БАБАЛАР СӨЗІ: Құлдың асуы туралы аңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

БАБАЛАР СӨЗІ: Құлдың асуы туралы аңыз

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

ҚҰЛДЫҢ АСУЫ

Өткен замандарда қарт Қаратаудың күнгей бетін жайлаған Нарымбет деген бай болыпты. Өз заманына лайық өмір сүрген Нарымбет байдың мыңғырған малы «Талдысу» өзенінің бойын алып жатады екен. Бай өзеннің «Күркіреу» деп аталатын сағасында он екі қанат ақ үй тіктіріп, жаздың қызығын көреді екен. Исі қазаққа аты танылған Нарымбеттің үйіне Сыр бойынан, Арқа жақтан жолаушылар жиі келіп тұрса керек. Сол замандағы өнерімен алашқа танылған сал-серілер, акын- жыршылардың және ел ағасы болып жүрген билер мен болыстардың бай үйінен дәм татпағаны кемде-кем. Жалғанды жалпағынан басып, шалқып өмір сүрген Нарымбеттің перзент атаулыдан Балайым деген жалғыз қызы болыпты. Байдың осы қызын айттырып алмаққа ниеттенгендер көп болса керек. Оларға қыз әкесі:

«Ниеттеріңе рахмет, Құдайдың берген жалғыз қызы болғандықтан, дәл қазір бәлен дей алмаймын, көз алдымда еркін ойнап-күліп жүргенін қалаймын. Әр нәрсенің өз уақыты бар», - деп, сөз салғандарға ыңғай танытпайды. Ешнәрседен таршылық көрмеген Балайым қатарының алды болып, бойжетеді. Көркіне ақылы сай ару қызды ауыл-аймақ қатты құрметтейді. Жастайынан молда оқуынан хат таныған Балайым оңы мен со­лын ерте танып, айналасындағылардың қадір-қасиетін бағалайтын дәрежеге жетеді.

Нарымбет байдың малын бағып, жұмысын істейтін малшы-жалшылардың арасында Садық деген жігіт бар еді. Ол әке-шешесінен ерте айырылыпты. Ес білгелі байдың босағасында жалшылықта жүреді. Садықтың мінезі тұйық, көп сөйлемейтін, есесіне қандай жұмыс болса да қажуды білмей, апырып-жапырып тастайтын еңбекқор болыпты. Басқа жалшылар сияқты байдан еңбегіне ақы сұрап, артық жұмыска міндетсіну дегенді білмепті. Нарымбеттің жылқыдағы күллі асауын үйрету де Садықтың міндеті екен. Ауылдағы жиын-тойларда балуандар сайысында талай топ жарған Садықты ел-жұрт мақтан тұтады екен. Жастардың «Ақсүйек», «Алтыбақан» сияқты ойын-сауықтарында Садық пен Балайым бір-біріне іштей құштар болып жүреді екен. Қанша құштар болғанымен, Садық өзінің жалғыздығы мен кедейлігінен жасқанып, Балайымға ойындағысын айта алмай қиналады. Балайым да Садықты ұнатқанымен, екеуінің қосылуына кедергінің көп болаты­нын сезіп, іштен тынып жүреді. Екі жас бірін-бірі аңсаумен жүргенде араларындағы ғашықтық сезім күн өткен сайын күшейе түседі.

Жаз бітіп, жұрт күзеуге көшер алдында ауылда шілдехана болады. Шілдеханада Садық пен Балайым оңаша кездеседі. Жігіт ұзақ уақыттан бергі іштегі құсасын тарқатып, қыз ал­дында ақтарылады. Қыз да көңіліндегі жан сырын жайып са­лады. Аңсаған армандарына жеткендей болған қос ғашық ел жайлаудан көшер күні түн ауа көзге көрінбей қашып кетуге уағдаласады. Уағдалы уақытта екеуі таң асқан жүйріктерге мініп, Талдысу өзенін бойлай жұрттан жырақтайды. Нарымбеттің малын күзететіндер ауылдан суыт аттанған екеуді байқап қалып, дереу байға хабар береді. Хабар жетісімен бай қызын сұрастырады. Қыз жоқ болып шығады. Дүрліккен ауыл Садықтың да жоқ екендігін анықтайды. Ашу-ызадан жарылардай болған бай шабарманын жинап:

«Құдай маған жалғыз қызды мені масқара етіп, жерге қарасын деп берген екен. Әр ауылдың бай-мырзаларын өзіме тең көрмей жүргенімде, қызым есік алдындағы құлақкесті құлыммен қашты деген сұмдық қой! Тез жетіп, ұлдың сазайын беріңдер», - деп жиырма жігіт жібереді.

Садық пен Балайымның кеткен бағытын хабаршының нұсқауымен дұрыс болжаған қуғыншы топ көп ұзамай қос ғашықты үлкен асудың тұсында қуып жетеді. Қуғыншылардан құтылмасын білген Садық Балайымды алға оздырып, өзі сәл кідіреді. Реті келсе, тіл табыспақ болады. Осы қуғыншы жігіттермен талай барымтаға бірге барғанын, біразының бала кезден бергі достары екендігін ойлайды. «Менің жайымды түсінер, жамандыққа қимас», - деп үміттенеді. Бірақ олай болмай шығады. Өңкей жарауға мінген жігіттер сөзге келместен Садыққа ұмтылады. Садық болса қаша ұрыс салады. Жиырма жігітпен жалғыз айқасқан Садық осы асуда қаза болады. Мұны көріп тұрған Балайым қиянатқа шыдамай, өзін-өзі өлтіреді. Со­дан бері бұл асу «Құлдың асуы» аталыпты.