Бабалар сөзі: Шақшақұлы Ер Жәнібек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай, «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
None
None

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.

Шақшақұлы Ер Жәнібек Иманжан Жылқайдарұлы нұсқасы

Баяғы заманда орта жүз арғын ішінде өзі батыр, өзі би Шақшақ атты адам болыпты. Шақшақ бес жасынан найза ұстап, садақ тартып, ерлігін жұртына танытыпты. Он жасқа келгенде халыққа билік айтып, қара қылды қақ жарған, алдынан бітпей дау, айтылмай сөз кетпеген асқан шешен, би болыпты. Үш жүзді аузына қаратып, басына әруақ, бақ, дәреже орнатып, қатарынан асып тұрған шағында қалмақ ханы Қатаған Сарыарқаға келіп, Шақшақтың елінің бір шетінен тиіп талай бастапты. Шақшақ үш жүзге хабар айтып, қол жинап, Қатағанмен соғысып, қалмақты қойдай қырып жеңеді. Өзі соқтыққан қалмақты ая­сын ба, қашқан жауды қуып отырып еліне барады. Қалмақтың қыз-қатынын, мал-мүлкін олжалап, Қатағанның ай мен күндей сұлу қызы Қарашашты алып қайтып, баласы Көшейге қосты.

Қарашаш ешкіммен ойнап-күлмеді, күні-түні қайғырып, елі-жұртын ойлай береді. Бір жылдан кейін Қарашаш Шақшақтікіндегі алты мүйізді ала азбан қошқардың етіне жерік болып, сойдырып етін жеді. Осыдан соң Қарашаш өзінің еліне екі рет қашты, екеуінде де ұстап алып келді. Үшінші рет Көшей үйде жоқта Қарашаш және қашты. Бұл кезде ол екіқабат болып, бала туар күнге жақындап қалып еді.

Қарашашты артынан Жүзей қуып жетіп келіп:

- Бір емес екі қаштың тигеміз жоқ, міне, үшінші рет қашып отырсың. Енді бұл біздің сүйегімізге таңба болатын іс, көзіңді жойып біржола тыныш болайықшы, - деп қылышын суырып алып шаппақшы болды.

Қарашаш қайнысының бетіне күліп қарап:

- Өлтіргенің жақсы. Бір мен емес, еліңе тұлға, асқар белің болатын адамыңды менімен бірге өлтіресің, бұл өлсе, менің елім сендерден оңай кек алатын болады. Мен неге қашайын, туған-туысқанымды, ата-анамды қырып-жойып, талап, мені зорлықпен қатын ғып отырсыңдар. Оны мен ұмытпаймын. Ішімдегі балам қошқардың етіне жерік болғаннан пайда болған алып ер еді, «сол түбінде, өз еліме алып барсам, қазақтан кек алатын батыр болып ержетер еді» деп ойлап қашқан едім. Шын сырым осы, енді өлтіре бер, - деп қылышқа мойнын төсеп, қорықпай қасқайып қарап тұрды.

Жеңгесінің мынадай сөзін естіген соң Жүзей ашуынан қайтып, өлтірмей Қарашашты елге алып келді. Жүзей жеңгесінен естіген барлық жайды әкесі Шақшаққа айтты. Шақшақ езу тар­тып күлді де, келінін аса жақсы құрметпен күттіретін болды. Ай-күні жетіп, бала туып, атын Қошқар қойды. Бала туғаннан кейін Қарашаш елі-жұртын ойлауын қойды.

Қошқар да атасы Шақшаққа тартып қатарынан асқан ба­тыр, би болып, елі-жұртын аузына қаратты. Ұлы жүз үйсінде Бектас деген дана қарттың қызын айттырып алып, ол әйелі қара бураның етіне жерік болып, айы-күні жетіп бір ұл тап­ты. Бала тумай тұрып, бабасы Шақшақтың түсіне аян беріп «Қошқардан туатын баланың аты Жәнібек болсын, ол дүниенің төрт бұрышын билейтін адам болады, оның бақ-дәрежесі жеті атаға жетеді» деп айтқан еді. Айтқанындай Жәнібек нұр сипат­ты ер бала болды.

Әлқисса, Жәнібектің ерлігін баяндайық.

Жәнібек кәмелетті жасқа келді, Жасынан ерлігімен бастады елді.

Өнер, білім, шешендік бәрі сай боп, Үш жүзді аралады, түгел көрді.

Жасынан ертіп нөкер мыңдап, жүздеп, Нұсқа сөз, әдепті іс, сіз бен біз деп. Алуға жиен құрық нағашыдан, Бектасқа сәлем бере келді іздеп.

Есіктен кіріп келіп сәлем берді,

Жиенін қолына алып, жаңа көрді.

Мойнына жүген құрық ілдірмеген,

Иесі асау күрең жаңа келді.

Бектасқа он екі мың жылқы біткен,

Қойының есебі жоқ онан да өткен.

Бір қулық өмірінде құлындамай,

Отыз бір жасқа келді жүрген көптен.

Тобышақ ол байталдың атын қойды,

Бермеді ен қазаққа айт пен тойды.

Шабыстан мал оздырмай қатарында,

Егескен егейтөстің бәрін жойды.

Егейтөс болып саңлақ үздік шықты,

Таңданған елемеді тіл мен сұқты.

Сол бие бес жыл болды, құлындады,

Артынан тағы құлын тапқан жоқ-ты.

Тимеген өмірінде құрық, жүген,

Келгенше бес жасына құр боп жүрген.

Тел еміп құлынында, тайында арда,

Бектас бай баласына міндірмеген.

Жылқыны ұстаймыз деп айдап келді,

Көп жылқы арасында нар күреңді.

Жайқаңдап ақ сазандай асау күрең,

Умалы арты талтақ күлтеленді.

Майда жал, бөкен қабақ, қабылан кеуде,

Жылан көз, құлан тұяқ жоқ ілуде.

Қоян жон, салық төсті, марал басты,

Ағыны жан шыдатпас мін де «шу» де.

Бұғалық салды халық аңдып тұрып,

Құрықты тұс-тұсынан жіберді ұрып.

Әкетті жиырма бес бұғалықты,

Қайырылтпай отыз жігіт мойнын бұрып.

Айрылды бұғалықтан, көп не қылсын,

Иіртіп көп жылқыны қайта әкелсін.

