БАӘ мен Үндістан елімізден халал ет өнімдерін алғысы келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Lulu Kazakhstan компаниясының бас директоры Мохидин Хусейн Файсалмен, сондай-ақ IGateway Ltd компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры (CEO) Гунасилан Айотхи Даниэлмен кездесуі барысында айтылды.

БАӘ мен Үндістан елімізден халал ет өнімдерін алғысы келеді
Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бапасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін және қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістан нарықтарына жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.

Шетелдік тарап халықаралық ветеринариялық-санитариялық және сапа талаптарына сәйкес келетін ешкі етін, сондай-ақ басқа да халал ет өнімдерін импорттауға қызығушылық білдірді. Үндістанның тұтыну нарығының қарқынды өсуі отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Министр Қазақстанның мал шаруашылығы саласында айтарлықтай әлеуеті бар екенін және ветеринариялық талаптар сақталып, тұрақты жеткізілім қамтамасыз етілген жағдайда экспорт көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін атап өтті.

- Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ветеринариялық сертификаттау, логистика мәселелері, сондай-ақ қазақстандық өндірушілер мен үндістандық импорттаушылар арасында тікелей байланыстар орнату сынды практикалық ынтымақтастық тетіктерін одан әрі пысықтауға келісті, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, LuLu Group International бөлшек саудамен, импорт және экспортпен айналысады, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістанда ет өңдеу зауыттарын басқарады.

Осыған дейін елімізде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім кейінгі он жылда 2,5 есе өскені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар