БАБАЛАР СӨЗІ: Қиссасы Абылайдың бізге қалған

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
«Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді»,
Тамыры ізгіліктің үзілмейді.
Батырды, данышпанды үлгі жайған
Шешендер, шежірелер бедерлейді .
Қазаққа хан боп өткен ер Абылай,
Атағы жер жүзіне шыққан талай.
Батырлық, данышпандық, хандығынан
Азырақ сөз сөйлейін шынды бұрмай.
Шын аты Абылайдың-Әбілмансұр,
«Сабалақ» деп Ұран сап «Абылайлап», жауын жеңіп,
Кейінгі ұрпақтарға қалдырған жыр.
Ежелден ірге тепкен ата-баба,
Қонысы болған екен Сырдария.
Кейінгі дәурендеген заманында,
Орта жүз, тұрған жері-Сарыарқа.
Ежелден қазақ, қалмақ жерге талас,
Ел шауып, кісі өлтіріп жасаған қас.
Жеңіліп кейде олар, кейде бұлар,
Егестен ел ортасы таппай толас.
Әр істің өзіне сай себебі бар,
Себепсіз жұмыр іс жоқ жан-жағы тар.
Қозғайын артаманнан аз ғана сөз,
Демеңдер, мұның қандай мәнісі бар.
Шығыста бір хан өткен Шыңғыс деген,
Қаһармен қан қақсатып ел билеген.
«Аспанның астын түгел аламын» деп,
Қан уыстап, жынын бүркіп дүрілдеген.
«Темучин» деп естиміз әуелгі атын,
Моңғұл деп ұғынғамыз нағыз затын.
Залымдық айла-шарғы, амал тауып,
Асырған сайқалдықпен салтанатын.
«Шыңғыс» деп ататтырды өзін солай,
Ірге жайып кеңейтті тауып орай.
«Шығыста Шыңғыс деген ханмын,-деді,-
Жер бетін мен меңгерем бұдан былай!»
Тапалап барған жерін басып алды,
Ашығып барған сайын артық алды.
Кетіріп берекесін бүкіл елдің,
Құлаштап талай жерге жетіп алды.
Шыңғыстың төрт ұлы бар соңына ерген,
Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле деген.
Тіріде ат тұяғы тиген жерін
Өлерде осыларға бөліп берген.
Билемек болды бұлар тарап-тарап,
Бөлісіп неше мыңнан шаңырақ санап.
Көншімек көңілдері сонда ғана,
Төрт бұрышын дүниенің алса торлап.
Билемек бірі оңды, бірі солды,
Бар әлемге құлаштап созып қолды.
Алтын орда, Ақ орда хандық құрып,
Мал, байлық, алтын-күміс жиды қорды.
Жоңғарда құба қалмақ қоңтайжысы,
Тұқымы осылардың-бір арысы.
Индыдан келген жаудан сақтайтұғын,
Тұратын барқыт белде қолбасшысы.
Тағы да бір бұтағы Ғалдан деген
Хан болып, ол да бір кез дәурендеген.
Қан алып қадалғаннан қанғанынша,
Табаны өрт қоздырды тиген жерден.
Ғалданның мұрагері Суан Рабдан,
Бейбіт елге бүлік сап қылған мақтан.
Қасқыр боп қандыбалақ қойдай қырды
Қазақты Сыр бойында жайын жатқан.
Айырылып ұл атадан, қыз анадан,
Бастағы үй, асқан қазан жұртта қалған.
Тау асып, қайың сауып, тыр жалаңаш,
Арқаға қазақ ауды Сыр бойынан.
Кебінсіз, көмусіз боп өлгендері,
Тірі қалды аш, арып сенделгені.
Тән тозып, ілініп Құдай болды,
Қарысып жаяу-жалпы жүргендері.
Суға кеп жаяу-жалпы жиылыпты,
Ел ағасы қариялар былай депті:
«Дүниеде құлақ естіп, көз көрмеген,
Ақтабан-шұбырынды күні кепті».
Өткен іс көзден ғайып, көңілде нақ,
«Ақтабан-шұбырынды» қылды қалмақ.
Жас өсіп ержеткенде, жарлы байып,
Ұрпақтар борыштарың кек қайтармақ!
Шыңғыс хан Жошы атты үлкен ұлын
Билетті хандық құрып қазақ елін.
Жошы ұлы Бату байтақ сахараға
Тігіпті Алтын орда хандық туын.
Ертістің екі жағы-кең даласы,
Орал тау, Арал теңіз айналасы.
Каспи мен Сарыарқадан Тианшанда
Жошы хан бола қалды елдің басы.
Жошының қазақ көнбес қалжағына,
Түседі егерлесе ар жағына.
Қазақ та хан боп өткен өз тұсында,
Не айтар мүлги берсе әруағына.
Сол кезде ханның бірі Керей еді,
Үш жүзге билік айтқан егей еді.
Айдыны арыстандай сырттан батыр,
Есе алып, елін елге теңеп еді.
Керей хан боп аталды алты алашқа,
Ғаділдіктен тарқады әрбір нұсқа.
Ханның ғаділ болғаны елдің бағы,
Мінезі өзгермейді жазы, қыста.
Елдің басын құрады, ердің басын,
Шақырып берекеге ықыласын.
Ерте ойлап әрбір істі, алдын болжап,
Кеңесіп пішуші еді істің басын.
Адамның арманы алыс, өмірі шекті,
Дүние-ай тұрағы жоқ ол да өтті.
Керей хан дүниеден қайтқаннан соң,
Орнына хан көтерді ел Жәнібекті.
Жәнібек хан боп тұрды орнын басып,
Өнері Керей ханнан тұрды асып.
Ел жігін, жердің шетін қолына алып,
Халқына ғаділдікпен үлгі шашып.
Не қиын мәселеге жауап тапты,
Ақылдың бітіп жатқан көзін ашып.
Артынан ізін басты Мұрындық хан,
Үш жүзге билік айтып келтірген сән.
Қасым хан, Мамаш, Тахир, Бұйдаш, Тоғым,
Хақназар хан боп өткен Шығай, Сәлім.
Хан өтпес әділдікте Қасым ханнан,
Атадан арналғандай озық туға
Елеулі Үлгі айтып берекелі елді сүйіп.
Жау болса сырттан келген жаза беріп,
Тәуекел хан кесірді жүрді тыйып.
Шындықты сөйлеу керек білген кісі,
Артық қайрат, ақылды зейінімен,
Хан боп өтті Есім хан деген кісі.
Ел айтар:-Еңсегей бойлы ер Есім деп,
Алыстап терең ойлар ел қамын жеп.
Әр елдің хан сайланған жақсылары,
Мін тауып айта алмады мынау кім?-деп.
Жан емес Есім хан да қарапайым,
Әр істің даналықпен білген жайын.
Тілі өткір, ойы зерек, іске шебер,
Жаратқан оны артық бір Құдайым.
Жүргізіп «Қасым ханның қасқа жолын»,
Жасаған «Есім ханның ескі жолын».
Өзі ойшыл, өзі зерек-бұл бір дәулет,
Бір талай дәурен сүрді теуіп орын.
Болжайды жасы жетіп қалғандығын,
Баласы Салқам Жәңгір алған тағын.
Әкесі Есім ханның жолын қуып,
Жәңгір хан да келтірді тағы сәнін.
Жәңгір хан алған екен екі қатын,
Бірі қазақ, біреуі қалмақ затын.
Екеуі екі ұл тауып азан айтып,
Әз Тәуке, Уәлибақы қойған атын.
Жәңгірдің бұл екеуі өз баласы,
Жалғыз-ақ шеше бөлек айырмасы.
Әз Тәукенің шешесі-қалмақ қызы,
Бәйбіше тоқалымен жоқ бақталасы.
Жәңгір хан екі ұлына көңілі толған,
-Ер жетсе, мұрам,-дейді,-есен-аман.
Саңы ауып біреуіне алсам дейді,
Құштар боп, нағашысы қолқа салған.
Қайып хан Уәлидің нағашысы,
Ол дағы ел аузында жақсы кісі.
Қыз-қырқын балалары болғанымен,
Жоқ еді мұра болар ұл баласы.
Жәңгір хан-Уәлиді берген солай,
Қария-батагөй деп көңілін қимай.
«Өзіме басқа ұлдарым жетеді,-деп-
Ержеткенде келмей ме, қалса сыймай».
Уәлиді алып қайтты нағашысы,
Арманға жетті бітіп бар жұмысы.
«Ұлды-арқау, қызды-бояу» дейді қазақ,
Қыз-қонақ, ұл байлаулы боп ырысы.
Жәңгір хан бергеннен соң өзі қиып,
«Балам» деп айта алған жоқ аузын тыйып.
Жәңгір хан дүниеден өткен кезде,
Әз Тәуке хан боп қалған таққа мініп.
Аталып Тәуке хан боп ел биледі,
Айырмай жарлы, бай деп тең биледі.
Артық қайрат, тапқыр ой болғандықтан,
Ешкім деп айта алған жоқ «кем биледі».
Ер жетті Уәлибақы нағашыда,
Артық боп өз теңінен бағасы да.
Еліне құрметтінің бірі болды,
Ханы да аялайтын, қарасы да.
Нағашы, қайын да жұрт-ер
Тиімді болса егер төңірекке.
Сол елді бауыр басып мекен етті,
Қорған боп Уәлибақы кем-кетікке.
Бірталай мықты болып дәурен сүрген,
Тойтарған талай жауды шеттен келген.
Соғысқан қазақ, қалмақ бір қырғында,
Қапыда Уәлиқабы жаудан өлген.
Бар еді жалғыз ұлы,-жетім қалды,
Туғанда «Абылай» деп атын қойды.
Жігері жетімдікті елеткен жоқ,
Жасынан асқан тентек, содыр болды.
Болғанмен елге тентек, жауға қатал,
Жау десе жалғыз өзі бұзар қамал.
«Қанышер Абылай» деп ел атапты,
Қатуланса жаны ашып демейді обал.
Жау десе топтан озған болған батыр,
Алдымда өлім бар деп қылмас сабыр.
«Бір томар жүйрікке де» дегендейін,
Қалмақпен бір соғыста өліпті ақыр.
Атақты батыр еді ел қорғаған,
Келед деп ойламайды ажал қайдан.
Соғыста ажал жетіп өліп кетіп,
Жалғыз ұл қалған екен Абылайдан.
Өлгендердің артынан өлу қайда?
Ержетіп ұл да жетті осы жайда.
Ат қойған «Уәли» деп әтей арнап,
Жүрсін деп әкем аты шықпай ойда.
Естіген жүруші еді күлімсіреп,
Әке атын баласына қойған не деп.
Ел қойды лайықтап бір қосымша ат,
Десек те Көркем Уәли болады деп.
Өзі де атқа лайық көркем еді,
Бір жақсы адам болар артқы тегі.
Арыста алты алашқа жол бермейтін,
Бастайтын қалың қолды серке еді.
Қараса шаһизада көркемдігі,
Жігіт боп ол да жетті сегіз қырлы.
Тұқымы қаракөктің бір дегдар деп,
Таңырқап тамсанады көрген елі.
Қолбасшы, әрі батыр жауға шабар,
Егессе, есе алады жаудан нелер.
Қалмақ, қазақ соғысқан бір қырғында,
Қайыспай Көркем Уәли жаудан өлер.
Қалмақтан қазақ көрді қиын істі,
Қырылып, ашаршылық күйге түсті.
Жау талап, жап-жадағай жұрты қалып,
Жан-жаққа жаяу қаңғып, тентіресті.
Соғыста Көркем Уәли өліп кеткен,
Жас әйел жесір қалып, қаңғып кеткен.
Жас әйел, өзі сұлу отыра ма?
Біреуге Тәшкен жақта тиіп кеткен.
Болмаған соң қормалы-әмеңгері,
Қалмаған соң баспана, күн көрері.
Қалса да іште алты айлық хан ұрпағы,
Өлмеу үшін күйеуге тиген еді.
Баяғы іште қалған бала туып,
Сол жақта мекен етіп қалды тұрып.
Деп қойды «Әбілмансұр» оның атын,
Ержетіп ол да он төртке келді жуық.
Күн бермей өгей әке табашы боп,
Сүйелдей көз алдында жарасы боп.
Сөз шықты әрбіреуден күңкілдеген,
«Қазақтың жетім қалған баласы» деп.
Сипаты бұл баланың елден бөлек,
Бала жоқ сол бір елде айтар тең деп.
Сабырлы, терең ойлы, сөзі батым,
Көрген жан таңырқайды «мынау кім?» деп.
«Әкесі-қазақ» десе қайран қалар,
Бұл қазақ қай жерде деп болар құмар.
Сұрау сап әке жөнін шешесінен,
Бір күні бала боздап, салады зар.
Шешесі баян етті білгендерін,
Бұл жаққа қалай қаңғып келгендерін.
Әкесі, атасы мен бабасы да
Соғыста қалмақтардан өлгендерін.
Шеше айтты:
Арғы тегін білмеймін деп,
Естігем Сарыарқада мекені деп.
Қатпаған қабырғаң да жас сәбисің,
Ел-жұртты сен қаңғыма іздеймін,-деп.
-Ей, шеше, мені бұлай алдамасаң,
Тоғыз ай көтердім деп зарламасаң.
Ержетіп, ес білгенде тастады деп,
Бермесең теріс бата, қарғамасаң.
Бұл жерде тұра алмаймын қойсаң байлап,
Қойса да Түркістанға сұлтан сайлап.
Арман жоқ өз елімде ұлтан болсам,
Жүргенше зығырданым күнде қайнап!
Шешетай, қал демеші мұнда тұрып,
Жетімге іргелі елде тимес құрық.
«Ел-жұртсыз, әкесіз» деп, «сүйексіз» деп,
Бұл жерде жүре алмаймын сөзден сынып.
Кетемін не болса да сол ел жаққа,
Кім таласар Тәңірім берген баққа?
Кегімді тірі жүрсем кетірмеспін,
Өлтірген үш атамды сол қалмаққа.
Шешесі қайырып сөз қыла алмады,
Баласы кету ойын бұра алмады.
Жағалап елден-елге кетті жүріп,
Анасы қайтып хабар ала алмады.
Тоқтамай Әбілмансұр кеткен жүріп,
Жыла қонақ жүріспен ел қыдырып.
Білмекке елі жөнін келе жатыр,
Ұлы жүз Төле биді алған тауып.
Көрмеген, естімеген Төле биді,
Біреуден жайын жүрген сұрап білді.
«Би болса елдің жайын біледі»,-деп
Үйіне іздеп келіп, сәлем берді.
Балаға би қарайды көзін тіктеп,
Туған жан жай адамнан бұл емес деп.
Кигенмен көне тымақ, жыртық шапан,
Көзі отты, жігері артық жас түлек деп.
Құс болса, ақ сұңқардың балапаны,
Адам болса, заты артық асыл жаны.
Ержетіп аман-есен атқа мінсе,
Ел-жұрттың болатындай арыстаны.
-Шырағым, қарамысың, төремісің,
Атың кім, ата тегің білемісің?
Қайда туып, қайда өстің, қайдан келдің,
Сен тексіз болсаң, өстіп жүремісің?!
Шашы өсіп кетсе дағы құлақ басып,
Кең маңдай отты көзге тұр жарасып.
Жанары жалт-жұлт етіп сескентеді,
Жүргендей әлдекіммен бақ таласып.
-Биеке, жаһан кезген мен бір сорлы,
Әкем өліп, шешеміз қорлық көрді.
Білдірер оны маған туысым жоқ,
Атымды мен білмеймін не деп қойды.
Туған жер біле алмаймын, қай елімді?
Көп сұрау әуре болар білмегенді.
Белгісіз өзіме де аты-затым,
Тілеймін өзіңізден ат қоюды.
-Байқасам назар салып ажарыңа,
Жетпейді көзім іске жарарыңа.
Кетіпті шашың өсіп шудаланып,
Дәп лайық «Сабалақ» ат бұл жайыңа.
Бала да жоқ демеді, қақты иегін,
Емес деп би ойлайды мынау тегін.
Аһ ұрар қайғыланып анда-санда,
Шығармай одан өзге ешбір жөнін.
Ойы жоқ бұл ат маған ар дейтұғын,
«Сабалақ» десе болды «а» дейтұғын.
Көрген күліп, естіген таң қалса да,
Сиқына Сабалақ ат дәл дейтұғын.
Баланың ойы-алыста, көңілі-ерек,
Сыр шертіп еш адамға айтпас дерек.
Төлеге қолғанат боп жүре тұрды,
Басқаны ес жиған соң кейін көрмек.
Күші артық, ақылы дария жас басынан,
Әр істе артық тұрды құрбысынан.
Патшаның шаһизада шын бейнесі,
Байқасаң әрбір белгі нұсқасынан.
Малшы боп, таяқ ұстап қойын бақты,
Кеш жатып, ерте тұрып отын жақты.
Бұйырған әрбір істі көңілді істеп,
Байыпты мінезімен биге жақты.
Қойдан өтіп, онан соң бақты түйе,
Нені бақса, сол малға болып ие.
Отын алып, жүк артып, іркіт пісіп,
Құлын байлап, сауғызды жиып бие.
Би дағы бұл балаға көңіл бөлер,
Құпия әрбір істе сынап көрер.
«Тапса егер өз қатыным осындай ұл,
Құдайдан болмас ед,- деп,- басқа тілер».
Сабалақ істер істен жалықпайды,
Кезіксе қиын іске тарықпайды.
Істеген істерінің бәрі бапты
Елден ерек ісінің парықтары.
Сабалақ қатты ұйықтайды мейірі қанып,
Жастығын басқа жаннан биік салып.
Екі аяқ екі жаққа кетер алшақ,
Қос қолы екі жақта құлаш жайып.
Жоғары басын неге тартады екен?
Төрт жақта төрт борбайы жатады екен.
Ұйқысы, жатуы да жаннан бөлек,
Біле алмай Төле басы қатады екен.
Бір жерде сол күндері той болыпты,
Барсам деп бала тойға ой бөліпті.
-Мал иен, ауыл да иен, сен де кетсең,-
Би:-Барма, сарқыт әкеп берем,-депті.
Той қылған бір бай адам салтанатты,
Төлеге той малының басын тартты.
Бір кесіп езуінен табаққа сап,
Қалғанын орамалға орап апты.
Сарқыт деп Сабалаққа бермек бопты,
Төле би тағы сынап көрмек бопты.
Қасына еріп барған атқосшыға,
«Сарқыт деп Сабалаққа апар»,-депті. Сал қимылына сол бір шақта.
Естіген-көргеніңді маған кеп айт,
Өтірік бір ауыз да қосып айтпа!
Мынау деп той сарқыты алып барған,
Сабалақ малдан келіп ұйықтап қалған.
Төрт жақта төрт борбайы, басы биік,
Керіліп жатысына қайран қалған.
Сабалақ оянғанда сасқалақтап,
Қарайды төңірекке көзі алақтап.
-Қорықтың сонша неге?-деп сұраса,
Былайша жауап берді сөзін баптап:
-Көп қалмақ келіп қапты елді басып,
Мен жүрмін қалмақтармен жағаласып.
Өңім деп атып тұрсам, түсім екен,
Ояндым сол себептен сасқалақтап.
Атқосшы би жіберген басты берді,
-Сарқыты тойдан берген осы,-деді.
Алды да, бұлақ барып бетін жуып,
Шақырды құрбы-құрдас, серіктерді.
-Сарқыт же,-деп шақырды жолдастарын,
Тоймасаң да ауыз ти тойдың дәмін.
Биекем тойдан сарқыт деп әкелді,
Бармасаң да, содан біл тойдың жайын.
Олар да кеп отырды тізелесіп,
Көз, құлағын оларға берді кесіп.
Қалғанын өзі мүжіп, миын жеді,
Болсын деп той-мереке тең күлісіп.
Атқосшы қайран қалды Сабалаққа,
Жетімге жарасымсыз мырзалыққа.
Өзің тоймай жүргенде елге бердің,
Өзіңе бұл жомарттық лайық па?!
-Бірі көз, бірі құлақ болар маған,
Адамға берген жақсы қолда бардан.
«Ел таны асың барда беріп жүріп»,
Деген сөз бұрынғыдан бізге қалған.
Замандас олар маған серіктерім,
Болған соң бұлар жанда зерікпедім.
«Адаммен адам күні» болады екен,
Жалғыз өмір сүрген жан көріп пе едің?!
Атқосшы таңырқады көргеніне,
Татымды жауап айтып бергеніне.
