БАӘ Қазақстанға 4,3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салды

АБУ-ДАБИ. KAZINFORM - «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігімен және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп Абу-Дабиде AIFC Connect: Abu Dhabi 2025 бизнес-іс-шарасын өткізді. Іс-шараның мақсаты екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын нығайту, Қазақстанның перспективалы жобаларын таныстыру, сондай-ақ шетелдік компаниялар үшін Қазақстанның қаржы нарығы мен АХҚО қаржы экожүйесінің мүмкіндіктерін ашу болды. 

АХҚО
Фото: АХҚО

Бүгінде БАӘ Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. БАӘ-ден Қазақстанға салынған инвестициялардың жиынтық көлемі 4,3 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазақстанда БАӘ-ден 462 компания жұмыс істейді. Серіктестік динамикасын Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports Group, Abu Dhabi Commercial Bank және т.б. компаниялармен бірнеше маңызды жобалар растайды.

Іс-шара GWM Capital Ltd және ITS компанияларымен серіктестікте іске асырылды және MENA елдерінің аймағындағы инвестициялар мен қаржы бойынша маңызды оқиғалардың бірі Abu Dhabi Finance Week аясында өтті. AIFC Connect қонақтарының арасында инвестициялық банктердің, қаржылық, технологиялық және консалтингтік компаниялардың, қор биржаларының, реттеушілердің, активтерді басқарушылардың және басқа ұйымдардың 150-ге жуық өкілі болды.

Талқылаулар Қазақстанның перспективалық инвестициялық бағыттары мен инфрақұрылымдық жобаларына, АХҚО-ның Орталық Азия мен Парсы шығанағы аймағының капитал нарығымен интеграциядағы мүмкіндіктеріне, сондай-ақ финтех, инновациялар және цифрлық активтер саласындағы негізгі трендтерге бағытталды.

БАӘ-нің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Саид Әл-Арики мырза іс-шараға келіп, оның қадірлі қонағы болды. Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабек Қазақстан мен БАӘ ынтымақтастығы туралы айтты.

Қазақстан мен БАӘ аймақтарды, нарықтар мен мәдениеттерді байланыстыратын көпір-елдер, олар бизнес пен инвесторлар үшін бірегей мүмкіндіктер жасап жатыр. Ағымдағы жылы БАӘ-ден Қазақстанға инвестициялар көлемі $1 млрд асып, ғаламат өсім көрсетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 4 есе артық. Мұндай оң үрдіс – бұл жай ғана сандар емес, бұл Әмірліктегі әріптестердің Қазақстанға деген жоғары сенімінің айғағы және біздің инвестициялық ахуалымыз ірі капитал үшін барған сайын тартымды болып келе жатқанының белгісі, – деп атап өтті.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров АХҚО-ның Қазақстандағы шетелдік компаниялар үшін мүмкіндіктерді кеңейтудегі рөлін атап өтті.

Біз Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен стратегиялық әріптестігін жоғары бағалаймыз. Әмірліктер соңғы жылдары энергетика, логистика, қаржы, технология және т.б. салаларда белсенді дамып келеді. Осы мәселеде АХҚО халықаралық келісімдерді құрылымдауға, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, AIX-тің Tabadul хабына қосылуынан бастап, Қазақстандағы дирхамдармен облигациялардың алғашқы орналастырылғанына дейін – қаржы нарықтарын интеграциялауға арналған сенімді платформа ретінде қызмет етеді. Бүгінде біздің юрисдикциямызда БАӘ-ден 49 компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сауда, көлік, өнеркәсіп және басқа да салалардағы жобаларды іске асырып жатыр. Біздің экономикалық ынтымақтастығымыз одан әрі кеңейіп, екі елдің бизнесі мен тұрақты дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынына сенімдімін, – деді ол.

АХҚО
Фото: АХҚО

Іс-шараның іскерлік бағдарламасын IFC экономисті Хиба Хайдер Заиди ашты. Ол Қазақстанның экономикалық перспективаларының шолуын ұсынды. Бірінші панельдік сессия егеменді және институционалдық қорларды энергетика, көлік, авиация, логистика, су ресурстары, өндіруші өнеркәсіп және т.б. сияқты Қазақстанның басым инфрақұрылымдық секторлары мен жобаларына инвестициялау мәселелері бөлігінде екі елдің стратегиялық диалогына айналды. Телекорреспондент, коммуникациялар жөніндегі маман және Thirty Three Communication негізін қалаушы Райан Чилкотенің модераторлығымен өткен сессияға АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, «Бәйтерек» ҰИХ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, Masdar компаниясының бизнес және инвестицияларды дамыту бөлімінің (ТМД) басшысы Марьям Рашид Аль Мазруи, «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Құсайынов, Siguler Guff басқарушы серіктесі және инвестициялар жөніндегі директоры Дрю Гафф қатысты.

