БАБАЛАР СӨЗІ: Мәнжі батыр

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
Жиырма шақты түтінді шағын ауылдың бір пысығында қолтығының желі бар, бұт артар жалғыз қылқұйрығы болады екен. Күндердің күнінде бай мырзасының көзі соған түсіпті. Мырза араға кісі салып, жіңішкертіп қана ат майын сұрайды. «Жазған құлда жазық бар ма», бейшара ойы онға, санасы санға бөлініп, тыпыршиды кеп. Берейін десе, жүрегі күпті, бермейін десе, бай баласының айбыны мықты. Қойшы, сонымен бопсалауға шыдай алмай, ақыры дегеніне көнеді.
Арада біраз күндер өткенде мал иесі шыдамы түгесіп, мырзаға шет жағалап сұрау салмай ма?! Сол-ақ екен, қасқыр тартып кететін сырты түк, іші боқ жабағыны сөз еткені үшін бай баласы тас-талқан болып ашуланады. Ақыры адал малының қолынан сусып шығып бара жатқан соң сорлы кедей мырзаның аяғына бас ұрып, зар илейді. Бірақ бұл төңіректе оның зарына құлақ асатын ешкім болмайды...
Біраз уақыт өткенде мырзаның иек қағуымен қызметшілері оны үйден шығарып жібереді. Әкесінің көлеңкеде шиге арқасын сүйеп отырып, әлдекімге шағынғандай: «Кісіден иман қашқан ғой. Бөтен емес, бөгде емес, өзіңнен қорлық көргенің, сірә, естен кетер ме?» деп түңіле айтқан әңгімесін естігенде, Мәнжі сыртқа атып шығып, белдеудегі торысына ұмтылады. Ызаға булыққан жас өрен жайдақ атқа қарғып мініп, бай ауылына бір-ақ маңдай тірейді.
Бұл кезде мырза бірнеше жандайшабымен әлдеқайда жүргелі тұр екен. Астында әлгі ағайынының дәмелі жүйрігі. Бірді-екілі жиын-тойларда күреске түсіп, тапқан олжасы мен несібесін айырып жүрген Күржікейдің қарғадай баласының мына мінезі бәріне ұнамайды.
-Жау қуғандай немене сонша, атыңды ойнақтатып! Көзіңді аш! Пәле шақырма басыңа! - дейді осы кезде бірі қамшы үйіріп. Өзгелері де аттарын тебініп, омыраулай қалған екен. Бала жігіт тізгін тарта беріп, өрекпіген төртеуін қоғадай жапырып, үстіндегі бір киер шапанын «қызылдап», ат баурына түсіреді.
- Ұмытпа, бәле басы - сен, - дейді енді мырзаның тізгініне жармасып.
- Түс аттан, әйтпесе осы жерде қан жұтқызамын!
Жігіттің қаһарлы үні мырзаны қатты ықтырады. Енді жаны қаншалық қорланса да, аттан түсіп, алды-артына қарамай жөнін табады...
Мына оқиға Күржікей ауылын қатты дүрліктіреді. Бірақ, қалай болғанда да, мырза қарсы қимыл жасамайды. Осы кезден бастап қиянатшыл күштің қолын қағып, бетін қайтарған Мәнжі есімі елге тарай бастайды. Ауылдың ауызы дуалы қариялары: «Түбінде ел қорғайтын батырымыз осы болар!» - деп үлкен пәтуа жасап, шеберге торғай көз сауыт, қалқан мен дуылға, қылыш соқтырып, найза жасатып, оны мұздай ғып қаруландырады, өзіне жараулы ат мінгізеді...
Мәнжінің мыңбасы атағын алуы
Бір жорықта Тілеміс пен Мәнжі Кенесарының оң жағында Ағыбай батырмен қатарлас бұғып жатқан еді. Екеуі де жағдайды анық аңғарады. Бұлайша қамалдың алына қоюы екіталай. Тәуекел!.. Олар Ағыбайға да, басқаларға да айтпастан кейін жылжып, жалғыз бөлініп шықты. Жеке қимылдағаннан төтесі жоқ. Оң қолдарына қылышын, ал сол қолдарына шолақ найзасын ыңғайлап ұстайды. Ербиген баялыш бұталарын, қурай-қурайды паналай, жау назарына шалынбастан қамалға жетеді. Ішке қарғып түсіп, қоян-қолтық ұрыста қылыш пен найзаны бірдей сермейді...
Тілеміс пен Мәнжінің даусын жазбай таныған, күні бойы дымы құрып, ызаға булығып жатқан Кенесары сарбаздары қос батырдың соңынан бекініске лап береді. Олар қамалға жеткен бойда қарғып-қарғып ішке дік-дік түсіп жатты. Енді мылтық атуға мұршалары келмей, бар артықшылығынан айырылып қалған солдаттармен мидай араласып кетті. Көк сүңгі мен қайқы қылыштың құдіреті басым шықты. Наурызбай, Ағыбай, Бұқарбай, Жанайдар батырлар ақыра тиіп, жауды жапырып, олайғысын олай, былайғысын былай жайпап береді...
Ұрыс тынды. Жау жайрап жатты. Қыруар азық-түлік, қару-жарақ қолға түсті. Кенесары ойы орындалды. Аталары Абылай атасына адал қызмет еткен, ал кейін өзіне адал қызмет етіп келе жатқан Тілемісті Кенесары бұрыннан жанына жақын тартып, үзеңгілес серігінің бірі еткені белгілі. Мына жолғы ерлігі оны тіптен сүйіндіріп, тәнті етіп жіберген еді.
«Бұл жеке шауып қамал бұзды... Бұдан былай мұның аты Тілеміс емес, Жеке батыр болсын! - дейді масаттанып Кенесары сұлтан. - Ал оған ерген жиырма үш жасар Мәнжі батыр енді мыңбасы атағына ие болсын!»