Көргенін, естігенін бұлжытпастан
Жеткізді Төле бидің енді өзіне.
Төле би көптен бері назар салған,
Айтқаны атқосшының емес жалған.
«Елге тұтқа бір адам болар» дейді,
Дүниеде тірі жүрсе, өлмей аман.
Төрт жаққа төрт борбайын кергендігі,
Меңгерем төрт тарапты дегендігі.
Қасқайып басы оның биік жатса,
Ел-жұрттың болар ма екен кемеңгері?
Бір жұмбақ бұл баланың қылықтары,
Шығады қандай өнер жуықта әлі.
Сыр беріп, «бала пәлен» демегенмен,
Төле би онан ғажап сыр ұққан-ды.
Түйеден өтіп, бала жылқы бақты,
Жаратып баптап мінді әсем атты.
Тимеген жүген-құрық асауларды,
Шыңғыртып, жуасытып ноқта сапты.
Төле би өзі берген рұқсатты,
Бағады жігіт жылқы парасатты.
Міне бер көңіліңе жаққандарын,
Жорға-жүйрік, жүріскер тұлпар атты. Жылқыны қыста барар отарға айдап,
Ауылда жазда жүрді бие байлап.
Қалмақтар Шарыш бастап елді шапты,
Қазақты алмақ болып түгел жаулап.
Аттанды атқа мінген жігіт қалмай,
Тоқтамас намысты ер шепке бармай.
Сайланды Сабалақ та барамын деп,
«Сен барма, жассың» деген сөзге ұнамай.
-Сен жассың, жағаласар жауға барма?
Кетерсің жемтік болып найзаларға.
Тең болар соғысқанмен ауылда боп,
Сақтасаң ит-құс, жаудан малды аманда.
Дегенде, бала қатты ойланады:
«Жетсе ажал, қашқанмен кім қалады?!
Іздеген ата жауым келгенде өзі,
Шайқаспай жаным қалай төзе алады?
Шешемді кегім үшін қиып келдім,
Жанымды шүперекке түйіп келдім.
Алмайтын ата-баба қанды кегін,
Қалмаққа құл болуға туып па едім?!
Бола ма желкілдеген тудан қалсам,
Елімнің ер қосыны-дудан қалсам?
Болмайым ба елге-күлкі, ерге-намыс,
Қояндай желден қорыққан бұға қалсам».
Жөнелді жапа-жаяу содан былай,
Мінуге көлік етер ат сұрамай.
Төле би ат, азық та ал деген жоқ,
Кетті деп «барма» деген сөзге ұнамай.
Би ойлады: «Есейсе ер болар еді,
Күш-қайрат, ақылы да толар еді.
Қатпаған бұғанасы сәби қалпы,
Қиылып қыршынынан солар ма енді?
Есейсе, елге септік қылмас па еді,
Ер мінер елден бір тай тумас па еді?
Тіл алса, он мың жылқы соныкі ғой,
Бір тайын би атасы қимас па еді?!
Тіл алмай кетем десе, өзі білсін,
Мінбесін бір тай ұстап, ия мінсін.
Ат, қарусыз тойшылап барғандай боп,
Барам десе жауына барып тұрсын».
Сабалақ сол кеткеннен кетіп қалды,
Арқалап талай азап, көп сандалды.
Мінер ат, киер киім, қаруы жоқ,
Ел кезіп, соғыс жаққа құлақ салды.
Ынтасы қалмақпенен бір соғыспақ,
«Ежелгі ата жау» деп кегін алмақ.
Астында ат, қолда қару болмаса да,
Әйтеуір «жау бар» деген жаққа бармақ.
Ол ойын Сабалақтың кім біледі,
Кім бұған қару іліп, ат береді?
Ел кезіп бас-аяқсыз келе жатса,
Алдынан бір бай ауыл кез келеді.
Ауылдың келе жатып сыртын жанап,
Біреуден ат суарған алды сұрап.
-Ауылы Темірбайдың,-деген еді,
Бұрылды кетейін деп бір сусындап.
Байыппен үйге кіріп, сәлем берді,
Отырған бәйбіше мен байды көрді.
Жас бала танымайтын, сырты кірбең,
Темірбай:-Мен көрмеген бұл кім?-деді.
Темірбай сәлем алып, жөн сұрады,
Әкесі, елі-жұртын тең сұрады:
«Барасың қайдан келіп, қайсы жаққа,
Атың кім, баян етші?»-деп сұрады.
Бала айтты:
-Жаһан кезген мен бір жетім,
Білмеймін қайда екенін елі-жұртым.
Кісіні есіркеген жақыным деп,
Ел кезген жетімекпін-осы сиқым.
Білмеймін әкем атын пәленше деп,
Атымды ел айтады «Сабалақ» деп.
Ат па екен әкем қойған, ел қойды ма?
Білмеймін бұл жерін де әлі тектеп.
Басымнан кім сипаса, сол боп әкем,
Алайып қабақ шытса, қорқып кетем.
Алда аға, артта іні-жанашыр жоқ,
Жандаймын бұл өмірге туған бөтен.
Темірбай қайран қалды сөздеріне,
Жарқ еткен нажағайдай көздеріне.
Қайырмай қайта жауап аз кідірді,
Балаға қарай беріп көңіл бөле.
-Жоқ болса, жанашырың паналайтын,
Жұмысың болмаса елді аралайтын.
Тамақ та, киім де бар саған жетер,
Мал да бар шамаң жетсе баға алатын.
Қонақ бол, бірнеше күн деміңді алып,
Тұрақтап барар жерді есіңе алып.
Сен үшін қазан асып, от жақпаймыз,
Жаяулап келіп қапсың ашып-арып.
Сабалақ бас изеді ұнағандай,
Ой соқты-аялдайды бір жұмадай.
Сездірмей Сабалаққа бай, бәйбіше,
Құпия сөйлеседі елге жаймай.
-Тоғыз ай екіқабат, болсаң жүкті, Баланы таба алмассың мұндай, тіпті.
Адамның асылы екен мына бала,
Бала ғып бағып алсақ, неміз кетті.
Бала жоқ бір шыр еткен кіндігімнен,
Көрмесем, кімнен көрем, Тәңірімнен?
Өзіңнен туса бала бұдан артпас,
Байқасам, бұл баланың тұрқы бөтен.
Бәйбіше байдың сөзін қайырған жоқ,
Баланы көрген сайын көңілі тоқ.
Көктен тілеп жүргенім өзі келді,
Артыма қалар болса осы ие боп.
Қуанды бәйбіше де ұл тапқандай,
Баланы мейірі түсіп ұнатқандай.
Темірбай көп әңгіме аяғында,
Бастады май тамызып сөзді мұндай:
-Ей, бала, көңілім толды сені көріп,
Балаға бір шыр еткен едім жерік.
Жанымда туыстарым аз да емес,
Шықпайды бірақ бірге үйден еріп.
Айтатын бұйымтайым мынау саған,
Бала боп тұрып қалсаң қайтед маған?
Мал-жанға менен кейін сен иесің,
Өлсем қой, таза арулап, жүрсең аман.
Бөтен ой Сабалақ та білдірген жоқ,
Темірбай бәйбіше мен қалды мәз боп.
Соғысқа барар ойы тағы да бар,
Деп түйді сәті түссе ерте-кеш жоқ.
Сонымен Темірбайға бала болды,
Темірбай бұл балаға пана болды.
Басқарып ақылменен әрбір істі,
Сабалақ дәл он сегіз жасқа толды.
Бәйбіше, Темірбайдың, тоқалы бар,
Жамағат, ел-ағайын кейде іші тар.
«Сабалақ тоқалменен көңілдес»,-деп
Көре алмас күншілдердің өсегі бар.
Бұл өсек байға жетті еміс-еміс,
Бар десіп Сабалақта суық жүріс.
Естіпті Сабалақ та бұл өсекті,
Әр жерде сөз қылысқан сыбыс-сыбыс.
Сабалақ шыдамады мына сөзге,
Көп түспей, намысы кеп ел көзіне.
Долданып, белін буып кетейін деп,
Құлақ естіп, көз көрмес алыс жерге.
Ауыздан шыққан сөзді жию қиын,
Тарап кеткен өсекті тыю қиын.
Аузым бар деп сөйлейді кейбіреулер,
Олардың аузын жіппен тігу қиын.
Бір күні былай деді Темірбайға:
-Сіз-әке, мен-бала боп жүрдім мұнда.
Соғысып қазақ, қалмақ жатыр екен,
Келеді менің барғым соғыс жайға.
Жалада қалдым бекер сөзге ілініп,
«Ақта» деп, кімге барам мен жүгініп.
Ас беріп, ат мінгізіп, ардақтадың,
Туысың көре алмады іші күйіп.
Қалмақтың тұр қазақтан күші артып,
Қазаққа соғыс сайын тісі батып.
Қумаған ел намысын ер бола ма?
Сабыр қып тұра алмадым үйде жатып.
Жаным бар жау дегенде, жалындаған,
Қалмақта кегім ауыр алынбаған.
Не өліп, не өлтіріп оралайын,
Ей, ата, рұқсат бер енді маған.
Темірбай төмен қарап ойлады көп,
Бір қаяу көңіліне келді ме деп.
«Өсегі от басының түгемейді,
Ағайын көре алмады-ау, белдеу жау боп».
-Ағайын бағың артса, көре алмайды,
Қолда жоқ болса, бөліп бере алмайды.
Естіп ем, еске кірмес суық өсек,
Туысым бізді бөлмей тұра алмайды.
Сен маған бала болдың Құдай қосып,
Боп жүрдік ата-бала құрметтесіп.
Бас құрап, енші беріп, отау тігіп,
Берейін деп жүр едім, мезгіл тосып.
Ариды ат тұяқтан, ер құлақтан,
Өсегі көп жаманның жанға батқан.
От жағып арамызға бөлмекші екен,
Безгендер адамдықтан, ар-ұяттан.
Арманға жете алмадым ойлағанмен,
Бармадым бұдан ары болжағанмен.
Сөз еріп, өсек қаулап сағың сынар,
Тұрмассың енді мұнда зорлағанмен.
Бір күнде «бала бол» деп қалағанмын,
Туғанға тумасаң да, балағанмын.
Алып кет мал-дүниеден қалауыңды,
Есіңде тірі жүрсең, мен болармын.
Кетуге ниет бұрдың, қайт демеймін,
Айналып қайта келсең, жат демеймін.