Панельдік сессия барысында спикерлер Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі «құрлық көпірі», сондай-ақ аймақтың егеменді және институционалдық инвесторлары үшін сенімді ұзақ мерзімді әріптес ретіндегі рөлін атап өтті. АХҚО-ның реттеуші базасы мен құқықтық режимінің арқасында инвесторларға капиталдың қорғалатына сенімділік, сондай-ақ ірі мемлекетаралық жобаларды іске қосуға арналған инфрақұрылым ұсынылатыны атап өтілді. Спикерлер Қазақстанда іске асырылып жатқан жекешелендіру бағдарламасы жаһандық капитал үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті. Мәселен, Masdar, Presight сияқты серіктестердің қатысуы халықаралық картада қазақстандық жобаларға деген сұранысты көрсетеді.

АХҚО-да Abu Dhabi Ports Group-пен бірлесіп тіркелген «ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясы Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнының мысалында бірлесіп инвестициялау моделінің тиімділігі көрсетілген. Бұдан басқа, осы жылдың қараша айында Қазақстан экономикасының нақты секторын қолдауды күшейту және инвестициялар тарту үшін «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі инвестициялық холдингке айналды. Қосымша функцияларға инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау кіреді. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстандағы инвесторларды қолдаудың жаңа құралдарын, холдинг іске асыратын негізгі инвестициялық жобаларды талқылады.

Сонымен қатар одан арғы прогресс төмен көміртекті шешімдерге (экологиялық көлік, авиация) жүйелі инвестицияларды, сондай-ақ логистикалық дәліздерді жаңғыртуды талап ететіні аталды. Спикерлердің пікірінше, мұндай ауысу елдің жаңа инфрақұрылымдық және климаттық бағытын іске асыруда негізгі серіктес бола алатын жеке сектордың, егеменді қорлардың және институционалдық инвесторлардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Сессияда сондай-ақ Қазақстанда БАӘ компаниялары іске асырған табысты инвестициялық жобалар қатысушылар назарына ұсынылды.

Бұдан әрі диалогты Solana Foundation компаниясының non‑CMO Акшай БД жалғастырып, финтех-инновациялар мен цифрлық активтердің даму барысы туралы айтты. Forma компаниясының негізін қалаушы және бизнесті дамыту жөніндегі директоры Бабак Ахмадзаданың модераторлығымен сала сарапшылары Лия Ақжанова, AFSA заң офисінің басқарушы директоры, АХҚО және ХТО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт, Binance жаһандық саясатының басшысы Стивен МакУиртер, Taurus компаниясының тең құрылтайшысы және басқарушы серіктесі Ламин Брахими реттеуші «құм жәшіктерді» өзара тануды, токенизацияланған бағалы қағаздарды, кастодиандық қызметтер, цифрлық активтер стандарттары саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Мәселен, осы жылы АХҚО цифрлық активтерді реттеу саласында IOSCO халықаралық стандарттарын енгізу бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына енді. IOSCO мүшелері, 130-дан астам юрисдикцияның ішінен шолуға қатысу үшін 20 ел таңдалды. АХҚО IOSCO-ның барлық он басым ұсынымын толық енгізе отырып, қатысушылар арасында прогрестің ең жоғары деңгейін көрсетті.

Инновацияларды қолдайтын AFSA-ның теңгерімді тәсілі АХҚО-ның инновациялар мен инвесторларды қорғаудың қуатты жүйесі өзара сәтті үйлескен юрисдикция ретінде халықаралық деңгейде танылуына себеп болды, – деп атап өтті AFSA заң офисінің басқарушы директоры Лия Ақжанова.

Binance жаһандық саясатының жетекшісі Стивен МакУиртердің айтуынша, Қазақстан мен БАӘ ашық реттеу мен қуатты институттардың қауіпсіз және жаһандық интеграцияланған цифрлық қаржы экожүйелерін қалай құра алатынын көрсетуді жалғастырып жатыр. Осыған байланысты AIFC Connect нарықтар арасындағы диалогты ілгерілетуге арналған алаң болып саналады.

