БАБАЛАР СӨЗІ: «Әулиетау» туралы аңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
None
None

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Атқан оғы жерге түспейтін, көздегені мүлт кетпейтін дала кезген бір аңшы өтіпті. Оның кезбе атануы былайғы жұртқа беймәлім екен. Әйтеуір елден жырақтап, тау-тасты паналап, аң-құстың етін азық етіп күн көрген. Аңшыға Қызыларайдың кез келген жыра жықпылы, тау-тасы, өрген аңы, ұшқан құсы алақанындағы жазудай әбден таныс болыпты. Күндердің күнінде жолы түсіп, мекені болған тау қуысындағы үңгірдің біріне түнейді. Мылтығын жастанып, бешпентін жамылып, қатты ұйқыға бас қойса керек. Түсіне көптен көріспегенел жұрты кіріп, елегізіп ояна беріпті. Аңшы еркін даланың ерке елігін, бейкүнә жануарларын жөн-жосықсыз қырып, тамағын тауып келген аңшылық кәсібін Алланың бұйрығы деп қабылдайды екен.

Табиғат аясында еш қамсыз-мұңсыз тірлігіне еті үйреніп, келе-келе жүрегінен мейірім аты өше бастаған соң ол тағы тірлікті әбден мойындап кеткен-ді. Таң қылаң бере жанын жегідей жеген туған елге деген сағынышын оятқан үңгірден кетіп бара жатады. Кенеттен тау биігіндегі қарауытқан әлденеге көзі түсіп, қырағы көзі киіктің сұлбасын қапысыз таниды. Көзі қарауыта жіті аңдып, мылтығын сайлай бастайды. Кәнігі қол мүлт кетсін бе, тау жаңғырып мылтық даусы тыныштықты бұза, алыс-алыс белдерге кетіп жатты. Артынша оққа ұшқан киіктің қып-қызыл қаны жаңа атып келе жатқан күннің бетін жапқандай, тас үстімен сорғалап мөлт-мөлт тамып жатты. Бойынан әл кете бастаған киік ақырғы күшін жинап, ышқына кері жалт бұрылды. Сол кезде киіктің қос өкпесін тесіп өткен қорғасын оқ қайыра кері серпіліп, зуылдаған бетте өз олжасына масаттанып тұрған аңшының жүрегін тесіп өткен екен.

Киіктің де, аңшының да көздерінде таудың үшкірлене біткен шыңдарының суреті көл бетіндегі ай нұры секілденіп дірілдей тұнып қалыпты деседі. Аңшыны ұрған киіктің киесі дейді аңыз. Содан бері тау киелі саналып «Әулиетау» аталып кетіпті.

Соңғы жаңалықтар