БАБАЛАР СӨЗІ: «Бетпақдала» аңызы

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Қазақ-қалмақ шапқыншылығы кезінде жоңғар әскерлері бас қосып жиналып, қазақ жерін толық жаулап алу үшін жорыққа шығады. Көптеген күндер бойына сапар шеккен әскерлер қарсылық көрсететін қалың қосын кездесе қоймапты. Бірте-бірте қажыған жау жасақтары ас-су таба алмай қиналыпты.
Өздерінше мәслихат құрған олар он мың жасақты арнайы аттандырып, қалғандары қос тігіп, кең өлкеге жайғасыпты. Арада айдан астам уақыт өткенде сол қосыннан екі-ақ адам қайтып оралыпты. Қалмақтың батыры: «Қазақ жасақтарына кезігіп, осындай күйге душар болдыңдар ма?» дегенде, жаңағы екеуі былай депті: «Біз ешқандай жасақ кездестіргеніміз жоқ, бірақ бір ен далаға түсіп, оның шеті мен шегін таба алмай ішерге су, жерге тамақ болмай, аштықтан-шөлден екеумізден басқасы майып болды», - деп жауап беріпті.
Осы әңгімені естіген қалмақ батыры бір мергеніне бес жүз жасақты қосып беріп, жаңағы екі адамды алдарына салып, өлгендерді көріп келіңдер деп жібереді. Қосын даланы тапқанымен өлген адамдарды кездестіре алмайды.
Сөйтсе, қырылған әскердің үстінен құм басып тастаған екен. Қайтып келген жаңағылар қалмақтың батырына: «Өзі құм дала екен, өзі жазық екен, өзі бетпақ екен. Қырылған әскерлерді көре алмадық», - дейді. Содан бері жаңағы өлке «Бетпақдала» атанып кетіпті.