ITS компаниясының бас атқарушы директоры Шыңғыс Қанапьяновтың модераторлығымен өткен сессияға AIX биржасының операциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Оливье Гэрис, BHM Capital компаниясының бас атқарушы директоры Абдель Хади әл Саади, Freedom Finance Global инвестициялық аналитигі Данияр Оразбаев, «Самұрық-Қазына» инвестициялар және бизнесті дамыту департаментінің басшысы Өмірсерік Әбен сияқты капитал нарығының өкілдері жиналды. Сарапшылар өңірлік капитал нарықтарын дамытудың негізгі бағыттарын, соның ішінде кросс-листинг тетіктерін, ETF инвестициялық қорларын құруды, қорлардың домицилденудін және инвесторлардың MENA өңірі мен Орталық Азия нарықтарына қолжетімділігін кеңейтуді талқылады. АХҚО инфрақұрылымы арқылы капиталдың халықаралық қозғалысы үшін мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.

– Абу-Даби нарықтары мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған қарқынмен жылдам дамып келеді. ITS-те біз осы өзара іс-қимылдың сапасы мен ауқымы АХҚО экожүйесінің барлық қатысушысы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына және араб пен қазақстандық бизнес-қоғамдастыққа елеулі пайда әкелетініне сенімдіміз, – деп атап өтті ITS бас атқарушы директоры Шыңғыс Қанапьянов.

ITS-те біз БАӘ нарығының компанияларына АХҚО халықаралық стандарттар бойынша жүргізіп жатқан жұмысты ұсыну мүмкіндігін жоғары бағалаймыз және жаңа қатысушыларды инвестициялауға және Қазақстанмен ынтымақтасуға шақырамыз, – деп ойын толықтырды спикер.

– AIFC Connect трансшекаралық капитал нарығындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқан маңыздылығын көрсетеді. Tabadul платформасы арқылы AIX-пен қарым-қатынасымыз өңірлік және халықаралық нарықтар арасында кедергісіз қолжетімділік орнатуға деген ортақ ұмтылысты білдіреді. Инвесторлармен үйлесімді жұмыс, реттеушілік талаптарды терең үйлестіру және Қазақстан мүмкіндіктерінің танымалдылығын арттыру арқылы бұл нарықтың әлеуеті лайықты деңгейде бағаланып, екі тарап инвесторлары үшін нақты құндылық әкеле алатынына сеніміміз мол, – деді BHM Capital компаниясының бас атқарушы директоры Абдель Хади әл Саади.

Мәселен, осы жылы Nasdaq Dubai биржасы мен Astana International Exchange (AIX) биржасы өздерінің орталық депозитарийлері арасында тікелей байланыстың басталғаны туралы хабарлады. Еуразиялық Даму Банкі AIX-те БАӘ дирхамдарымен облигациялардың дебюттік шығарылымын сәтті орналастырды және Қазақстандағы осы валютадағы облигациялардың алғашқы эмитенті атанды. Бұған дейін 2024 жылы AIX биржасы Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылды.

Компаниялардың АХҚО арқылы табысты жұмысының сәтті кейстері және Қаржы орталығы арқылы Орталық Азия өңірінде инвесторлардың қатысуын кеңейту мүмкіндіктері туралы GWM Capital Ltd компаниясының негізін қалаушы және CEO Арман Батаев, АХҚО Жасыл қаржы орталығының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Нағима Аюбаева айтып берді. Іс-шараның модераторы АХҚО әкімшілігінің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауыржан Канкин болды.

GFCI 38 рейтингіне сәйкес АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде көшбасшы орынға ие және арнайы жасалған жағдайлардың арқасында Қазақстанның бизнесі мен экономикасына капитал тартуға көмектеседі. 2018 жылдан бастап АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 19,3 млрд АҚШ доллары инвестиция тартылды. АХҚО-да АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур, БАӘ және басқа да елдерді қоса алғанда, әлемнің 90-нан астам елінен 4800-ден астам компания тіркелген.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. 

AIFC Connect – қаржы және өнеркәсіп секторларындағы компаниялардың сарапшылары мен топ-менеджерлері АХҚО бастамаларымен және Қазақстанның бизнесті жүргізуге арналған инвестициялық мүмкіндіктерімен танысатын эксклюзивті кездесулер форматы. Бұған дейін AIFC Connect Сингапурда, Лондонда, Дубайда, Сеулде, Гонконгта, Бейжіңде өтті.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап шағын бизнес үшін жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режимі біріктіріліп, шағын бизнеске арналған бірыңғай режим құрылады.

Соңғы жаңалықтар