- Атаған мал иесі - батыр жиен,

Өз атын жетсе күші ұстап мінсін.

«Жарайды» деп ер Жәнібек түрегелді,

Жылқыны тас иіртіп жақын келді.

Ұстады шоқтығы мен кекілінен,

Өкіртіп басып тұрып жүгендеді.

Тарттырды ерін салып айыл-тартпа,

Пормасы ұқсамаған жылқы затқа.

Иесіне сай келген десті көп жұрт

Жәнібек мінгенінде тұлпар атқа.

Бұл елде Жәнібек үш ай жатты,

Көрсетіп ерлігі мен салтанатты.

Бата алып нағашыдан қайтты еліне,

Ойнатып астындағы күрең атты.

Жәнібек үйіне қайтқан соң, сол кезде жүзге келген бабасы Шақшақ күрең тұлпарды көріп, сынап, «жарайды, қайырлы болсын, атың өзіңе серік екен. Қайда барсаң да жортқанда жолың, жолдасың Қыдыр болсын» деп батасын берді. Шақшақ және айтты:

- Орта жүзде бәрімізге оң батасын берген әулие керейдегі Абыз еді. Содан бата алғайсың, - деді.

Сондағы Жәнібектің Абыздан келіп бата алғаны.

Абыз тұрды Жәнібектің қолын алып,

Жан еді көпті көрген қария атанып.

Ет кетіп арықтаған, дене тарап,

Жібекпен екі жағын қойған таңып.

Сұңқардай жұтынады қарт қарасы,

Ұққандай көзқарастан сөз сарасы.

- Әдепті үлгілі ауыл ұрпағысың,

Қай жүзсің, тегің білдір, кім баласы?

- Жәнібек - өзім атым, елім - арғын,

Торғайда жар бесігі туған жанмын.

Бір шалдың Шақшақ деген баласымын,

Бермеген қаса сөзде елдің алдын.

Боламын бір баласы орта жүздің,

Атамнан «қарт дана» деп сізді білдім.

Бата алып, бағымды бір сынатайын,

Әдейі ат арытып іздеп келдім.

- Жәнібек Шақшақ ұлы атың мәлім,

Баласың артың - ызғар, алдың - жалын.

Шақшақтан кім артылған өсиетке,

Жүрмісің мазақ қыла керей шалын?!

- Атажан, қайда сізді мазақ қылу,

Біздікі әдеп, нұсқа, тағылым білу.

Өлкелі, өсиетті қарт атам бар,

Абызды әжуалап қайда күлу!

Шал сонда қолын жайып түрегелді,

Алдында Жәнібектей ерді көрді.

Егіліп бір Тәңіріден тілек тілеп,

«Әумин» деп Жәнібекке бата берді.

Келіп тұрмын жүз жиырма беске, балам,

Ең ақырғы батамды есті, балам.

Қолың жай батама, балам,

Риза бол атаңа, балам.

Бағың жоғары өрлесін, балам,

Дұшпаның шеніңе келмесін, балам.

Абыройың таймасын, балам,

Басыңа дәулет орнасын, балам.

Лұқмандай милы бол, балам,

Сабырлыққа Айуптай бол, балам,

Рүстемдей батыр бол, балам.

Дәуіттей ұлды бол, балам,

Талхадай тілді бол, балам,

Мұқаметтей көзді бол, балам,

Әділ тура сөзді бол, балам.

Омардай қара қылды қақ жар, балам,

Әзірет Ғалидай топ жар, балам.

Ағзамдай дана бол, балам,

Ғазалидай аш-арыққа пана бол, балам.

Көрегендей сөзді бол, балам,

Құралайдай көрікті, жүзді бол, балам.

Атымтайдай жомарт бол, балам,

Қысыраудай нәмарт бол, балам.

Қобыландыдай қайтпас бол, балам,

Тарғындай жараға жатпас бол, балам.

Алпамыстай даңқты бол, балам,

Қамбардай халқыңа қамды бол, балам.

Аруақтар сақтасын, балам,

Пәле-жала таппасын, балам.

Ордамыз Түркістан, балам,

Меселің қайтпасын ұрыстан, балам.

Түркістанда түгел баб, балам,

Самарқанда сансыз баб, балам,

Ең үлкені Арыстан баб, балам,

Ер бастығы Едіге, балам,

Аман-сау бар еліңе, балам, - деп бата беріп қайырды.

Әлқисса, Жәнібек Абыздың батасына риза болып, бір ат, бір шапан, жүз тайтұяқ сыйлық берді.

- Нағашымнан ат алдым, бабам Шақшақтан, әулие Абыздан бата алдым. Енді көрмеген елді, жерді аралап көрейін. Жүрген жерімде не жамандық, не жақсылық кездесер екен. Жау кез­дессе, соғысайын, - деп, Сарыарқаны аралап жүріп кетті.

Абыздан шығып Жәнібек

Қамшы басып шу дейді.

Астындағы тұлпардың

Аяғы жерге тимейді,

Ақбөкендей гулейді.

Қос құлағын қайшылап,

Созып аяқ сермеді.

Асқар биік тауларды

Белес құрлы көрмеді.

Торғай, Тобыл, Есілді

Сай-саладай өрледі.

Таудың қия тастарын

Саз балшықтай иледі.

Еті қызып алған соң,

Басына шама бермеді.

Ауыздықпен алысып,

Көбіктеніп терледі.

Әбден қызып алған соң,

Ойнақтап, ытқып желікті.

Қуырып жердің апшысын,

Шаңдатып салды бүлікті.

Орнынан тұрып қашқанша,

Басты бөкен, киікті.

Айшылықты алты аттап,

Жылдық жерді жеті аттап,

Төселіп жерге сірнікті.

Топшысын үзіп сындырды,

Ұшырмай қаз бен үйректі.

Белестен бұдыр орғытып,

Жадағай жермен сырғытып,

Лезімде алды күндікті.

Қарағай, қайың, тал-терек

Түлкі жортпас дүлейлер,

Басылып сынып илікті.

Қарсақ жортпас қалыңдар,

Жолбарыс жортпас түнектер,

Арыстан жортпас түбектер

Артында қалып дүрлікті.

Сонан да өтіп жөнелді,

Аңдар бұған тимеді,

Тиюге шама келмеді,

Дүрсілінен үрікті.