Алып кет керегіңді, тағы өтінем,
Қолыңды еш нәрседен «тарт» демеймін.
-Ей ата, тумасаң да мейірің тәтті,
Араға өсек сөнбес отын жақты.
Әуелі, батаңды бер-рұқсат ет,
Сұраймын сонан кейін сарбесті атты.
Үйретіп өз қолыммен ноқта салғам,
Аңсарым көп жылқыңнан соған ауған.
Дейтұғын «ер жігіттің ат-қанаты»,
Ешнәрсе қаламаймын басқа содан.
Сабалақ батасын ап, атқа мінді,
Қолына жарқылдатып қару ілді.
Жас батыр жалаңдаған арыстандай,
Соғысқан қазақ, қалмақ жерге келді.
Үш жүзден барлық қазақ жиналыпты,
Қабанбай орта жүзден қол жиыпты.
Бөгенбай ұлы жүзге қолбасшы боп,
Ортаға Әбілмәмбет ту тігіпті.
Орта жүз кіші жүзбен бірігіпті,
Сан батыр бар бірінен-бірі мықты.
Жақын жер деп деңгейін әтей қалап,
Сабалақ Бөгенбайды іздеп кетті.
Бөгенге сәлем берді Сабалақ кеп,
Ер Бөген жалт қарады «мынау кім»? деп.
Жас жігіт, жаңа өспірім сары ат мінген
Ізет қып тұра қалды көлденеңдеп.
-Сабалақ, сұрасаңыз, менің атым,
Аулынан Темірбайдың мінген атым.
Ел кегі, ер намысы үйде қоймай,
Қалмақтан кек қайтару-аманатым.
Бөгенбай қайта жауап қайырған жоқ,
Болғандай жауабына көңілі тоқ.
Сөзіне, мінезіне, келбетіне,
Ажарлы айбатына қарады көп.
-Ей, қарақ, құп болады маған ерсең,
Көңілім толды саған байқап көрсем.
Келбетің жауға жасыл түсіргендей,
Жауымнан мен разы, есе әперсең.
Әуелі атымды ұстап, қасымда жүр,
Кей жігіт қара сөзде болады-дүр.
Жасымас, жаудан қайтпас сыртқы бейнең,
Сонда да соғыс жайын көзіңмен көр.
Сабалақ естуші еді Бөгенбай деп,
Көрмеген мұндай жақын қасына кеп.
Таңданып, өрлі-қырлы қарай берді,
Барады екі көзі Бөгеңді жеп.
Бөгенбай дәу кісі екен, ұзын бойлы,
Қарасұр, қыр мұрынды, ойлы көзді.
Иегі ұзын, көзі өткір, биік қабақ,
Кесек дене көргеннен көзге толды.
Салалы жұмыр келген ұзын саусақ,
Ауыр жүк зор денесі-атқа салмақ.
Айбарлы дауысынан жер сілкінер,
Шақырса ұран салып: «Маянбайлап!»
Бәрі бар батырлықтың мүшесінде,
Олқы жоқ өзі істеген әр ісінде.
Астында Нарқызыл ат алған баптап,
Топта жоқ мұндай жылқы мінген пенде.
Сабалақ атқосшы боп жүрді жанап,
Алған соң атшылыққа өзі қалап.
Бөгенбай Сабалаққа көп қарайды,
Деп ойлап, бір зор іске қалар жарап.
Соғысқан екі-үш жылдай қазақ, қалмақ,
Жеңе алмай бірін-бірі жүрген арбап.
Тынығып бірнеше рет соғысса да,
Қазаққа қиын болды қалмақты алмақ.
Қалмақты бастап жүрген Ғалдан Серен,
Өзі хан, өзі батыр айтсаң тегін.
Қазаққа жарлық айтқан-Әбілмәмбет,
Оның да таба алмайсың кемтік жерін.
Қалмақтың ең батыры Шарыш деген,
Ғалдан хан оны ерекше құрметтеген.
Жиылып қалмақ, қазақ көз жіберсе,
Шарышқа тең келер жоқ жалпақ елден.
Зор дене, түсі суық, шойын қара,
Байқасаң, жүз кісілік бардай шама.
Білектей белге ораған айдары бар,
Ұқсайды дулығасы мұнараға.
Күші мен әдіс-қайла тең келгендей,
Мың бұттық қара тасты өңгергендей.
Асып тұр мың сан қолдан кесер басы,
Тұтқасы болса жерді иіргендей.
Зор туған қалмақ екен жуан кеуде,
Жан шықпас тең айтар бұған мүлде.
Мақтанып ескектейді желденгендей,
Соқтырған сом алтыннан бәрін нақтап.
Таңдаулы бес қаруы өзіне сай,
Қандай жан қатуланса құтылмас жай.
«Жекпе-жек»,-деп топтан шығып айғайласа,
Қалың қол бір толқиды адам таппай.
Көп шыққан жекпе-жекке қазақ жақтан,
Бәрін де қалмақ жеңіп, қылған мақтан.
«Батырмыз жүз кісілік» деп жүргендер,
Түйреліп найза ұшында құлады аттан.
Бөгенбай, Қабанбайлар-қолдың басы,
Әбілмәмбет ханының ақылдасы.
Батыр Бөген жекеге шығам десе,
Ұнамай Әбілмәмбет болды қарсы.
Жоқ жосық басшы жеке шығам деуге,
Адам сайлап, ту ұстап тұрам белде.
Қолбасшысы жығылса, ту жығылар,
Жеңілгендік белгісі көрер көзге.
Бөгенбай сұп-сұр болып, түсі қашты,
Ояңдап отты көзін қабақ басты.
Шарышқа жекпе-жекке шықпақ болды,
Қорлығы бұл қалмақтың жанға батты.
Ұнамай Әбілмәмбет қатаң тұрды:
-Сен өлсең, ту жығылып, қол құриды.
Тобыңда ер кезекке жоқ па жігіт?
Бар болса таңдап содан шығар бірді.
-Ең мықтыңды шығар,-деп, Шарыш тұрды,-
Кеш қылып, тұрамысың, ерте күнді.
Болмаса, туыңды жық, жеңілдім де,
Сені тосып атымның белі талды.
Бөгенбай шықпақ болды кезегіне,
Ұнамай Әбілмәмбет хан сөзіне.
Сұрады сонда рұқсат: «Мен барам»!» деп,
Сабалақ Бөгенбайға кеп жүгіне.
-Ей, бала, сен шықпайсың, жасың кіші,
Он есе сенен артық оның күші.
Көрмеген бұрын соғыс жас баласың,
Ол сайқал көп соғыстан бар әдісі.
Қаласың бекер өліп, жеңе алмайсың,
Мен қалам қайғы тартып, келе алмайсың.
Әуелі мен барайын, сен тұра тұр,
Туды ұстап, мен келгенше қозғалмайсың.
-Мен өлсем, бір бала өлер көп қолыңнан,
Өлмесем, серпілтермін азабыңнан.
Сынап көр, Сабалақты бұл майданда,
Кегім бар түгемейтін төрт атамнан. Тамам жұрт жалт қарады, бір бұрылып, Сабалақ «шығамын» деп, тұр жүгініп. Қатпаған қабырғасы жас баланы, Ер Бөген жібермей тұр көзі қиып.
Біреулер айтты: «Рұқсат берсеңіз,-деп,-
Қайратын жас қыршынның көрсеңіз,-деп.
Ершікеш, өжет мінез бала екен,
Шықпас ол өз басына өлім іздеп».
Бөгенбай рұқсатты болды бермек,
Қалың қол тамашаны енді көрмек.
Адақтап бес қаруын баптап алып,
Мініп ап Сарбестіні болды жүрмек.
Сабалақ топтан шықты «Абылайлап!»
Шарышты «қайдасың?!» деп көзі жайнап.
Паңсынып Шарыш тұрды көзіне ілмей,
Келед деп бір баланы ажал айдап.
-Ей, бала,-деді Шарыш,-қалжақтама,
Мұндай әдет жоқ біздің қалмақтарда.
Жоқ па еді жанашырың аялайтын,
Саған ерте соғыспақ, ойлап қара!
Оқиды сендей бала молдасында,
Тай мініп жарысады үй қасында.
Тобыңнан жігіт шықпай, бала шықты,
Қалғаны еркек емес, ұрғашы ма?
Қазаққа сендей бала жазалы ма,
Болмаса маған қылған мазағы ма?
Мойныңды шілше бұрап лақтырайын,
Тұрғанда шыдай алмай ғазабыма.
-Ей, Шарыш, баласынып, қапыл қалма,
Мені аяп, жастығымды есіңе алма.
«Танымас күш атасын»-есіңде ме,
Жете ме көзің тірі қаларыңа?
Мен өзім он сегізге келдім жаңа,
Өлтіремін деп тұрмын, бері қара.
Бойдағы құдіретіңді түгел жұмса,
Айтамын тағы қайта: «Қапы қалма!» -Ей, бала, соғысам деп өлмеймісің,
Соғыссаң, ержеткенде келмеймісің.
Топ көрмеген баланы соғысқа айдап
Отырған ел мінезін жөн деймісің?!
Япырай, мені қазақ қылды мазақ,
Өтпес-ау дүниеде бұдан азап.
Кезекті алдыменен саған берем,
Онан соң мойыныңды үзем, шілше бұрап.
-Ей, Шарыш, қалмақтікі кезек бұрын,
Ол жолды ертедегі бұрма қырыс.
Айтып қал арманыңды, сен өлесің,
Тосып тұр, не десең де, ажал бүгін!
-Ей, бала, көне алмаймын қалжағыңа,
Түсесің сөз сөйлесең, ар жағыма.
Соғыста он тоғыздан болдым шебер,
Ақырсам, шыдамайсың зардабыма.
Етекке тудың басы құлағандай,
Ұтылған сөзден Шарыш шыдай алмай.
Атына қамшы басып тұра ұмтылды,
Күшті қол өткір найза сынағандай.
Түкіріп, екі қолға күшін жанып,
Қызарып, екі көзі оттай жанып.
Бетке алып өндіршекті келе жатыр,
Шығармақ ту сыртынан бір-ақ жарып.
Қатты қол, төніп келген өткір найза,
Жарқ етті ақ сауытқа қадалғанда.
Өзіне-өзі сенбей қалды тұрып,
Найзасы дәл ұшынан майырылғанда.
