БАБАЛАР СӨЗІ: Абылайұлы Қасымның екі ұлын өлтірген сарттардан кек алуы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады. ***

БАБАЛАР СӨЗІ: Абылайұлы Қасымның екі ұлын өлтірген сарттардан кек алуы

Сарттарды бірнеше рет Есенгелді, Саржан әм Ержан шауып, шығынға ұшырата берген соң, сарттар алдап, Қасымға: «Біз қарадық, балаларын жіберсін, сөйлесіп екі арамызды жалғастырып тұрайық», - деп кісі жібереді. Қасым Есенгелді мен Саржанды жиырма кісімен жіберді. Бұларға он тоғыз жастағы Ағыбай ере кетеді.

Сарттардың шақырған жеріне барғанда бұларды құрметпен қарсы алады. Сарттардың даяшысы болып жүрген кісілердің ішінде бір қазақ жүреді, әрдайым келгенде Ағыбайдың екі көзі сонда болады, бұл жігітке Ағыбай да сөйлесейін десе, сарттардың көзінше сөйлесе алмайды.

Төртінші күн тамақты кешірек бере бастады. Бір ретін тауып қазақ жігіт: «Осының ішінде Ағыбай бар ма?»-дегенде, ишаратпен ол өзін көрсетеді. Жігіт те ишаратпен: «бүгін өлтіреді», - деп хабар береді. Сонда Ағыбай: «Менің атым Қызылауыз, Боз екеуін дайында?» - дегенде, жігіт басын изеп шығып кете береді.

Ағыбай төрелердің қасына келіп, ишаратпен өлтіретінін сездіреді. Кешкі тамақ келгенде төрелер асты жей алмайды. Сонда Ағыбай табақтарды алдына алып: «Өлсем - атауым, өлмесем - жол азығым» деп бәрін соғып алады.

Табақтарын жиып алған соң, сарттар төрде отырған төрелерді біртіндеп шығарып алып, бауыздай бастады. Бесіншісін алып кеткен кезде сарттардың даяшысы қазақ жігіт Ағыбайдың бетіне қарап, «дайын» дегендей ишара білдіреді. Алтыншы ретінде қазақ жігіті есебін тауып Ағыбайды шығарып жіберді. Ағыбай өз атына мініп, Қызылауыз атты жетектеп қашып кетеді, мұны сарттар білмей қалды.

Неше күн-түн жүріп, Ағыбай түнде Қасымның ауылына жетеді. Қалайша Қасымға қазаны естіртудің жөнін біле алмай, ақырын барып Қасымның үйіне сүйкенеді. Сонда ояу жатқан Қасым:

-Бұл кім?-деп сұрайды.

-Мен ­­­­- Ағыбаймын, - дейді.

-Иә, амансыңдар ма?-дегенде,

-Аманбыз! - деп жауап қатады.

-Жарайды, бар да жата бер,-дейді Қасым.

Ағыбай не айтарын білмей, үйіне келіп жатып қалады.

Ала таңнан Ағыбайдың шешесі тұрып: «Тұр, Қасымдікі үйін жығып, артып қойыпты», - деп ұлын оятып алыпты.

Қасым көшті бастап, үдіре көшіп, Шуға үш күнде келіп қонды.

Ертеңінде сарттар он кісі жіберді. Қасым оларды қарсы алған соң: «Бар сүйенгенім Есенгелді, Саржан еді. Олар өлді, енді қалған ұлым Кенесары жас, мен сарттарды алдамаймын, мен қарыдым, маған басшы адамдарынан кісі жіберсін, далада көшіп жүрген жалаңаш, арық-аш елмін, көп қылып тамақ жіберсін, егерде сенбесе, келіп тұрмысымызды көрсін»-деп сөз бастайды. Бұған сенген сарттардан жүз елу кісі көп тамақ, дүние-мүлік артып, сауыт-саймандарымен келеді.

Қасым айтты:

- Иә, сарттардың балалары, сіздерге қарадым, Есенгелді, Саржан әм Ержаннан айырылдым. Енді менде сендермен қаруласатын кісім жоқ, қолды таратамын, мен өзім сендерге қарадым, егерде бұл қол менімен бірге қараймыз десе, өздері білсін.

(Қасым көп әскерін жақын жерге жасырып қойып, шамалы қолмен келген еді).

Әскерлердің бірсыпырасы көнген болды, қалғандары көнбеген болды.

Мұның бәрі Қасымның қайла-қулығы - «қалайша сарттарды біраз күнге сендіріп, кегімді аламын» дегені еді. Ақырында әскердің бәрі көніп, сарттарды сендіріп, бәрі бірдей араласып жүрді.

Келген сарттардың басшысы бар еді. Сол Беклербегіне сүйінші сұратып, кісі жіберді: «Қасым шын ықыласымен бізге қарады!», - деп. Қасым жасырын өз әскеріне хабар беріп алғызып, қалған сарттарды көгендетіп қойып, өз қолымен бауыздап, сол күні қайта көшіп кетті. Сарттардан осылай кегін алды. Қасым туғанда екі қолымен қан уыстап туған деседі.