Атына толып көңілі,

Батыр Жәнібек қуанды.

Қызып бойы албыртып

Белсеніп білек сыбанды.

Үш жерден түйреп әкетті

Ұзыннан жатқан жыланды.

Ашырмады адымын

Тұра қашқан құланды. Қаһар бітіп бойына,

Жауар бұлттай сұрланды.

Ақиықтай аң көрген

Төңкеріліп неше толғанды.

Көз ұшында қараға

Жәнібек салып келеді.

Ат шалдырған адамға

Келіп сәлем береді.

Қаса бақыр қайнатып,

Дәм ішкелі тұр еді.

Жәнібекке іркіліп

Жөнді жауап демеді.

Түксиген түгі жар қабақ,

Ызғарлы суық тұр қарап.

Сарала қылыш, ақ сауыт,

Толғаулы найза, сар садақ.

Жылан көзді, шөй желке,

Бұғы мойын, кең тамақ

Жәнібекке жауап бермеді,

Адам деп көзге ілмеді,

Деп айтпады «же тамақ».

Апыл-құпыл асады,

Аузы-қолы күймеді,

Жеп бітірді жылдам-ақ.

Жәнібек жалғыз, ол екеу,

Мұнымен ісі болмады.

«Бұл не қылған жан-ау» деп,

«Мұнда бір сыр бар-ау» деп,

Ер Жәнібек ойлады.

Бес күн жүрді дамылсыз

Ат та, адам да талмады.

«Бірге барып көрем» деп

Жәнібек еріп қалмады.

Түсі суық екі адам

Сол жортқаннан дем алмай,

Ойдағы жерге жете алмай,

Жолшыбай түнеп қонбады.

Суыт болды жүрісі,

Жай жүріп көлік шалмады.

Алтыншы күн белестен

Баспалай қарап болжады.

Батыр Жәнібек соңынан

Қалмай еріп келеді.

Талатын бұ да батыр ма,

Шапса шауып желеді.

Беті қайтпас Жәнібекті

Енді бұлар көреді,

Көріп сөйлей береді:

- Белес, белес бел дейді,

Белге қонған ел дейді.

Жапанда жортып кез болған,

Жалғыз бала, берігірек кел, дейді,

Жөніңді айтып бізге бер, - дейді.

Жасың кіші баласың,

Түн ұйқыңды төрт бөліп,

Қайда тартып барасың?

Бізден қалмай ілесіп,

Нені ойлап барасың?

Жәнібек сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

- Тегімді менің сұрасаң,

Досын майдай сақтаған,

Дұшпанын саздай таптаған,

Бармаған жері болмаған,

Алмаған елі болмаған,

Алдынан сөз кетпеген

Атамның аты - ер Шақшақ.

Сол Шақшақтың ұлымын,

Айтулының бірімін.

Жасанған жауға кез келтір,

Құрсаулы мылтыққа кез келтір,

Кезенген оққа кез келтір,

Деп еңіреп жүргенмін.

Не жау емес, дос емес,

Түстерің суық түксиген,

Түрлеріңді көрген соң,

Жүрістерің түн қатқан,

Жай емесін білген соң,

Қатынмын ба қашатын,

Өздеріңдей батырмын.

Көрейін деп қызығын,

Жортып келе жатырмын.

Батырдың бірі сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

- Ел шетінен жау тиіп,

Салып жатыр қиқуды.

Етігімен су кешер

Ер басына күн туды.

Қалмақтың ханы Аралбай

Шығарған қосын қазаққа,

Сайдауыт адам арандай.

Соғыспаққа солармен

Аттанды қазақ ұрандай.

Бағаналы Барлыбай,

Шұбар тулы Жаулыбай,

Естігенсін осыны,

Шығарған қосын тұралмай.

Найманнан батыр Барақ бар,

Сүйіндіктен Олжабай.

Менің атым болады -

Қаракерей Қабанбай.

Айтулы батыр мынау да -

Қанжығалы Бөгенбай.

Аттанысқа келеміз,

Жөн-жобамыз осылай.

Осылай деп батырлар

Аты-жөн біліп табысты.

Бәрі де болды орта жүз,

Болмады бұлар алыс-ты.

Түрлерін бұрын көрмеген, Естіп жүрген дабысты.

Олжа салған еліне

Жауына бермей намысты.

Әлқисса, бұлар жүріп отырып, қалмақтың келіп орнап, бекініп, шеп құрып жатқан жеріне жақындап келсе, бұлардан бұрын жиналып келген қазақтың қалың қолы соғысты бастамай, Қабанбай мен Бөгенбайды күтіп жатыр екен. Бұлар келісімен қазақтар дабыл ұрып, ұрандай соғыс бастады. Қазақтың жина­лып келетінін біліп, қалмақ та күтініп жатыр екен.

Қаптап шықты қалмақ та,

Келе салды ұрысты,

Ұрыста болмас тұрыс-ты.

Жекеге шығып бір қалмақ,

Кетірді тым-ақ тынысты.

Жекеге шығып бір қазақ,

Шоқпарменен салысты,

Жағаласып алысты.

Қазақты қалмақ өлтіріп,

Жібермеді намысты.

Үш қазақ өлді майданда,

Кезек-кезек барысты.

Иріліп қазақ алақтап,

Бір-біріне қарады.

Көміп қамшы атына

Жәнібек кетіп барады.

Бара айқасты қалмақпен

Көк сүңгісін салады.

Айбалтаның сыртымен

Салдырмай қалмақ қағады.

Айбалтаны Жәнібек

Тигізбей тартып алады.

Суырып алып көк қылыш,

Қалқанының сыртынан

Батыр Жәнібек шабады.

Қақ жарып түсті қалмақты,

Әзір тұрған қалмақтар

Ат қойып бірден шабады,

Ортаға алып қамады.

Аяна ма арыстан

Жалғыз ұрыс салады.

Қаптап кетті қазақ та

Айқай-қиқу салады.

Өлексе жерге үйіліп,

Сарқырап қандар ағады.

Қажырлы ерлер қайта ма,

Туына жылжып барады.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сүйіндіктен Олжабай

Астынан қылыш алады.

Ұрысын көріп қалмақтар

Түршігіп жаны жылады,

Бірнешесі құлады.

