БАӘ Қазақстанның энергетика саласына инвестицияны арттыруды көздеп отыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Біріккен Араб Әмірліктері жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында 48 мемлекетпен, оның ішінде Қазақстанмен де бірлесе жұмыс істейді. Бұл туралы БАӘ энергетика министрі Сухейл әл-Мазруи Алматыда өткен KIOGE конференциясында айтты.

БАӘ энергетика министрінің айтуынша, әлемде мұнай мен газ сияқты дәстүрлі энергия көздерімен қатар жаңартылатын энергия көздерінің маңызы артып келеді.
- Бүгінгі таңда біз жаңартылатын энергия көздерін дамытуға 40 елде 20 миллиард доллардан астам инвестиция салуды көздеп отырмыз. Біз Қазақстанмен бірге кем дегенде 1 ГВт жасыл энергия өндіру бойынша жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз, - деді ол.
Оның айтуынша, БАӘ-де энергияның шамамен 28%-ы жасыл көздерден, соның ішінде атом электр станциялары мен 6 ГВт жаңартылатын энергия көздерінен келеді. Араб мемлекетінде бұл көрсеткіштерді ұлғайтып, 2030 жылға қарай 14 ГВт-тан астам күн энергиясын өндіру жоспарланған.
Сондай-ақ, ол БАӘ мен Қазақстан Каспийдегі біріккен жұмыстан бөлек, энергетикалық өнімдерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы логистикалық тізбектерді ұйымдастыра алғанын атап өтті.
- Біз мұнай мен газ өндіруді қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе Қазақстанда дамытқымыз келеді, - деді Сухейл әл-Мазруи.
Еске салайық, бұған дейін Германия Қазақстаннан мұнай экспортын екі есе арттыруды сұрап отырғанын жазғанбыз.