БАӘ-де толассыз жауған жаңбыр рекордтық мөлшерге жетті

АБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат – Біріккен Араб Әмірліктерінде соңғы екі күнде толассыз жауған жаңбыр нәтижесінде 27 жылдағы жауын-шашынның ең көп мөлшері түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Khaleej Times.

БАӘ-де толассыз жауған жаңбыр рекордтық мөлшерге жетті

Ұлттық метеорология орталығының мәліметінше, нөсер мен жаңбыр ел тарихындағы ең үлкен су тасқынына әкелді. Бейсенбіде Фуджейра порт станциясында 255,2 мм жауын-шашын тіркелген, бұл шілде айында БАӘ үшін ең жоғары көрсеткіш.

Жауын-шашынның мөлшері бойынша екінші көрсеткіш - 209,7 мм БАӘ-нің солтүстік-шығысындағы Рас-Аль-Хайма әмірлігінде орналасқан Масафи қаласында тіркелді.

Үшіншісі - Фуджейра әуежайында жауын-шашын мөлшері 187,9 мм-ге жетті. Фуджейра полициясы су тасқыны салдарынан зардап шеккендер туралы ешқандай хабарлама түспегенін, тек ғимараттар мен көліктерге зиян келгенін хабарлады.

БАӘ вице-президенті шейх Мұхаммед бин Рашид Дубайдағы құтқару топтарына Фуджейра Әмірлігінде, сондай-ақ қатты жаңбырдан зардап шеккен елдің шығыс аймақтарында құтқару жұмыстарына көмек көрсетуді тапсырды.

Ел Үкіметі бейсенбі мен жұмада қашықтан жұмыс істеуге көшу туралы жарлық шығарды.





Фото: www.khaleejtimes.com