БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы: мұнай нарығындағы жүйе ескірді

АСТАНА. KAZINFORM – Парсы шығанағындағы қақтығыс жағдайында Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК-тен шығу жайлы шешімі алғашында тосын көрінгенімен, шын мәнінде ол мұқият ойластырылған стратегиялық қадам болуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы.

Выход ОАЭ из ОПЕК: сигнал о конце старой нефтяной системы
Коллаж: Canva/Kazinform

Қазіргі сәтте нарық жаңалыққа айтарлықтай реакция танытқан жоқ. Алайда қысқа мерзімді тыныштық ұзақ мерзімді өзгерістер болмайды дегенді білдірмейді. Керісінше, дәл осындай кезеңдерде мұнай нарығындағы баланс қайта қаралып, жаңа ықпал ету тетіктері қалыптасады. Сондықтан БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы алдағы уақытта жаһандық мұнай саясатының жалпы архитектурасына әсер етуі әбден мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, басты сұрақ – БАӘ неге дәл қазір осындай қадамға барды және мұнай өндіруші елдер жүйесі енді қай бағытта өзгереді? Бұл шешім тосын көрінгенімен, ұйымнан шығу алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін Қатар 2019 жылы, ал Ангола 2024 жылы ұйым құрамынан кеткен еді. Алайда БАӘ-нің салмағы мүлде бөлек.

Себебі сөз тәулігіне 3,4 млн баррель мұнай өндіретін, әрі алдағы жылдары көрсеткішті 5 млн баррельге дейін жеткізуді жоспарлап отырған мемлекет туралы. Яғни бұл ұйым ішіндегі кезекті саяси өзгеріс қана емес, өндірістік қуаты жоғары ойыншының дербес стратегияға көшуі. Сондықтан көптеген сарапшылар шешімді соғыстан кейінгі кезеңде мұнай нарығы қалай қалыптасатынын айқындайтын сигнал ретінде бағалап отыр.

Егер қазіргі геосаяси шиеленіс аяқталған соң нарық жаңа тепе-теңдікке көшсе, БАӘ-нің таңдауы басқа өндіруші елдер үшін де үлгі болуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде ОПЕК ықпалының әлсіреуіне немесе ұйымның жаңа форматта қайта құрылуына әкелуі ықтимал.

ОПЕК ықпалы әлсірей ме?

ОПЕК үшін бұл шешім елеулі соққы саналады. Себебі ұйым осы уақытқа дейін әлемде тәулігіне өндірілетін шамамен 97 млн баррель мұнайдың 29 млн баррелін бақылап келді. Дәл осы үлес оған нарықтағы ұсыныс көлеміне ықпал етіп, бағаны белгілі бір деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берген негізгі құрал болды.

Әсіресе, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғанға дейін ұйым ықпалын кеңейтуге ұмтылды. Соңғы жылдары ОПЕК өзге өндіруші елдермен бірге бейресми ОПЕК+ форматы аясында әрекет етті. Бұл құрылымға Ресей, Әзербайжан, Қазақстан, Мексика, Бразилия, Малайзия және басқа да мемлекеттер кірді.

Ынтымақтастықтың мақсаты – ұсынысты шектеу арқылы мұнай бағасына ықпал ету еді. Белгілі бір кезеңде стратегия тиімді болды. Нарықтағы артық ұсыныс тежеліп, бағаның күрт құлдырауына жол берілмеді. Алайда оның әлсіз тұстары да бар. Өндірісті қысқарту ауыртпалығын келісімге қатысушы елдер көтерсе, оның жемісін көбіне сырттағы ойыншылар пайдаланды. Соның ішінде АҚШ, Батыс Африка елдері мен Гайана секілді жаңа экспорттаушылар өндірісті арттырды.

Соған қарамастан, ОПЕК+ өз миссиясын орындады деуге негіз бар. Егер бұл құрылым болмағанда, соңғы жылдары мұнай бағасы әлдеқайда төмен деңгейге түсуі ықтимал еді.

Сонымен бірге жаһандық энергетика нарығындағы ұзақ мерзімді үрдістер ұйым ықпалын әлсірете бастады. Әлемдік экономика баяулады, жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция артты, электр көліктерінің саны көбейді. Соның нәтижесінде мұнайға сұраныстың өсімі баяулады. Ал ұсыныс керісінше, жаңа өндірушілер мен технологиялық прогресс есебінен ұлғайды.