Ханы қашты ордаға

Құлатып туын жығады.

Мал мен жаны қалмады,

Шепке кірді шегініп.

Қалың қолды қақ жарып,

Жәнібек барды тебініп.

Айқасқан жері батырдың

Селдіреп қалад сырылып.

Қылышпен шауып тұрады

Ат үстінен үңіліп.

Тоғыз қабат тордай шеп

Бордай тозды бөлініп.

Басып алып Жәнібек

Суырды салып тақымға,

Біразы кетті жұлынып,

Тақымына ілініп.

Иесіз қалған мал-жанға

Аш бөрідей сұғынып.

Жөңкіліп малын айдады,

Етек-жеңін түрініп.

Қалмақ, қазақ екі жар Жәнібек қуған мал басып,

Қала жазды қырылып.

Жеткен ерін өлтіріп,

Жәнібек бұзды қамалды,

Олжа қылды көп малды.

Үш жүздің барған адамы

Басын қосып жиналды,

Шепті бұзып шығарған

Жәнібектің күшінен

Барлығы бөліп олжа алды.

Әуелгі шыққан соғысы,

Он жеті жаста шеп бұзып,

Ақжолдап салып ұранды.

Хан болып билеп Тәуке бұл үш жүзді,

Бір жеңнен қол, бір ауыздан сөйлеп сөзді.

Бақыты алға басып жоғарылап,

Наһандай қағусыздан өрге жүзді.

Қасқайып марқасқадай елді бастап,

Сұғынып келген жауын қырып тастап.

Бермеді төнген жауға жер мен елін,

Екінші қайталатпай қуды аластап.

Хан Тәуке бәріне де төтеп берді,

Қол жинап, қайыстырып қара жерді.

Апатқа ұшыратты қан ағызып,

Менменсіп ұйпап алам дегендерді.

Ұрысып шүршітті де шегіндірді,

Келсе де қорашсынып, қырғын көрді.

Шағылып тауандары әлі келмей,

Қарасын ұзақ салып, соқпай жүрді.

Соғысты бірнеше рет қалмақ тағы,

Ойында болып келген қалмақ тағы.

Суарып өз қанымен қырғын беріп,

Жіберді жеңіп қуып айдап тағы. Неше рет дәме қылып соғыс ашты,

Ұрысып қоян-қолтық араласты.

Жеңіліп әлсіреді әлі келмей,

«Қазақты жолатпа» деп әрі қашты.

Атанып жауын жеңген батыр қазақ,

Тау-құзда, шындауылда жатты қазақ.

Елін шауып, ерін қырып, малын алып,

Қиратып талай жерді қайтты қазақ.

Түркістан ордасы елдің ту көтерген,

Сырты тау, ойы дария, орта жерден.

Домалап есек құрты мұрынынан

Жан батпай тасып қазақ етті кердең.

Қысы жоқ, майдай шуақ Сырдың бойы,

Бұйратта тау ішінде жылқы, қойы.

Ортада жауын жайқай қазақ жатты,

Сар қымыз ағып майы, ас пен тойы.

Ел қыстап сырдың биік сар қамысын,

Жел қозғап ырғап шайқап балдақ басын.

Томардай томсарылған қалың сүйрік,

Жаз тауда, қыстау қыстап ну арасын.

Білектей балдырғанын баулап орған,

Жантақ пен ақ шеңгелден салып қорған.

Баданадай бөденесі бытбылдықтап,

Көк кептер ерте тұрып зікір салған.

Таутеке, бұғы, марал, бөкен, елік,

Сүзісіп қошқар менен арқар келіп.

Жасыл жүн әсем басқан қырғауылы,

Шаңдатып жатыр ойнап қамат керіп.

Тоқтыдай төңкерілген қара құрым,

Саңқылдап сұңқар аңдап айтпай сырын.

Қарайды жолбарыстар аңырайып,

Күйеудей сырттан торып келген ұрын.

Отарлап батырлары жатты тауға,

Биік жер берікті алып қарауылға.

Қамыстан орын, Сырдан су бермейді,

Батырлар соғыс қылып келген жауға.

Дұшпанға таудан бекініс ілдірмеді,

Сырдың суын, қамысын жер бермеді.

Ақырып арыстандар жолбарыспен,

Қиратып салып соғыс жібермеді.

Ақырған арыстанның қатты үндері,

Тау жаңғырып, күрсілдеп кей күндері.

Маңайдан адам түгіл құс өтпейді,

Ел ері сырда сырттан секілдері.

Қалмақтар ұрыс қылды нелер келіп,

Талады аю, арыстан Сырға келіп.

Бекінсе тауға барып қазақ қырып,

Айдады екі жақтан түрліктіріп.

Тұтқа боп Түркістанның көк күмбезі,

Біледі айдай әлем, жердің жүзі.

Хандық қып бірнеше жыл Тәуке тұрды,

Жетерлік бір басына ұл мен қызы.

Хан болды халық сүйетін әділетті,

Жан еді парасатты әрі текті.

Мезгілден асыра ма қырына алса,

Ажалдан шәрбет ішіп Тәуке кетті.

Алладан қайтты Тәуке ажал келіп,

Бұл өмір өте шықты шауып, желіп.

Жиылып жақсылары, тамам қазақ

Тәукені жаназалап қайтты көміп.

Хан қайтып, халыққа келді бір қиындық,

Ойласып хан сайлауға жұрт жиылып.

Шақырып Әбілқайыр Сәмекені,

Ақсақал ел ағасы айтты бірлік. Хандыққа сыйыспайды ұлдар көніп,

Тегін бақ табылғандай әкесі өліп.

Сөз біліп жамырама көпшіліктен,

Жік түсіп екі араға ел бүлініп.

Аз елді билемекші екі кісі,

Баланың біреуі үлкен, бірі кіші.

Хан болса мұратына жететіндей,

Ескермей кетер деп ел берекесі.

Болмады екі бала, сиыспады,

Хандықты бір-біріне қиыспады.

«Кішің қой, үлкенің бол» дегеніне,

Халықтың алып тілін ұғыспады.

Жұрт айтты: «Әкең билеп өткен елді,

Таласпа енді кезек саған келді.

Сәмекеге хандық берсін, таласпаңдар,

Басыңдар көтерілген зор көңілді».

Болмады, екі жақтап хандық құрды,

Шекара қып ар жаққа қонды Сырды.