Сабалақ «Абылай!» деп ұран салды,
Найзаны майырылған жұлып алды.
Құлаштай Сарбестіге қамшы басып,
Ағындап шауып келіп, кезек алды.
Ұмтылды Сарбестімен шоқтай болып,
Атылған сары мойнақ оқтай болып.
Желкеден өткір қылыш сарт еткенде,
Шарыштың басы түсті доптай болып.
Шарыштың басы түсті әуел жерге,
Көз жетпей, сене алмай тұр көрген пенде.
Мұқыл терек секілді дене қалды,
Дулыға жерге түсіп жарқ еткенде.
Тездікке жоқ ешкімнің көзі жеткен,
Сағымдай неткен тездік болып өткен.
Дулыға жарқ еткенде аттан төмен,
Толықсып дию дене құлап кеткен.
Шарыштың көрді екі жақ құлағанын,
Өкіріп қалмақ жағы жылағанын.
Ағындап кеткен атын қайта бұрып,
Сабалақ көрді Шарыш сұлағанын.
Еңкейіп ат үстінен ілді басты,
Айдардан тақымына мықтап басты.
Аттан!-деп «Абылайлап» қолды бастап,
Қалмаққа шалқар түсте араласты.
Сырылып, қалмақ қашып жөнеледі,
(Қолынан қашпағанмен не келеді?!)
Кес-кестеп қазақ тосып, алдын алса,
Серкесіз қой секілді бөгеледі.
Қалмақтар сол қашқаннан қаша берді,
Жеткеннің қазақ қанын шаша берді.
Бұқпалап кейбіреулер өлген болып,
Жабыттап сай-жыраны жата берді.
Қалмақтар қаша берді тоқтай алмай,
Бір жерге басын құрап, топтай алмай.
Әркімге өз тірлігі тәтті болды,
Кім өліп, кім қалғанын жоқтай алмай.
Қалмақтар сол қашқаннан кетті қашып,
Артына бір бұрылмай қатты сасып.
Батысын Тарбағатай көктей өтіп,
Айналып Барқыт белге жөнелді асып.
Өкшелеп қашқан жауды қазақ қумас,
Ежелгі ата жолы әркім бұзбас.
Қалмақтың әбден көріп мына сиқын,
Деп қайтты енді бізге жау бола алмас.
Қазақтар жауын жеңіп қайтып келді,
Басына бір төбенің жиылды енді.
Кім өліп, кім қалғанын сұрастырып,
Тәуба ғып, бір Аллаға сиынды енді.
Хандары Әбілмәмбет жиды бәрін,
Қадірлеп, қастерледі батырларын.
Шақырып Бөгенбайдан сұрап отыр:
«Сары атты жеке шыққан кім»?-деп жайын.
-Ол батыр,-Бөген айтты,-Сабалақ,-деп,
Әкем жоқ, өзі айтады жетіммін, деп.
Атқосшым жанымдағы ертіп жүрген,
Айтпайды, ата жөнін білмеймін, деп.
Білмек боп Әбілмәмбет ата жөнін,
Жан емес мына бала жүрген тегін.
-Шақыршы атқосшыңды, Бөген батыр,
Көрейін сары аттының өзім бетін.
Сабалақ шақырған соң жетіп келді,
Қазандай қара басты тастай берді.
Білектей айдары бар құлаш жетпес,
Сескеніп көрген адам бетін бұрды.
Шарыштың басын көрді алған кесіп,
Байланған қанжығадан берген шешіп.
Қайран қап бұл баланың ерлігіне,
Аялдап, Әбілмәмбет тұр кеңесіп. -Ей, бала, ұраның не «Абылайлаған»,
Елде жоқ мұндай ұран таптың қайдан?
Кім өзі Абылайың, ұғындыршы,
Ұранға естімеген қалдым қайран.
Өзің бір жас баласың-жаңа талап,
Таңғалып ерлігіңе тұрдым қарап.
Атың кім, әкең аты, елі-жұртың?
Разы болдым саған, бер баяндап.
Бала айтты:
-Абылай деген-үлкен әкем,
Атақты өзі батыр, жауға бекем.
Соғыстың қасиетті бір пірісі,
Шақырдым деп «жауымды жеңер ме екем».
Сол бабам батыр екен елден шыққан,
Егескен талай жауын жерге тыққан.
Жасқанып, жалтақтамас жау дегенде,
«Қанышер Абылай» деп елден ұққам.
Ол өзі бір соғыста жаудан өлген,
Жалғанда қысқа ғана өмір сүрген.
Өзі атын өзі ұрандап шақырмайды,
Сондықтан бұл ұранды ел білмеген.
Дейді екен Уәлибақы арғы атамды,
«Қанышер Абылай» дер бергі атамды.
Өз әкем Көркем Уәли деген кісі,
Деп қойған Әбілмансұр өз атымды.
Бұлардың бәрі түгел болған батыр,
Соғыста әрбіреуі мыңға татыр.
Әкем, ата-бабамдар жаудан өліп,
Ішімде түгемейтін қайғы жатыр.
Баланың Әбілмәмбет сөзін тыңдап,
Бас изеп айтқан сайын отыр шындап. «Бір ұрпақ Уәлиден бар деуші еді,
Сол тұқым осы екен» деп тұр мойындап.
Балаға былай деді Әбілмәмбет:
-Атайды арғы атаңды Есім хан деп,
Ертеде Есім ханнан-Жәңгір туған,
Жәңгірден-Уәлибақы, Әз Тәуке деп.
Тәукеден-Әбілқайыр, туды Болат,
Болаттан-Сәмеке мен Әбілмәмбет.
Әбілмансұр, сен маған бауыр болдың,
Есіңе ал, ата жөнді ұмытпай жат!
Киіпсің кебін кимей кебенекті,
Білген жақсы тегінде ата текті.
Бауырына «бауырым» деп, қатты басып,
Көзінен сорғалатып жасын төкті.
Сипатың, ерлігің де тамаша екен,
Туылып, өскен жерің алаш екен.
Жасында нағашысы алып кеткен,
Немере-үлкен ағам баласы екен.
Екен ғой қабымыз бір, сабымыз бір,
Қарағым, көрген ісің бір үлкен жыр.
Құланның түзде туған құлынындай,
Келіпсің туып-өсіп елден қиыр.
Мен өзім-Әз Тәукенің немересі,
Сен болсаң, Уәлибақы шөбересі.
Уәлибақы, Әз Тәуке бірге туған,
Берейін мен тағымды, бол иесі.
Жеткенше жас, ақылың қасымда тұр,
Тағылым ап, танып-біліп тілімде жүр.
Аяйтын менің сенен ешнәрсем жоқ,
Онан соң, өзің бас боп тағымды құр.
Қыршын жас намыс үшін құрыды-ау»,-деп.
Ат қойдым енді саған деп «Абылай»,
Сабалақ, Әбілмансұр қалсын былай.
Атаңның Абылай деген аты сөнбей,
Жайнасын аспандағы от-жұлдыздай!..
Сабалақ содан Абылай аталыпты,
Жасы үлкен қариялардан бата алыпты.
Аңыз боп ат-атағы елден-елге,
Ерлігі бүкіл елге таралыпты.
Абылай деген даңқы кетті шығып,
Ерлігін сайыпқыран түгел ұғып.
Шарыш өліп, көп қырғын көрсе дағы,
Қалмақтар қалғаны жоқ мүлде бұғып.
Қалмақтар: «Жоғалтсақ, дәп Абылайды,
Қазақта бізге қарсы кім шыдайды?!
Деп ойлап:-өзі жас, өзі батыр,
Сол өлмей бізге, сірә, күн тумайды».
Көп қайла Ғалдан Серен ойлап әр күн,
Шарыштың алмақ болып өлген кегін.
Үйірлеп төрт түліктен мал айдатып,
Өлтірсе Абылайды бермек тегін.
Біреу оңда болғанда, біреу солда,
Дүние кімді салмас бұраң жолға.
Арын сатып, күн көрген әлдекімнен,
Тұрыпты тіл алысып анда-санда.
Бір талай аралықта заман өтті,
Қалмақтар Шарыш өліп болған кекті.
Сол кекті қайта барып қайтарам деп, Ғалдан хан адам жиып көп жінікті.
Жіберді көрнеу адам, жасырын да,
Іздетіп Абылайды әр порымда.
Солардан әйтеу бір күн тіл алыпты,
Кетті деп Абылайды бүгін аңға.
Абылай жас күнінен аңға құмар,
Бүркіт сап қансонарда аңға шығар.
Қуалап түрлі аңды, қызық көріп,
Кей кезде тіпті, алыстап елден шығар.
Бір күні Өтегенмен аңға кеткен,
Аң қуып елден алыс бір жұма өткен.
Салбурын шаршаған соң ен далада,
Дем алып, ат оттатып, қалғып кеткен.
Жантайып, атты тұсап, жатып қапты,
Ұйқыға әбден келген қатып қапты.
Қалмақтың жиырмадай жасауылы
Бас салып, осы жерде байлап апты.
Әкетіп Абылайды байлап мықты,
Алдына Ғалдан ханның алып жетті.
«Әкетті Абылайды» деген хабар,
Ілезде бүкіл елге тарап кетті...
Естіген Әбілмәмбет сұм хабарды,
Үһілеп, хан ордада, қайғыланды.
«Өлтірмей, не алса да, қайтарсын»,-деп,
Ғалданға әтей арнап елші салды.
Елшіден сөз байлапты екі түрлі:
«Жиырма ерге лайықтап берсек құнды.
Тұрамыз сертімізде табан тіреп,
Қанша мал алам десе айтсын шынды.
Тағы бір сөзім мынау сертім сынды:
Бермесе, соғысатын айтсын күнді.
Біткенше еркек кіндік соғысамыз,
Кім білер кім жеңіліп, кім жеңеді? Тоқтасын екі серттің біреуіне,
Болмаса, айтсын қояр тілегі не?
Ғалдан хан, жеті атаңнан хан боп өттің,
Білерсің ел тыныштық тілерін де.
Бермесең Абылайды тірі қолға,
Айналар істің арты-шыны зорға.
Шақырам хан басыңды жекпе-жекке,
Ел жайын өз жайыңмен қосып ойла».
«Сертіңе,-депті Ғалдан,-баса алмаймын,
Соғыссаң келе бергін, қаша алмаймын.
Қырылып бүкіл қалмақ түгесе де,
Топан су қаптатсаң да тайсалмаймын».