Баға жоғары кезеңдерде күрделі жобалар тиімді болды. Тақтатас мұнайы өндірісі мен Канададағы мұнай құмдарын игеру жанданды. Ол нарықтағы ұсынысты көбейтіп, кейін бағаның төмендеуіне әсер етті. Баға түскен кезде шығыны жоғары жобалар өндірісті қысқартты, баға көтерілгенде цикл қайта жалғасты. Осы аралықта технология жетіліп, тақтатас мұнайын өндіру құны да айтарлықтай арзандады.

Жалпы алғанда, ОПЕК+ соңғы жылдары мұнай бағасын тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды. Алайда ұйым ішіндегі тәртіптің әлсіздігі, квоталардың толық сақталмауы және сыртқы бәсекелестердің күшеюі тетіктің тиімділігін біртіндеп төмендетіп келеді. Сондықтан бүгінгі өзгерістер тек бір ұйымның ішкі мәселесі емес, жаһандық мұнай нарығындағы ықпалдың қайта бөлінуінің белгісі болуы мүмкін.

Выход ОАЭ из ОПЕК: сигнал о конце старой нефтяной системы
Фото: WAM

БАӘ мен Сауд Арабиясының бәсекесі

ОПЕК ішіндегі негізгі ойыншы дәстүрлі түрде Сауд Арабиясы болып келді. Бұл – әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің бірі, өндіріс құны ең төмен елдердің қатарындағы мемлекет. Ең бастысы, дәл осы ел ғана нарыққа қысқа мерзімде тәулігіне қосымша 2-2,5 млн баррель мұнай шығара алатын резервтік қуатқа ие. Сондықтан ұйым ішіндегі шешуші ықпал көп жағдайда Эр-Риядтың қолында болды.

Тарихи тәжірибе мұндай ресурстың саяси маңызын көрсетті. 1980-жылдары Сауд Арабиясы өндірісті күрт арттырып, әлемдік нарықта бағаның құлдырауына әсер етті. Соның салдарынан мұнай бағасы 1990-жылдардың соңына дейін төмен деңгейде сақталды. Бірқатар сарапшылар жағдайды КСРО-ның ыдырауы мен Иран-Ирак соғысының аяқталуы сияқты ірі геосаяси өзгерістерге жанама ықпал еткен факторлардың бірі ретінде бағалайды.

Соңғы жылдары да құрал өзектілігін жоғалтқан жоқ. Кей сарапшылар ОПЕК+ аясындағы өндіріс квоталарын арттыруды жалпы ұсыныс жоғары кезеңде мұнай бағасын төмендету әрекеті ретінде қарастырды. Мұндай саясат АҚШ-тың ішкі нарығында жанармай бағасын ұстап тұруға, сондай-ақ Ресей мұнай кірістерін шектеуге бағытталған кең геосаяси есептің бір бөлігі болуы мүмкін деген пікірлер айтылды.

Сонымен қатар АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы байланыстар Дональд Трамп билікке келгеннен кейін қайта жандана түсті. Алайда осы кезеңде Эр-Рияд пен БАӘ арасындағы қатынастар керісінше күрделене бастады. Ресми түрде одақтас болғанымен, екі ел аймақтық ықпал үшін бәсекелеске айналды.

Текетірестің негізгі алаңы Йемен болды. 2015 жылы екі мемлекет хуситтерге қарсы бір коалицияда соғысқа кіргенімен, уақыт өте олардың мүдделері қақ айырылды. БАӘ Оңтүстік Йеменнің тәуелсіздігін қолдайтын күштерге сүйенсе, Сауд Арабиясы халықаралық мойындалған үкіметті қолдады. Нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай қарсыластық ашық әскери текетірес деңгейіне жетті.

БАӘ қолдаған күштердің оңтүстіктегі, әсіресе мұнайға бай Хадрамаут аймағына ықпалын күшейтуі Эр-Рияд үшін саяси соққы болды. Кейін БАӘ Йеменнен арнайы бөлімшелерін шығарып, Маюн аралын Сауд Арабиясына берді. Бұл қадам Баб-әл-Мандеб бұғазы сияқты стратегиялық теңіз жолын бақылау тұрғысынан аса маңызды болды.

Осы жағдайлар аясында БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуын тек экономикалық шешім ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – Эр-Риядтың мұнай саясатына тәуелді болудан біртіндеп алыстау және дербес геоэкономикалық бағыт қалыптастыру әрекеті. Себебі БАӘ ұзақ уақыт бойы ұйым ішіндегі квоталық шектеулерге наразы еді.