Бастаған ел ағасы, би мен батыр,

Наразы бұл ісіне болып жүрді.

Халықтың қариясына ренжу түсті,

Кім көрген алауыздық мұндай істі.

Өкпелеп тіл алмаған балаларға,

Біразы Сарыарқаға тұра қашты.

Билер құт, батыр қуат өкпеледі,

Біраз ел ханның елін жек көреді.

Ақырда өз басыңдық болмай қалды,

Деп жүрсек жұрттың қолын жеткереді.

Көрген жоқ өмірінде араз оңып,

Тарады жіктеліп ел бөлек қонып.

Осы қыс жалмауыз жұт жеп кететіндей,

Тарылтты белді алып, боран соғып. Қалың қыс, қарлы жаңбыр, боран соқты,

Қаптаған қалың жылқы жонмен ықты.

Келген жұт қанат жая сүзектей,

Күйзелді қолға қарап қой мен тоқты.

Ел састы сыйғыза алмай қара малды,

Бұл боран бейбіт елге лаң салды.

Осындай сұрапылды кім көріпті,

Қариялар жүзге келген қайран қалды.

Он бес күн мұз, жаңбыры жауды тынбай,

Сіресіп қалың тірек тұрған сынбай.

Бастығы емен болып күшті ағаштың,

Жер болып құлап қалды болып жымдай.

Айнадай жарқырады дүние жүзі,

Мұзбенен шағылысып күннің көзі.

Тас, топырақ, дөңі, жазық бірдей болды,

Есінен адасқандай жұрттың өзі.

Тауда тас, құздағы ағаш, жерде бұта,

Мұз басып барлығы да қалды жата.

Бір тал шөп жерден жылқы иіс алмады,

Салғанмен қос кетпенді қайта-қайта.

Сырғанап жүре алмады мал мен адам,

Тырқиып жығылады, басса қадам.

Ашам деп малға күрек қопсаң жерден,

Неше күн кезіп жүрді таппады адам.

Жып-жылтыр дүние жүзі болды айнадай,

Құз бен тау, қалың орман, сай жадағай.

Мешіті Түркістанның көк күмбезді

Көрінді мұз қапталып пияладай.

Жалғыз шөп жерден жұлмай қақиды мал,

Бәрінен кетіп медеу құрыды әл.

Деген бар «мал - адамның жан азығы»,

Адамдар алас ұрды таппай амал. Қорада қамалумен қой да жатты,

Өлтіріп сойып жатыр қолдағы атты.

Бірінің жүнін жұлып бытырлатып,

Қой жүндеп, бірін-бірі еңіретті.

Тапсырып қаңтар өтіп, ақпанына,

Көнеді ақпан қаңтардың айтқанына.

Жұмысын орындауға бұл тырысты,

Міндетін берген басты атқаруға.

Ақпанға бойлы қыз да бұғақ қалды,

Тоқтыда өзі семіз құйрық қалды.

Түрленіп ақпан тұрды толғата түс,

«Қырлан, ақпан, қырлан» деп бұйрық қылды.

Қыс ортасы зерлі күн қаңтар, ақпан,

Тор жайған болды малға қандай қақпан.

Жерменен-жексен қылды қалың малды,

Долданып, дамыл бермей боран соққан.

Жері мұз, соғып боран алақаншық,

Үскірік аяз қатты, төбесі ашық.

Қаусар жұт аша тұяқ қалдырмады,

Байды басып, кедейді кетті жаншып.

Ел соқты аққала ғып қойдан қора,

Үсінген қол-аяқпен, беті жара.

Отырған жүзге келіп қариялар,

Көрмедік сұрапылды, - дейді, - сірә.

Белгілі қалмақ ханы Қалдан Серен,

Ежелден шаппақшы еді қазақ елін.

Тәукенің хан боп тұрған заманында

Бір адым баса алмаған қазақ жерін.

Қалмаққа Тәуке өлді деп хабар берді,

Той қылып, қуанғаннан салды жарды.

Тәукені естірткенге ат мінгізіп,

Бөктертіп кілем ішік, берді нарды. Берді тон қарттарына сый басыға,

Жиналған Құдайыға жайсаң қасқа.

Қалмақтан жалғыз еркек қалдырмады,

Еріксіз шықты айдап аттанысқа.

Бұрынғы өткен даты шықпай естен,

Әлі жүр іштің тоңы жібіместен.

Жұт қажап жатқан қазақ арпалысып,

Қотырға шиқан шығып жау кеп түскен.

Жау келіп, әскер басып алды қамап,

Кеткен ел өзен кезіп, тау сауғалап.

Ағызып ат баурынан қызыл қанды,

Қалғанын жұтпен бірге алды талап.

Жау шапты, емін-еркін қотанға еніп,

Соққы жеп жұтаған ел аштан кеуіп.

Күңіренді «жанды қалай сақтаймыз» деп,

Бір емес екеу келді ажал төніп.

Сәмеке, Әбілқайыр екі ханды,

Түспеді олар қолға қашып қалды.

Шулатып ен қазақты айдап жерден,

Шұбатып қар үстінде қызыл қанды.

Қазаққа қол қатуға шама қайда,

Тұрады, кескіледі қылып майда.

Қыс - мынау, қалмақ - анау екі жақтан

Қазақтың болып басы өлім жайда.

Қатынның екіқабат ішін жарып,

Тірсегімен іледі найзаға алып.

Жосылтып мекенінен қуып шықты,

Жолатпай қуып, қырып айдап салып.

Ие боп қазақ жұртын қалмақ басты,

Күн суық жол жүруге және адасты.

«Аман бол, қайран қоныс ел мен тауым»,

Жерімен шулап қазақ амандасты. «Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Айырылған қарындастан жаман екен,

Мөлдіреп қара көзден жас келеді.

Қай заман мына заман, бағы заман,

Болар ма баяғыдай тағы заман.

Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын.

Қай заман мына заман, қысқан заман,

Бақ-дәулет басымыздан ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

Қайран Сыр, қош-аман бол, қалдың жерім,

Күңіренді бауырыңда қазақ елің.

Түркістан, сал назарың бұқараға,

Қар үсті, көк мұзда айдап қылды тілім.

Жасаған күн көреміз қайда барып,

Азық жоқ, жалаңаш, аш пен арық.