Ғалдан хан жатып алды көнбеймін,-деп,
Өлтірем, тірі қайтып бермеймін,-деп.
Шарыштың құны қалай жиырмалық?
Құнына мың кісінің тең деймін,-деп.
Қарысып жатып алды Ғалдан Серен,
Әбілмәмбет сарғайып жұтты шерін.
Жан-жаққа жарлық айтып, хабар салды,
Құтқару Абылайды болды қиын.
Ғалдан хан Абылайды ұстап алған,
Мақтанып маңайына дауырық салған.
Шынжырмен қол-аяғын тас қып байлап,
Жер қазып, тірідейін көрге салған.
Абылай біраз заман көрде жатты,
Болғанда бес-алты күн бір дәм татты.
Зынданы жерден қазған-темір есік,
Көруге болмаушы еді адамзатты.
Бір күні зынданынан алып шықты,
Сайлауыт, қоршағандар түгел мықты.
Алдына Ғалдан ханның бас игізбек,
Көрсетіп өлтірмекші бар қорлықты.
Көп қалмақ Абылайды ортаға алған,
Бекітіп қол-аяққа кісен салған.
Күн көрмей жер астында үш ай жатып, Сарғыштап кесек дене солғындаған.
Сондықтан ажары артық қатуланған,
Артық тұр зор денесі тұрған жаннан.
Кіргенмен көзі ішіне отша жанып,
Көп қалмақ мүсініне қайран қалған.
Сымбатты сұлу дене, ірі сүйек,
Тұлғасы жұмыр біткен бейне діңгек.
Бірі алдынан жетелеп, бірі итеріп,
Кіргізді хан ордаға әрең сүйреп.
Ордасы Ғалдан ханның он төрт қанат,
Келтіріп сәнмен тіккен бір салтанат.
Үй іші торғын-торқа оюлатқан,
Үзігі кестеленген қызыл манат.
Ғалдан хан дәл төрінде, тағында отыр,
Бір тілмаш, екі уәзір жанында отыр.
Ханымы Ғалдан ханның қызыл шырай,
Маңызды бір бәйбіше бабында отыр.
Байқаса бір азамат ұлы бардай,
Кішілеу Абылайдан жасы бардай.
Енді ғана бойжеткен бір қыз отыр,
Хан, ханым, бір ұл, бір қыз-төрт адамдай.
Ордаға тұтқынды алып төртеу кірді,
Қалғаны қылыш алып сыртта тұрды.
Бас қою хандарына парыз екен,
Кіргендер тоңқаң қағып басын иді.
Біреуі Абылайды нұқып қалды,
Дегендей, ол немене жалт қарады.
Басыңды ій, сен де ханға дегені ме,
Білсе де, білмеген боп тұрып алды.
Орда жым-жырт, дыбыс жоқ ызың еткен,
Кіргендер аузын ашпай бұйрық күткен.
Әуелі, хан кеңесті бастамаса,
Құрметсіздік болар деп айып кескен.
Осылай хан орданың ережесі,
Кімнің тең болмақ ханмен терезесі.
Шартты бұзған пендеге жендеттердің
Дайын тұр қылыш пен дар, жеребесі.
Қиылып хан қарады Абылайға,
Кезігіп көрмегендей мұндай жанға.
Қаймығып арыстандай айбатынан,
Лайық-ақ ер екен деп мақтағанға.
Шашы өсіп, киім кірлеп, жүдеу тартқан,
Жаралы қолы-аяғы кісен қаққан.
Сонда да сағы сынбай жайнаңдайды,
Еместей шымбайына қайғы батқан.
-Кімсің сен?-деді Ғалдан,-жауым қазақ,
Мойныңа салынып тұр біздің тұзақ.
Өлтіріп Шарышымды, елді қырдың,
Көрсетіп өлтіремін саған тозақ.
Қалмаққа неге болдың сонша дұшпан,
Ит қазақ, ажалың ғой сені қысқан.
Өлімнің босағасын тұрсың аттап,
Біз саған қыла алмаймыз енді бостан.
Шарыштың сені өлтіріп, кегін алам,
Ойлама деп: «бұл жолы тірі қалам».
Құнына мал есептеп отырмаймыз,
Бірге бір, әуел сенің басыңды алам!
Арызсыз сен өлтірдің Шарышымды,
Жал-құйрық, алға ұстар арысымды.
Біздің жол-өлтірерде тілек сұрау,
Айт, қане, айтатұғын арызыңды!
ды осыны айтып Ғалдан Серен,
Бергендей Абылайға сөз кезегін.
Тыңдай тұр жалықпасаң естігендер,
Сөйлейін Абылайдың не дегенін.
-Есім хан алтыншы атам хан боп өткен,
Үзілмей тұқым қуып бізге жеткен.
Әбілмансұр, Сабалақ-бұрынғы атым,
Қазір ел Абылай деп атап кеткен.
Сарыарқа-қасиетті туған жерім,
Қандасым Әбілмәмбет-асқар белім.
Өз әкем, ата-бабам жаудан өліп,
Қалмаққа сол себептен асқан кегім.
Шарыштың өзі шығып жекпе-жекке,
«Бірің шық!» деп айғайлап тұрды көпке.
Намысқа шыдай алмай содан шықтым,
Көне кек араласып жаңа кекке.
Ол алып әуел кезек найза салды,
Найзасы майырылып батпай қалды.
Мен алып кейін кезек қылыш шаптым,
Домалап басы алдыма түсіп қалды.
Соғысты ол майдандасып-арманы жоқ,
Соғыста ешбір қапы қалғаны жоқ.
Мені ұйықтап жатқанда байлап алдың,
Кетеді-ау, осы жерің арманым боп.
Ұрлықпен ұйқы үстінде байлап алдың,
Арманым алыса алмай қапы қалдым.
Мал тонап, ел бүлдірген кінәм де жоқ,
Қалайша Ғалдан маған қатуландың?
Еліме пәле тілеп Шарыш барды,
Шарыштың менің елім несін алды?!
Шақырып жекпе-жекке күші жетпей,
Қан тілеп, қанын төгіп өліп қалды.
Күйзеліп бара жатыр қалың елім,
Ойға қала сала алмай, тауына егін.
Болмаса сен қалмақтың шабуылы,
Көркейіп қайран елім, байыр едім.
Келеді орындалмай ойда арманым,
Шапқан соң, жылда елімді сендей жауым.
Ойымда орны толмас өкініш сол-
Сен жауды жоғалту ед ойлағаным.
Жай түскен жалғыз ағаш селкілденіп,
Тамырсыз құримын ғой кетсем өліп.
Зардабын жалғыздықтың тарттым қатты,
Осыған қайғыланам тағы өкініп.
Жалғызбын төрт атамнан бері қарай,
Мені өлтірсең құриды тұқым қалмай.
Кетпедім қатын алып, бала сүйіп,
Дегенде хан ханымы қалды қарай.
Ханымы былай деді сөзді бөліп:
Төрт ата келген екен жалғыз болып.
Тұқымың сенің дағы құрымай ма,
Жалғыз ұл Әмірсана қалса өліп?
Дегенде Ғалдан Серен қалды ойланып,
Бір қарап ханымына көзі аларып.
Абылай орынынан ұшып тұрды,
Ханымның қалмақша айтқан сөзін ұғып.
-Орныңнан,-Ғалдан айтты,-тұрдың неге?
Қуанба жалғыз ауыз айтқан сөзге.
Мен сені өлтіруден қайтқаным жоқ,
Ол бос сөз қатын айтқан медеу кімге?!
-Ақылды жан деп қалдым ханымыңды,
Түсінді зеректікпен айтқан шынды.
Тең болды босатқанмен ханым сөзі,
Теңеді мен жалғызға жалғыз ұлды. Күштілер тау көтерер, тас көтерер,
Өлезге қайрат бітпес бас көтерер.
Ақылды тау көтерген күшті бөгеп,
Мұзға гүл, тас бетіне алтын егер.
Қара күш адамдағы ол бір айбар,
Алыстан ақыл деген бір-ақ арбар.
Білек жуан болғанда бірді жығып,
Білімді иландырып мыңды жығар.
«Қол қойдым, мынау сөзі тегін емес,
Мың батпан, оңай-оспақ жеңіл емес.
Өлтірмей бұл қазақты қоя берсек,
Қайталай меніменен қылар ма егес?
Бар деген үш арманым сөзі де нақ,
Ол арман екеуі де маған ортақ.
Қапыда қалдым деген бір арманы,
Болатын батырларда бұрыннан-ақ».
-Екенсің сен де жалғыз төрт атаңнан,
Келемін мен де жалғыз төрт атамнан.
Жалғыз ұл жар дегенде-Әмірсана,
Ол өлсе белгі қалмас ұрпағымнан.
Өлімге енді сені қия алмаймын,
Қастандық жалғыздыққа қыла алмаймын.
Дос боп өт, өлгеніңше жалғыз ұлмен,
Бұл серттен қайта мойын бұра алмаймын».
Ғалдан хан Абылаймен көп кеңесті,
Тоқтатып сөзді ақылға көп теңесті.
Өлімнен Абылайды шын құтқарып,
Алғашқы қатуланған қойды егесті.
Ғалдан хан көп сұрады ел жағдайын,
Емініп ішкі-сыртқы көп мән-жайын.
Әр түрлі түйінді сөз сөйлеп отыр,
Жеткізіп өзінің де армандарын.
Абылай Ғалдан ханға ұнап қалды,
«Еліңде қой көп пе?» деп сұрап қалды.
Абылай қойымыз көп деген еді,
Қайырып Ғалдан мұндай ойға салды:
-Қой деген төрт түлікте көптің бірі,
Қойшысы-өтірікші, қойы-ұры.
Еліңде ұсақ жанжал басылмайды,
Мұндай ел болмас еді берекелі.
Ғалдан хан:-Көп пе,-деді,-сиыр, жылқы?
-Төрт түлік еліміздің түгел мүлкі.
Болмаса, төрт түлігі қатар өскен,
Болмайды салтанатты елдің сиқы.
Хан айтты:
-Жылқы бағып қымыз ішкен,
Төрт түлік малды бағып, іркіт піскен.
Келеді еңбексіздеу ондай халық,
Алыстау берекелі ортақ істен.
-Елдерің,-Ғалдан айтты,-сала ма егін?
Абылай деді:-Егін сап, төкпес терін.