Выход ОАЭ из ОПЕК: сигнал о конце старой нефтяной системы
Фото: azertag.az

Ел мұнай инфрақұрылымына ірі инвестиция салып, өндірістік әлеуетін тәулігіне 5 млн баррельге дейін жеткізуге дайын. Ал қазіргі квота шамамен 3,4 млн баррель деңгейінде. Егер БАӘ нарыққа қосымша 1,5 млн баррель мұнай шығарса, бұл ОПЕК+ соңғы жылдары кезең-кезеңімен қосып келген көлемдерден әлдеқайда жоғары көрсеткіш болар еді. Мұндай өсім Сауд Арабиясы ықпалына тікелей сын-қатер тудырады.

Бәсеке тек мұнаймен шектелмейді. БАӘ ашық экономика, төмен салық және шетел капиталына қолайлы орта қалыптастыру арқылы аймақтық қаржы және логистика орталығына айналды. Ал Сауд Арабиясы мұндай реформаларды кейінгі жылдары ғана жеделдете бастады. Сондықтан екі ел арасындағы тайталас – энергетикалық емес, даму модельдерінің де бәсекесі.

Осының барлығы Парсы шығанағы аймағындағы тұрақсыздықтың неге жаһандық маңызға ие екенін көрсетеді. Мәселе тек мұнай экспортында емес. Егер Ормуз бұғазы жабылса, әлемдік нарық сұйытылған газ, тыңайтқыш, химиялық өнімдер мен гелий жеткізілімі бойынша да ауыр соққы алуы мүмкін. Сондықтан аймақтағы қазіргі текетірес тек өңірлік дау емес, жаһандық экономикаға әсер ететін стратегиялық дағдарыс ретінде бағаланады.

Шешім қабылдауға не түрткі болды?

Осы жағдайда басты сұрақ туындайды. Неге БАӘ ОПЕК-тен шығу туралы шешімді соғыс аяқталмай тұрып қабылдады? Әдетте мұндай кезеңде мемлекеттер күту тактикасын таңдап, қақтығыстың нәтижесін, кейінгі нарықтық өзгерістерді және жаңа геосаяси тепе-теңдікті бағамдауға тырысады. Сондықтан алғаш қарағанда бұл қадам уақыт жағынан тосын көрінеді.

Сонымен бірге соғыс барысында Иран Парсы шығанағы маңындағы бірқатар елге соққы жасады. Мұндай жағдайда аймақ мемлекеттерінен кем дегенде белгілі бір деңгейде үйлестірілген саяси ұстаным күтілетіні түсінікті. Әсіресе араб елдерінің ынтымақтастығы аясында ортақ әрекет болуы мүмкін еді. Егер әскери қақтығыс одан әрі ушыға түссе, онда ұйымдық форматтар, соның ішінде ОПЕК мүшелігі екінші кезектегі мәселеге айналуы да ықтимал болатын.

Алайда БАӘ керісінше, дәл осы сәтті таңдады. Оны қолайлы геосаяси мезетті тиімді пайдалану деп бағалауға болады. Біріншіден, Парсы шығанағы бағытындағы мұнай жеткізілімі едәуір қысқарды. Қазіргі таңда БАӘ шамамен тәулігіне 1,4 млн баррель мұнайды Фуджейра арқылы өтетін құбырмен Ормуз бұғазын айналып экспорттап отыр. Бұл соғысқа дейінгі көлемнен төмен болғанымен, мұнай бағасының күрт өсуі экспорт кірісін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Ұқсас жағдай Сауд Арабиясы үшін де байқалды. Ел Янбу порты арқылы тәулігіне шамамен 5-6 млн баррель мұнай жөнелтіп, табыс жағынан ірі шығынға ұшыраған жоқ. Яғни мұнай экспорттаушы жетекші мемлекеттер қысымға қарамастан кірістерін сақтап қалды. Бұл ретте соғыстың негізгі зардабы экономикадағы өзге секторларға тиді.

Сонымен қатар барлық елдің мүмкіндігі бірдей болған жоқ. Кувейт, Қатар және ішінара Ирак үшін логистикалық тәуелділік жоғары болғандықтан, жағдай әлдеқайда күрделі қалыптасты. Демек, дағдарыс кезеңінде БАӘ инфрақұрылымдық артықшылығын тиімді пайдалана алды.