Қорладың мұсылманды мұнша неге,

Барасың Қожахмет кімге қалып?»

Қайран тау, қайран Сырым, қайран дала,

Күн көрген өсіп-өніп қатын, бала.

Жөнелді у-шу болып қазақ тозып,

Көлік жоқ, ең болмаса, екеу ара.

Қазақтан тартып алды Түркістанды,

Хиуа билеп, Тәшкен, Самарқанды.

Ие боп қалды қалмақ барлық жерге,

Қоймады жер үстінде мұсылманды.

Бұл қорлық ашаршылық, жұттан да өтті,

Айрылып жер мен судан тентіретті.

Сарыарқа мен Ұлытау қайдасың деп,

Шұбырып жонмен қаптап қойды бетті. Қалмақтың әскерлері атқа мініп,

Қылыштап қансыратып, ұрып жығып.

Асырып Мыңбұлақтан айдап салды,

Қалтырап жасырынып, ел тығылып.

Қорек жоқ қар үстінде жон жағалап,

Өлтіріп, кейбіреуін қасқыр талап.

Шыңғыртып көз алдында жегенменен

Дәрмен жоқ болысуға өтед қарап.

Денесі жүктен ауыр арқалаған,

Қар үсті не табылсын қу даладан.

Далаға шырылдатып тастап кетті,

Ата-ана ақыр безіп жас баладан.

Жас бала қалып жатыр барлық салып,

Қимай жүр сорлы анасы қайта барып.

Жан тәтті ақырында кетті тастап,

Бетінен сүйіп, жылап үш айналып.

Жонға шықты, қу дала аштық келді,

Баспақшыл басқа түссе, ақыр көнді.

Не ылаң табылмайды әлі жоққа,

Көбісі ауқаты жоқ үсіп өлді.

Ақтабан болды халық шұбырынды,

Әуелі қыс қатаң боп жұтқа ұрынды.

Екінші оны қоймай қалмақ шауып,

Күн бұрын жонда қаңғып күңіренді.

Жұт - жетеу ағайынды, жиен - сегіз,

Болады айыр ағаш және тоғыз.

Қалмай жүр қабаттасып қырсық еріп,

Телегей көздің жасы болып теңіз.

Халыққа келді осындай ауырмалық,

Малы жоқ, адам болды аш пен арық.

Бірнеше буаз қатын жонда қалды,

Баласы іште кетті көрмей жарық.

Қыдырып құба жонды тарап кеткен,

Ауқат жоқ жеткен жерде демі біткен.

Иріліп алқа-қотан өліп жатыр

«Алқа көл, сұлама» осы ел есіткен.

Сол жонда буаз қатын бала тапты,

Жері мұз, күні суық, айдай қатты.

Кім жылытып есіркейді елсіз жерде,

Мүсәпір баласымен бірге қатты.

Қырауда қыстың күні үсіп өліп,

Тиянақ жеткізер деп Аққа сеніп.

Тірі көл, Айнакөл мен Қызыл жыңғыл,

Құлады жалғыз жарым Сарысу келіп.

Арқаға бір күндері хабар барды,

Қалмады тайлы-тұяқ ел жинады,

Алдынан шығып, бауырын іздеп,

Әр жерден қар үстінен теріп алды.

Халықтың састы қосқан зарлық үні,

Қосылған жаңа тауып ағаны іні.

Осындай оқиғаның ауырына

Қарайып, күйіп тұрды аспан күні.

Үсінген тұла бойы және де аш,

Болмайды аяп мұны күнде толас.

Барғанда Тасбұлаққа күн жылынып,

Суықтан ызғар кетіп берді шыдас.

Ажалы жетпегендер аман қалды,

Жоқ болды жинағандар мың мен санды.

«Батыр бір оқ, байда бір жұт» деген нақыл,

Көргендер айтып өткен сонан қалды.

Біреудің әкесі бар, баласы өлген,

Біреулер тұқым қалмай жалғыз келген.

Болған жоқ мұндай апат ертелі-кеш,

Естіген жердің үсті үрейленген. Есен-сау келді аман өлмегені,

Тіпті жоқ, өлмесе де, көрмегені.

«Пәни егіз, басы жұмыр дүние» деген

Көрмей жан көрге кірмес әрнемені.

Әуелде баршамызға жазған Құдай,

Көрмес ек бұл бейнетті қалсақ тумай.

Тағдырдың жазған ісі екеу болмас,

Бұлқынып кете алмайсың үзіп тулай.

Үш жүздің жұттан аман балалары,

Жәнібек бас боп арғыннан келді бәрі.

Бағаналы хан Барлыбай, Жаулыбаймен

Көрісіп жылап-сықтап амандары.

Ортадан жылуменен жиып малды,

Мұндағы тұрған елге санат салды.

Байына толық қара, кедейіне қой,

Шәуеттеп елдік қылып жинап алды.

Туырлық киіз жинап арқан мен жіп,

Үй-мүлік, кілем, көрпе жиды сый қып.

Кигізді ел қатарға басын құрап,

Деген бар «көл болады түкірсе көп».

Тойынып аман қалған жинап есін,

Кіргізді жұрттық қылып берекесін.

Кеткен ел аштық қуып үш бөлініп,

Жазасын қорлаушының Құдай берсін.

Бір бөлек оңтүстікке кеткен кезіп,

Айдаған жұтпен бірге қалмақ езіп.

Бір бөлек күнбатысқа кеткен мүлде,

Айырылған мал мен жаннан қабат безіп.

Бір бөлек Сарыарқада көшпей қалды,

Шығарды аман-есен мал мен жанды.

«Сарыарқа - мал кіндігі» деген нақыл,

Бұрынғы қариялардан айтқан бар-ды. Қазаққа туды, міне, осындай жай,

Ел еді дәулеті мол, азамат сай.

Есітіп бұл сықылды оқиғаны,

Көп малды келді айдап төре Абылай.

Көрісіп амандасып Жәнібекпен,

Қайырлы айтып көңіл Тәукеге өткен.

Не келмес ер басына тірі күнде,

Тосылмай кім кетеді заулап бетпен.

Абылай Жәнібекпен қатуланды,

Үш жүзге жар шақыртып, жанды жиды.

«Келсін кеп тірі қалған бар еркегі»,

Қалмақтың қорлығына қапаланды.