Тыныштық сенің елің бермеген соң,
Әр жерде толқып жүріп көрген күнін.
Ғалдан хан Абылайды сынап көрді,
Жерлерден көңілге алған сұрап көрді.
Ақыл мен алып күші тең тоғысқан,
Білімді, терең ойлы бір жан еді.
Ғалданның Абылайға көңілі түсті,
Сырласып өткізді олар талай кешті.
Екі елдің ортасында егер болса,
Кеңесіп шешпекке анық уәделесті.
Сонымен Абылайдың соты тынды,
Абылай өмір жолын қайта құрды.
Ғалдан хан жалғыз қызы Гүлдежауды
Өмірлік Абылайға қоспақ болды.
Абылай аман-есен елге қайтты,
Құр қайтпай, ханның қызын алып қайтты.
Алдынан Әбілмәмбет өзі шықты,
Басынан кешкен істі түгел айтты.
Келген жоқ қара күшпен бұзып қамал,
Әр іске ақыл-айла тапқан амал.
Күш-тентек, қазан бұзар, ақыл аға,
Күшке сенген ақылға болар доғал.
Отқа салса күймейтін, суға батпас,
Құдықта қырық жыл жатса, тат та баспас.
Қырық жыл су түбінде жатса иесіз,
Нақ алтын сары түсін құбылта алмас.
Сол кезде Әбілмәмбет-ханның басы,
Қуанды жасарғандай хан ордасы.
Үш жүзге тұтас түгел хабар жолдап,
Айтылды ұлан-асыр той жобасы.
Үш жүзге ат шаптырып, жиды бәрін,
Айтыпты сырт елге де той қыларын.
Ай бұрын қос атпенен алдырыпты,
Елдегі ұлы қария, жақсыларын.
Үш жүздің жиып алды жақсыларын,
Айтпаққа хандық тағын тапсырарын.
Той қылып Абылайға бата сұрап,
Хан сайлап, халқы атынан бақ тілерін.
Айтады жасы алпыстан өткендігін,
Азайып ақыл-қайрат кеткендігін.
Хан бол деп, Абылайға айтқан серттің,
Мөлшерлі күні бүгін жеткендігін.
-Төрімнен көрім жуық енді менің,
Кенелттің тірі келіп, толды кемім.
Тірі күнде берейін өз қолыммен,
Мінеки, хандық мұрам болсын сенің!
Өзімнің ұлым да бар, қызым да бар,
Бола алмас бірақ олар бір саған пар.
Ел-жұртым разы болсын, әруақ та,
Тегіннен бабаңызға қарызым бар.
Баламды Құбайдолла бердім саған,
Болады ол да өзіңдей сайыпқыран.
Артта іні, бауырыңда балаң болсын,
Білінбес жалғыздығың болса аман...
Хан тағын сөйтіп берді Әбілмәмбет,
Абылай хан боп қалды алып міндет.
Арысы алты алаштың разы боп,
Жасады Абылайға үлкен құрмет.
Абылай хан боп өтті содан былай,
Керемет ақыл тапты талай-талай.
Ақылдың бітіп жатқан көзін ашты,
Жақсымен жақын жүріп жанасалай.
Қол жиып еліндегі батырлардан,
Қорғады елін келген сыртқы жаудан.
Арманы отырықтап қала салып,
Топтасып жер емшегін болмақ сауған.
Керейден жанға тартты Жәнібекті,
Туысы жаннан бөлек, заты текті.
Нұсқасын көрген жанның көзі тояр,
Шой желке, шойын дене, жуан мықты.
Есіктей кең кеуделі кере құлаш,
Кең иық, қақпақ жауырын, тайқазан бас.
Қол-аяқ бұлшық еті бөлек-бөлек,
Қол тисе білінеді бейне бір тас.
Қап-қара кішкене көз, жалпақ бетті,
Қыр мұрын, шықшыты кең қалың етті.
Аппақ тіс қолдан тізіп қалағандай,
Селдір мұрт, қалың ерін, сақалды епті.
Атқосшы жастайынан батырларға,
Бақыршы атаныпты ол тағы да.
Қара ұлан, қара бала деп те айтады,
Өз атын жау алдында жасыруға.
Мінері-көк дөнені таңдап малдан,
Қолқа сап нағашыдан сұрап алған.
Салқы төс, орақ мойын, томаға көз,
Жоқ еді көңілі қалған жануардан.
Шелек танау тау желін тартса жұтар,
Ысқырса екпінінен үй құлатар.
Кең сала, бауыры жазық, жұмыр тұяқ,
Жан шықпас, шауып кетсе, оған шыдар.
Желіп кетсе, басады желмаяны,
Өр, еңіс талғамайды тау, даланы.
Адыр-адыр таулардан шауып өтсең,
Терді қойып, білінбес бусанғаны.
Мінсе, мықты жануар жуан, жуас,
Адымы аттағанда алты құлаш.
Жан серігі жасынан жанға жайлы,
Жәкеңе дөненінен болған сырлас.
Тағы бар қанжығалы Бөгенбайы,
Үш жүзге белгілі еді оның жайы.
Қолбасы ұлы жүзде дәуірлеген,
Ақырса қамал бұзар әр нысайы.
Бөгенбай ер атанған он сегізде,
Таңдантар ерліктері естігенде.
Адамды тік қараса сескентеді,
Тік біткен қара қасы едірейе.
Бақандай саусақтары сала-сала,
Бұлшық ет жуан сіңір дара-дара.
Тұтқасы болса жерді иіргендей,
Мықты бел, қарулы қол елден ала.
Қарасұр, адам екен түсі суық,
Айбаты шошытардай келсе жуық.
Күшіне ақылы сай тым кемеңгер,
Атадан жаралған ол үздік туып.
Ел шеті тыныш болса жайын жүрер,
Жау десе ұран салып атқа мінер.
Белінде бес қаруы қашанда сай,
Жауына қамал бұзып жалғыз кірер.
Жауына жекпе-жекке талай шыққан,
Жапырып мың сан қолды жерге тыққан.
Ұран сап «Маянбайлап!» жауға шапса,
Дұшпаны жапырылып жерге бұққан.
Пар еді нарқызыл ат, шымқай жирен,
Жылқыдан он сегіз мың таңдап мінген.
Қанатты құстай еді қуса жетер,
Ақылды иесінің ымын білген.
Абылай көп кеңесер Бөгенбаймен,
Ел жайын, жау жайын да тани білген.
Құрметтеп Бөгенбайды хан Абылай,
Атайтын «Үкі батыр» ол тегіннен.
Батырлық, серілікпен жүреді екен,
Әсемдеп жорға-жүйрік мінеді екен.
Атанған сол себепті «Үкі батыр»-
Үкілеп басқа тымақ киеді екен.
Батырлар атақтысы-ер Қабанбай,
Қаракерей, ұраны: «Төлегетай».
Ат алған «Қоңыр әулие» соғысында,
Хан батыр, сыңғыр батыр, дарабоздай. Сом дене, орта бойлы, алып күшті,
Бүркіт көз, қараторы, жылы түсті.
Тапқыр ойлы, намысқор, алды болжар,
Абылай көп кеңесер ортақ істі.
Тобылғы торы аты бар көңіліне тоқ,
Ондай мал көп таңбалы найманда жоқ.
Салпы ерін, орақ мойын, томаға көз,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Дейді екен Қабанбайдың Қубас аты,
Тыңдасаң бұл туралы ертек те көп.
Алтай мен Ақтамберді, ер Есенбек,
Атақты Малайсары, ер Шыныбек.
Бұлар да Абылайдың батырлары,
Әйгілі ел қорғаған елден ерек.
Кеңгірбай, Боранбай би-ел үлгісі,
Ізбасты, Бұқар жырау-сөз үлгісі.
Дұғагөй шақшақ Жәнібек тағы да бар,
Жан досы, Абылайдың, молда кісі.
Осылар, міне, есімде қалғандары,
Батыры, әр рудың бағландары.
Тағы сан би мен сұлтан, серкелер бар,
Хан орда қолғанаты-тарландары.
Ордасы Абылайдың Орта жүзде,
Тең орта Ұлы жүз бен Кіші жүзге.
Ұлы жүз, Кіші жүздің хан мен биі,
Қондырған әтей арнап осы өңірге.
Орданы сәнмен тіккен он төрт қанат,
Ақ боз үй дөдегесі ойған манат.
Терме бау маржан көзді, жақұт жиек,
Күн мен ай шағылысып көзді шағад.
Бастарын керегенің жапқан күміс,
Желбауы жез шаңырақ күрең пүліш.
..шым жібектен, түгел шырыш.
Бау сандық, маңлық көрпе қойған жиып,
Құс жастық құшақ жетпес жүкке мініп.
Хандықтың алуан түрлі белгілерін,
Алтынды адалбақанға қойған іліп.
Бір жақта сүйек төсек оюланған,
Жолбарыс тарланынан тері жайған.
Асулы бес қаруы ірге жақта,
Бірқатар ретімен ыңғайланған.
Кестелі орман ішік ілулі тұр,
Кіселі күміс белбеу өзі бір түр.
Жалпақтау арғын тұмақ төрт төбелі,
Тақия алтын зерлі жанында тұр.
Орданың сырты қоршау қадаланған,
Түн болса, қада басы панар жанған.
Тігілген Абылайдың ала туы,
Желбіреп күндіз-түні алау жайған.
Жан еді жазық маңдай, дөңгелек көз,
Ат жақты, қыр мұрынды, алкүрең жүз.
Ат тісті, қара қасты, қою сақал,
Қайраттың белгісінен бетінде із.
Қабақты қатуланып түйсе кімге,
Кіреді иә інге, иә дінге.
Батырдың азығы-ет, сусыны-құрт,
Ішпейді қызыл шайды ұқсап бізге.
Білмейтін ел болмады Абылайды,
Бәрі де әділдікке жорғалайды.
Қамалға қару алып қарсы шапса,
Қызыл қан қылышынан сорғалайды. Сөйлесем құба қалмақ заманынан,
Белдеуден ат кеткен жоқ, қару жаннан.
Сонда да қазақ елі жомарттықпен,
Шілдеде қонағына тайын сойған.
Қазақтың осы кезде әруағы асты,
Маңына жолай алмай «шайтан» қашты.
Тентекті тезге салып иландырып,
Момынның зар жылаған көзін ашты.
Ханымы Абылайдың-Ғалдан қызы,
Елде жоқ асып туған бір қырмызы.