Ең маңыздысы – мұнай бағасының жоғары болуы және АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты жалпы белгісіздік аясында БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы нарыққа да, саясатқа да аса күшті соққы ретінде қабылданбады. Ал бейбіт кезеңде мұндай шешім халықаралық деңгейдегі үлкен сенсация болар еді.

Сондықтан бұл қадамды алдын ала дайындалған стратегияның іске асуы деп қарастыруға негіз бар. Яғни БАӘ бұрыннан ұйым шектеулерінен босап, өндірістік еркіндігін арттыруды көздеген. Ал қазіргі соғыс сол жоспарды жүзеге асыруға ең ыңғайлы сәтті ұсынып отыр.

БАӘ-нің экономикалық логикасы

Тағы бір маңызды қыр – БАӘ шешімді тек қазіргі жағдайға реакция ретінде емес, болашақтағы өзгерістерге алдын ала бейімделу ретінде қабылдап отыр. Жалпы алғанда, мұнайдың жаһандық экономикадағы бұрынғыдай абсолютті стратегиялық салмағы біртіндеп әлсіреп келеді. Нарыққа жаңа өндірушілердің шығуы, ұсыныстың әртараптануы және технологиялық серпілістер ОПЕК арқылы орталықтандырылған бақылаудың тиімділігін азайтып отыр.

Сонымен қатар мұнай нарығындағы кез келген ірі дағдарыс ұзақ мерзімді салдар қалдырады. Ол энергия тұтыну құрылымын өзгертеді, балама көздерге инвестицияны арттырады және жалпы сұраныстың баяулауына әкеледі. Мұндай үрдіс тарихта да анық байқалған. Мәселен, 1973 жылғы мұнай дағдарысынан кейін әлем елдері энергетикалық стратегиясын түбегейлі қайта қарап, балама энергия көздеріне жаппай бет бұрды.

Жаһандық трансформацияны ескере отырып, БАӘ өз даму моделін алдын ала қайта құрып жатыр. Ел үшін мұнай маңызды ресурс болғанымен, ол экономиканың жалғыз тірегі емес. Сондықтан нарықтағы ықтимал құлдырау немесе бәсекенің күшеюі Сауд Арабиясы сияқты мұнайға жоғары тәуелді мемлекеттермен салыстырғанда БАӘ үшін әлдеқайда жұмсақ әсер етеді.

Айырмашылық айқын. Сауд Арабиясы экономикасында мұнай кірісі әлі де шешуші рөл атқарады, ал БАӘ инвестиция, логистика және халықаралық бизнеске сүйенген икемді экономикалық модель қалыптастырған.

Геосаяси факторлар да бұл таңдауды күшейтті. Соғыстан кейінгі кезеңде аймақтағы күштер балансы өзгеруі мүмкін, ал АҚШ, Сауд Арабиясы және басқа да ойыншылар арасындағы қатынастар толық тұрақты сипатта емес. Осы жағдайда БАӘ прагматикалық және көпвекторлы саясатты ұстанып, барлық негізгі тараппен тепе-тең байланыс сақтауға ұмтылуда.

Осы күрделі контекстте БАӘ-нің ерекше ұстанымы айқын көрінеді. Мысалы, Axios деректеріне сәйкес, Израильдің «Темір күмбез» әуе қорғаныс жүйесінің элементтері соғыс барысында БАӘ аумағында қолданылғаны олардың қауіпсіздік пен технологиялық серіктестік саясатындағы икемділігін көрсетеді.

Осы детальдарды жинақтағанда, қазіргі шешімнің мәні ашылады. БАӘ ОПЕК жүйесіндегі міндеттемелерден біртіндеп алыстап, экономикалық және геосаяси дербестігін күшейтуді көздеп отыр. Бұл – қысқа мерзімді конъюнктуралық қадам емес, керісінше ескі мұнай моделінен шығып, жаңа жаһандық жүйеге бейімделудің көрінісі.

Нәтижесінде мұнай нарығын бұрынғыдай шектеулі ойыншылар бақылаған дәуір әлсіреп келеді. Оның орнына тұрақсыз болса да, әлдеқайда ашық әрі бәсекелі жаңа архитектура қалыптасуда. Осы жаңа кезеңде БАӘ басты мақсат ретінде шектеулерден ада, дербес және икемді ойыншы болуды таңдағанын анық көрсетіп отыр.