Қалыпты Сырдың бойын қалмақ басып,

Иелік етті қалмақ, қазақ қашып.

Өлшеусіз өмірім жоқ бір күн жетер,

Көрейін оған шейін араласып.

Басып ап билеп жатыр қалмақ Сырды,

Қосылып жұтпен бірге елді қырды.

Жер беріп, елді өлтіріп жай отырмай,

Жолына қылдым құрбан аз өмірді.

Көк найза толғамалы алып садақ,

Өлтірген бір оқпенен мыңын қадап.

Жарамды ертіп нөкер жандарына,

Найманнан Жантай батыр, келді Барақ.

Қаз дауысты Қазыбек, Төле келді,

Сырымға Малайсары ере келді.

Олжабай тама руы Есет батыр

Түтігіп, түгі шығып төне келді.

Көрісіп Жәнібек пен Абылайға

Сүйіндік сөз бастатып Олжабайға.

Қисық найза Сүгірәлі Әбілмәмбет,

Ие болды ен қазаққа осылайда. Жол бермес сары қолға тұлпар келді,

Бірі-бірінен қайтпайтын сұңқар келді.

Отырған би мен манап, жақсыларға

Үстіне кіре сөйлей Бұқар келді.

Белгілі Бұқар жырау шешен еді,

Жиылған амандасты ел көсемі.

Кек кетпес адам салған, есі болса,

Бәрінен болды жақсы ер есебі.

Бұқар сонда сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:

- Сәлем бердім көбіңе,

Қасқа, жайсаң, бегіңе.

Қалмақ қонды жеріңе,

Қырғын салды еліңе.

Тұлымдыңды тұл қылды,

Солқылдаған мырзаңды

Таранға салып жон қылды,

Бектерім, оны білдің бе?!

Қыраулы қыста айдаған,

Топырлатып байлаған,

Қазынаңды алған жайнаған,

Қонысыңнан аударып,

Жер-суыңнан қаңғыртып,

Қырылып жонда аңыраған,

Кекті қашан аласың,

Тірімісің, бектер, өлдің бе?!

Сәлем бердім бегіңе,

Оң болсын сапар, датқалар,

Молдалардан хат қалар,

Ұсталардан дат қалар,

Білімі мол білгірлер,

Өсиетті ұғып жатқа алар.

Өзінен кіші кейінге

Ғақлия сөйлеп мақтанар.

Халықтай асқан данаға Өресі жетпей соқтанар

Өсиет білмес бұқпалар.

Бояманың белгісі -

Көрініп тұрып жоқ болар,

Күйіп, жанып, шоқ болар.

Шын білгірдің белгісі -

Ойыңды болар өлкесі.

Жамандық пен жақсылық

Басынан бәрін атқарар.

Шын батырдың белгісі -

Ажалсызды құтқарар.

Зарлап келген елің бар,

Жауда қалған жерің бар,

Төрт түлік түгел жиналдың,

Үйде қалған кімің бар?!

Абылай мен Жәнібек

Жасанған жауға ерің бар,

Одағың қашан аттанар.

Ордамыз еді Түркістан,

Қожахметтің қаласы.

Қыс қоныс еді, жаз - жайлау,

Сыр мен Шу, Сарысу жағасы.

Елге бейқұт деген бар

Батыр деген панасы.

Меңгеріп бәрін басқарған,

Ерлерін ертіп қасқарған.

Қия шың өрлеп тастардан,

Ер Тәуке еді елдің жағасы.

Зардабына шыдамай,

Ойда - шүршіт, қырда - орыс,

Ашылып еді арасы,

Үзіліп еді қарасы.

Көк майса тарлау бетеге

Тауларымның дарасы.

Жайқалған орман тамылжып,

Таласқан көкке ағашы.

Алатау мен Қаратау -

Бірі ағып қойған саласы. Қалдан Серен қалмақтың

Осы еді бізге таласы,

Осы еді жері аласы.

Қоныс қылды жеріңді,

Күңірентіп қуды еліңді,

Салып назар қарашы!

Қысты күн ақ қар, көк мұзда,

Жонда қалды баласы.

Бектерім әсер етпей ме

Ен қазақтың жыласы!

Жөніңді білдір, бектерім,

Аттанып қашан барасың?!

Басшы болған алдында,

Есім ханнан ескі жол,

Қасым ханнан қасқа жол,

Және де көп басқа жол.

Тауды тіліп тас жарған,

Бар емес пе аспа жол?

Адастырар еріңді,

Обаға жығар еріңді,

Жалғыз аяқ қашпа жол.

Барсакелмес сықылды

Серік болмас өмірі,

Ұзамайды қысқа жол.

Тебінгі термен шіріген,

Терліктері өрілген,

Ерлердің салған соқпағы,

Осы берік ұста жол.

Толғамалы көк сүңгі,

Төгілдірін шашақ ұстамай,

Жеке келген жауларын

Шабақша қағып тастамай,

Ерлік атың шығар ма,

Еңіреп жауың қақсамай.

Қозыжаурын сары садақ,

Тартып шіреп оқ салып,

Дұшпаныңа дақ салмай.

Жеңілгеннің белгісі - Томсарып қалса тамсанбай.

Шын шешеннің белгісі -

Шырмалған торды шешкені.

Шын шебердің белгісі -

Топшыны мол қып пішкені.

Шын батырдын белгісі -

Самсаған қол, сары жау,

Қан болып аттан түскені.

Найзагердің белгісі -

Қағысқанда майданда

Жаудың аттан ұшқаны.

Қылышкердің белгісі -

Қоян-қолтық жолатпай,

Далита жарып ескені.

Садақкердің белгісі -

Тоғыз қабат ақ сауыт,

Тоқсан торлы оймауыт

Үскідей өтіп тескені.

Мен тоқтаттым сөзімді,

Тапсырдым Хаққа өзіңді.

Аман қылсын жолыңды,

Қақпасын дұшпан қолыңды.

Бастан өтер бұл заман

Болжаусыз, шіркін, көшпелі!

Ерлердің басы құралған,

Тұлпар мініп ту алған,

Майданда талай сыналған.

Найзасы түспей қолынан,

Желі тұрып оңынан,

Түре тиіп соңынан,

Мыңнан озып жүлде алған,

Аз бенен көпті мол да алған.