Жарасып ханымменен ынтымағы,
Айналды анасына елдің де ізгі.
Гүлдежау аты өзгерді Қарақызға,
Сай келді күн боп, ай боп ханымызға.
Жанда жоқ сұлулығы бір асылзат,
Құрметі артып тұрды, ел мен жұртқа.
Қарақыз ханым болды асып туған,
Ақылы дариядай тасып туған.
Құдайым пиғылына бақыт беріп,
Кешікпей жүкті болып, бір ұл туған.
Ол бала сол заманда асып туды,
Көңілін дұшпандардың басып туды.
Қарнынан анасының қан шеңгелдеп,
Қызартып екі көзін ашып туды.
Балаға Қасымхан деп қойды бір ат,
Болмаған алты алашта бір асылзат.
Абылай баласына көңілі толды,
Ел-жұртқа болады деп бір қолқанат.
Сол кезде қазақ-қалмақ соғыспады,
«Дауды-қыз, суды деген-шым ұстайды».
Елге ұйытқы Абылай хан жарлығымен, Қазақ та қала салып қоныстанды.
Абылай оң мен солға барып жүрді,
Алалық болса жөнге салып жүрді.
Береке мен бірлікті өсиеттеп,
Барған жерге ақылын жайып жүрді.
Әр іске күні бұрын болжау қыпты,
Қазақтың келешегін еске алыпты.
«Егіс сал, өнерге өрле, қалалы бол,
Сен кімнен қор едің»,- деп, жар салыпты.
Өнеге, кеңес айтып билеріне,
Қарайды жылы шырай жүздеріне.
Абылай ортадағы алтын қазық,
Құп тыңдап құлақ салар сөздеріне.
-Тең басқын ел алдында үзеңгіңді,
Боласың алаласаң елге мінді.
Аулақ бол өтіріктен, өсекке ерме,
Жауға тар, елге кең қыл пиғылыңды. Парақор, ұрлық, зорлық, қиянаттан,
Алыс жүр пайдасы жоқ жаман аттан.
Байыпты, байсалды бол, көреген бол,
Әр кезде аттамаңдар ар-ұяттан.
Айтатын тағы да бір сөзім мынау:
Қалмақ, қазақ, қырғыздар, болмаңдар жау.
Өзгерер болды кезі деп ойлаймын,
Жер үшін, жесір үшін барымталау.
Ежелден бөлінбеген туысымыз,
Бір таудың мекендеген бұғысымыз.
Киіз қалқа жамылып, шекпен киген
Кең жайлау, сахараның серісіміз.
Үш туыс берекемен тең боп өтсек,
Жауласпай, жағаласпай ел боп өтсек.
Жау болса сырттан келер, қырғын салар,
Таптатпас соларға елді дөң боп өтсек. Келеді бір жау төніп, темір ноқта,
Мойныңа салам дейді ойда жоқта.
«Чиң» атты шығыс жақта хан бар дейді,
Кең тұсау, ұзын арқау елге тұтқа.
Сол ханға сүйенейік қылмай қауіп,
Бара алсақ алыс емес жолды тауып.
Одақтас, тату көрші, дос болайық,
Қақпасын олар дағы алмас жауып.
Кеңесіп ел, биімен ақылдасып,
Ақсарбас айтып сойып, мақұлдасып.
Елшіге адам сайлап жіберіпті,
Қолына қағаз беріп, мөрін басып.
Осындай жүргенінде арман өрбіп,
Шығуға бір биікке көңіл бөліп.
Жұлдызы аспандағы ағып түсті,
Қасымхан жалғыз ұлы қалды өліп.
Бұл қайғы Абылайға қатты батты,
Төрт ұлы Қасымханның жетім қапты.
Келіні жас Қарақас жесір қалып,
Бурылдап қос қабағын қырау жапты.
Қайғыны қайрат басып, жаңылған жоқ,
Қайғының тұйығына қамалған жоқ.
Хандықтың салтанатын тұрды асырып,
Алты алаш билікке мін таға алған жоқ.
Абылай өз ойына болған мықты,
Алтындай бір арманды ойға бүкті.
Үйсінді бір айналып келейін деп,
Ертіп ап Ізбастыны жолға шықты.
Кідірмей содан әрі жүріп кетті,
Бірталай ел айналып күндер өтті.
Айналып Самарқанға барған түні,
Бір қызып, бір суынып ауырыпты.
Жөтелсе қан төгілді ауызынан,
Байқады ауруының беті жаман.
«Дәм-тұзым дүниеден таусылды»,-деп,
Сол күні-ақ күдер үзді шыбын жаннан.
Өткізді сұлқ жатып екі-үш күнді,
Сөзден қап, төртінші күн тіл күрмелді.
Жұмада бесінші күн ұлы бесін,
Келмеске кетті сабаз-жұмды көзді.
Ешкімнің аузы бармай өлді деуге,
Қазылған қара жерге көмді деуге.
Алаштың алты арысы үһіледі,
Сумаңдап суық хабар елден-елге.
Абылай өтті сөйтіп көзден ғайып,
Артына өшпестей қып үлгі жайып.
«Өлім қайда болғанда-топырақ сонда»,
Бір тауға Самарқанда қойды апарып.
Шыбын жан бір-ақ ұшты бу секілді,
Жығылды алтындаған ту секілді.
Қылған іс, өткен өмір көңілде анық,
Жоқтады бүкіл елі жыр секілді.
Келіпті «бауырым» салып би Боранбай,
Жиналды ел жақсысы тұтас қалмай.
Қалыпты Бұқар жырау келе алмаған,
Ізбасты естіртуге кетті солай.
Үйінде жатыр екен Бұқар жырау,
Жасы асып, болғаннан соң жүзге таяу.
Ізбасты сәлем беріп кірген кезде,
Селк етіп, көңіліне түсті қаяу.
-Ассалаумағалейкум, Бұқар жырау,
Бермеуші ең тірі жанға сөзден бұрау.
Жорып бер, бір түс көрдім өте жаман,
«Боғы деп түс түлкінің» бұрма шынды-ау! Бар еді бір бәйтерек биік өскен, Мәуелеп биіктігі көкке жеткен. Миуалы бұтақтары түгел жеміс, Саясын барлық елім көлеңке еткен. Түсімде сол бәйтерек кетті құлап, Тұрмастай қара жерде жатты сұлап. Ей, Бұқар, жорып берші бұл түсімді, Қарамай көңіліме мені сынап. -Арғында Ізбасты едің атың шыққан, Жаныңа жақын келген өнеге ұққан. Айрылып Абылайдан қалғанбысың, Қайғылы түсің жаман қабақ шытқан. Абылай елге біткен бір бәйтерек, Халқына асқар таудай болған тірек. Ерлігі ел қорғаған-көлеңкесі, Миуасы-дана ақылы болса керек. Бұхар жырау жырлады, Жырлап тұрып жылады. Нұры кеткен көзінің Көлдетіп жасын бұлады. Аппақ қардай сақалға Нөсер боп жас құяды. -Кешегі жүрген, ханым-ай, Келтірген хандық, сәнің-ай. Елге тұтқа болып ең, Разы етіп бәрін-ай. «Абылайлаған» ұраннан Қайта қашты жауың-ай. Егескеннен есе алар Табушы едің жолын-ай. Бір шипасын таппадық, Бір шыбындай жаныңа-ай. Сен өлгенше мен өлсем, Разы едім бәріне-ай. Тоқсан бес жасқа келгенде Айрылдым сенен, ханым-ай!
Тас түсті беліме, Қайғы түсті еріме. Иесіз мал бақтырмақ Болып едің еліме. Қалыңсыз қатын алдырмақ Болып едің теңіне. Жете алмай қалдың, қайтейін, Арманның алғы өріне. Егін сап, қала құрмақшы ең, Көктем мен күзеу жеріме. Дәулетке елді кенелтер, Келмей де кеттің кезіне. Кеттің, ханым, арманда, Армансыз жан болған ба? Алдыңнан шықсын періштең, Қияметке, барғанда. Кезігейік ханым-ай, Ұжмақта, Мақшар таңында. Тәңірдің ісін кім бұзбақ? Әуелде солай жазылмақ. Сендей батыр, данышпан Хан бізге қайдан табылмақ?! Таң қалып едім көргенде, Төле биде жүргенде. Сабалақ сары бала едің, Түркістаннан келгенде. Разы болдың оған да, Сабалақ ат сіңгенде. Атқосшы бала атандың, Бөгенбайға ергенде. «Абылайлап» жөнелдің, «Жекпе-жек» қалмақ дегенде. Сөзден ұттың қалмақты, Сен емес теңім дегенде. Бір Құдайдан тіледім, Шарышқа кезек бергенде. Сағымдай тездік істедің, Шарышқа таман төнгенде. Денесінен айырып, Желкеден басын бөлгенде. Дулығасы сыныпты, Басын жерден ілгенде. Әбілмәмбет қуанды, Жауды жеңіп келгенде. Жас алған еді көзіне, Туысқанын білгенде. Елді жиып той қылды, Ғалданнан аман келгенде. Разы болды барлық ел, Хан тағын саған бергенде. Айрылып қалдым өзіңнен Жетпіс үш жас кезіңде. Елге болдың бір шырақ, Ақылың дария, бір бұлақ. Сендей батыр үлгі айтар, Хан қайдан бізге табылмақ?! Әуелде солай жазылса, Әмірін Алла кім бұзбақ? Басы жұмыр пендеге, Ақыры өлім бір болмақ. Разы бол еліңе, Торқаң болсын топырақ! Жаннатқа жаның барғанда, Дүлдүлден мін бір пырақ. Алдыңнан Алла жарылқап, Бейіштен берсін бір тұрақ. Бұқар жырау тоқтады, Солқылдап, өксіп көп жылап. Қайғырды би мен сұлтан жерді құшып, Батырдың белі босап, қабақ түсіп.
Мұңайды шешен менен шежірелер,
Зар-мұңды домбыра, қобыз күйге қосып. Бірталай содан бері өткен заман, Жас өсіп, жарлы байып, ел жаңарған. Жыр-ертек, ертек-жыр боп бірден бірге, Қиссасы Абылайдың бізге қалған. Болады көзден ғайып өлген дене, Мұхитқа секілденіп шөккен кеме. Қашанда үлгілі іс елмен бірге, Дене өлсе, өнегені өлді деме!