Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БАӘ Иранды Ормуз бұғазындағы екі мұнай танкеріне шабуыл жасады деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Араб Әмірліктері Иранды Ормуз бұғазында екі мұнай танкеріне зымыранмен соққы жасады деп айыптады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

БАӘ Иранды Ормуз бұғазындағы екі мұнай танкеріне шабуыл жасады деп айыптады
Фото: Fars News

БАӘ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, эмираттық Mombasa және Al Bahyah мұнай танкерлері Ормуз бұғазының оңтүстік кеме қатынасы бағытымен Оманның аумақтық сулары арқылы өтіп бара жатқан кезде Иранның екі қанатты зымыранымен атқыланған.

Шабуыл салдарынан Үндістанның бір азаматы қаза тауып, экипаждың тағы сегіз мүшесі жарақат алған. Оның төртеуінің жағдайы ауыр.

Ведомствоның хабарлауынша, соққыдан кейін екі танкерде де өрт шыққан. Алайда өрт сөндірілгенімен, кемелерге елеулі материалдық залал келтірілген.

БАӘ Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны халықаралық құқықты өрескел бұзу және өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына төнген қатер деп бағалап, ел ұлттық мүддесін қорғау үшін жауап қайтаруға және қажетті шаралар қабылдауға құқылы екенін мәлімдеді.

Кейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Ормуз бұғазында «ережені бұзған» екі супертанкерге соққы жасалғанын хабарлады.

КСИР мәлімдемесінде аталған кемелер бірнеше мәрте жасалған ескертулерді елемегені, навигациялық жүйелерін өшіргені және миналанған бағытпен жүруге әрекеттенгені айтылған. Алайда ведомство кемелердің атауын нақтыламады және олардың БАӘ мәлімдеген танкерлер екеніне түсініктеме берген жоқ.

Ұлыбританияның Теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) да Ормуз бұғазы маңындағы танкерлерге жасалған шабуыл туралы екі ескерту жариялады.

Хабарламада танкерлердің Оманның Лимах қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 13 теңіз милі қашықтықта, оңтүстік бағытпен қозғалып келе жатқанда зымыран соққысына ұшырағаны айтылған. Ведомство тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеп, осы аймақтағы барлық кемелерді барынша сақ болуға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға теңіз блокадасы жарияланғанын мәлімдеп, барлық кемелерден бұғаз арқылы өткені үшін 20 пайыздық алым төлеуді талап еткен болатын.

Сондай-ақ ол АҚШ-тың Иранмен қайтадан соғыс жағдайында екенін Конгреске ресми түрде хабарлаған.

Айта кетелік Трамп өзіне Иран қастандық жасаса, тұтас елді жойып жіберетінін мәлімдеген еді