. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, жас жұбайлардың басым бөлігі — 90%-ы жасанды интеллектіні (ЖИ) бюджетті басқару, шабыт іздеу және жоспар құру үшін пайдалануға дайын екендерін айтқан.

АЗЕРТАДЖ агенттігі шетелдік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлауынша, үйлену тойына арналған электрондық коммерция веб-сайты 6000-ға жуық жұп арасында сауалнама жүргізген. Респонденттердің шамамен төрттен үші (74%) үйлену тойында айтылатын тілектерді жазу үшін жасанды интеллектіні қуана қолданатындарын айтқан.
Бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінде жұрт ChatGPT сияқты генеративті ЖИ құралдарына тапсырмаларды жүктеу мәселесіне сақтықпен қарайды. Салалық сарапшылар мен ерлі-зайыптылар мұндай технологияларды көбінесе тойды жоспарлаудың бастапқы кезеңінде ғана қолданатынын мойындайды.
— ЖИ той ұйымдастыру саласына екі негізгі жолмен еніп келеді. Біріншісі — тойға шақыру билеттері арқылы: арнайы қосымшалар олардың дизайнын жасап, цифрлық түрде таратуға көмектеседі. Екіншісі — тойды жоспарлау процесінде: мұнда ЖИ құралдары декор мен дизайн тұжырымдамаларының 3D-рендерін жасау үшін қолданылады, бұл клиенттерге нақты көрнекі бейне береді, — дейді Дубайдағы Vivaah Celebrations той агенттігінің директоры Рахул Кумар.
Оның айтуынша, ChatGPT өз орнын тапқанымен, БАӘ жұптары әлі де Instagram инфлюенсерлерінің ықпалында көрінеді.
— ChatGPT сияқты құралдар шектеулі бюджетпен той өткізгісі келетіндер үшін пайдалы болуы мүмкін. Алайда ауқымды мерекелерге келгенде, жұптар шабыт пен атмосфераны әлеуметтік желіден іздейді, ЖИ-ге арқа сүйемейді, — дейді ол.
ЖИ көмегімен жасалған визуалды эффектілер Google Images парақшаларын ұзақ ақтарудың қажеттілігін жояды, яғни ойды бейнелеу оңайырақ болады.
Алайда жасанды интеллектінің мүмкіндіктері шектеулі. Ол шабыттандыруы мүмкін, бірақ кеңістіктегі нақты динамиканы түсіне алмайды, дейді Дубайдағы The Big Night іс-шара агенттігінің негізін қалаушы Гаури Чадха.
— Кейбір қалыңдықтар бізге ЖИ көмегімен жасалған видео мен декор суреттерін жібереді, бірақ оларды шынайы өмірде жүзеге асыру әрдайым мүмкін бола бермейді. Дегенмен, мен ЖИ-дің идея табу үшін қолданылуын қолдаймын — бұл тәжірибені байыта түседі. Нағыз ерекшелік — жеке көзқараста, көшірмеде емес, — дейді ол.
Осыдан бұрын АҚШ-тағы жасөспірімнің қазасынан кейін ChatGPT-де ата-ана бақылауы енгізілгені анықталды.