Қорамсаққа қол салған,

Бір салғанда мол салған.

Тартқан оғы зырлаған,

Түскен жері зарлаған,

Өтпей кейін тұрмаған.

Белгілі ерлер, батырлар - Ордабасы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сүйіндіктен Олжабай,

Бәсентиін Сырым бар,

Малайсары бұрын бар,

Жантай, Барақ, Жаулыбай,

Бағаналы Сарыбай,

Тауға жортқан құлжадай,

Түсірген малды олжадай,

Хан атасы Жәнібек,

Баласына қазақтың

Хандық құрды Абылай.

Айтулы бұлар ер еді,

Бұларға кім тең еді.

Тұсындағы билері,

Әбілмәмбет, Әйтеке,

Қара жігіт Қазыбек,

Әлімбай ұлы Төле еді.

Бұлар да асқар бел еді,

Асусыз тағы өр еді,

Сайраған шешен тіл еді.

Хан болды Абылай,

Сымға тартқан күмістей.

Айрылғандай еруі

Шақшақ ұлы Жәнібек -

Бәрінің болды тіреуі.

Басын қосып барлығы

Аттанысқа жүреді.

Он екі мың қол жинап,

Аз ғана емес мол жинап.

Жазықпен өрлеп ылдилап,

Таумен төмен құлдилап,

Шеру тартып жөнеді.

Қазыбек бас боп билері,

Елде қалды барлығы,

Бірге бірақ тілеуі. Ат құлағын тігіскен,

Жеңген жауын егескен,

Тел қозыдай тең өскен,

Бағлан етін қойдырған,

Қысырдан тайды сойдырған,

Мың да болса тойдырған,

Сапырып қымыз құйдырған

Күмісті сырлы тегешпен,

Самарлы сары шөмішпен,

Керегеге ілдірген.

Шыңғыртып құлын байлаған,

Айдап әкеп белестен.

Қасқартып қара сабаны

Дүрсілдетіп пістірген,

Қос аяқтап іштірген.

Қайғысыз заман, қызықпен

Қыз-келіншек ес білген.

Піспектің сабы сары алтын,

Торсылдағы құйма алтын,

Шығыршығы күмістен.

Қалдан Серен қалмақ жау

Шығарды айдап тегістен.

Жер мен судан айырылып,

Қанатынан қайрылып,

Міне, қазақ іздескен.

Ие болып жер, малға,

Иесіз мал сықылды

Кеткен өтіп оң шеттен.

Қатып саба қаңыраған,

Қымызы кетіп ішімен,

Шимайлы торсық шұбар көнектен,

Қабыл болмай тілектен.

Сар даланы шандатқан,

Жер иесін аңыратқан,

Жылқы кетіп түнектен.

Қыз-келіншек айырылған

Маржанды мақпал желектен.

Рақымсыз қалмақ хандары

Бейбіт елді күңіренткен, Жас баланы еңіреткен.

Төрт бөліп түн ұйқыны,

Тас емшегін жібіткен,

Тар құрсаған кеңіткен,

Сырлы бесік тербеткен,

Әлпештеген баланы

Қарт, қария ананы,

Еңіретіп бәрін әкеткен.

Қол бастап жүрді Абылай,

Соңынан ертіп қыранды.

Жар шақырды Жәнібек,

Абылайлап шапты ұранды.

Текежәуміт мінгені,

Торқалы сауыт кигені,

Сарала қылыш, сар садақ

Қарына найза жаранды.

Ерлігі онан кем болмас

Сейітбаттал қазыдан.

Сілкіді Ахмет тораңды

Қабағынан қар жауып,

Ызғарлы түсі сұрланды.

Шақшақ ұлы Жәнібек,

Әбілмәмбет Абылай

Әскерді қалың өрлетті,

Буырқанды бұрсанды,

Мұздай темір құрсанды.

Аспан, жерді шаң алды,

Жеменкер жендет батырлар,

Ертіп нөкер арыстанды.

Жасындай жайнап тұтанып,

Шақпақтай шаққан от алып,

Ардабектің асқардай

Келбеттері тым суық.

Тітіретіп жер мен аспанды,

Уәлі ұлы Абылай

Ойлаған елдің қамын-ай,

Қатардан бағы асқан-ды.

Хан болып тұрған кезінде Қаймығып кімнен жасқанды.

Артық қонып даража,

Алаштың ұлын басқарды.

Өлшеусіз үздік бақ қонып,

Талайдың солқын басқан-ды.

Әбілмәмбет, Абылай хан,

Жәнібек бас боп аттанды.

Алмас қылыш қайралып,

Көк найзалар сапталды.

Шамбал садақ оқталды,

Қалмақ Қалдан ханынан

Құстыруға жұтқанды.

Даңқы аттанған жер жарып,

Орыс, шүршіт сақтанды.

Абылайға тарту әкеліп,

Осылай шүршіт бас қорғап,

Аман қалып, мақтанды.

Тарту, сыйын беріп сыртқы елдер,

Бастарын қорғап құтқарды.

Қалмақтың келді еліне,

Жойқын әскер жонды алып,

Қаратаудай белді алып,

Сырдария өзен, жерді алып,

Жайылған қазақ елді алып.

Басын қосқан қалмақтар,

Түркістанға жиналып,

Қарсақты бұзып, шеп салып.

Армансыз әбден бекінген,

Қарауылдап қамданып,

Талма түстің шағында,

Құлады әскер шаңданып,

Дүниені жойқын ту алып,

Күмбезді көріп қуанып.

Тиеміз деп қалмаққа,

Етек түріп, білек сыбанып,

Өзеннен құлап су алып,

Көліктерін суарып, Жабылып қайта шыққанда,

Өзен қалды суалып.

Қазақ жайып тұра қалды қанатын,

Батырларын бір ыңғайлап баратын.

Хан мен қарттар сабыр таппай,

Емес шаппай ылғи көкжал тұратын.

Бұл батырлар қамал бұзған қашаннан,

Жауды көріп тыншымай тұр жасанған.

Жеккен аттай жігер күтіп дайын тұр,

Шаш ал десе, бәрі дағы бас алған.

Қалмақтар да түзетті саптарын,

Ышқындырып сабап шауып аттарын.

Қылмаңдатып ат ойнатып қояды,

Найза, қылыш, садақ пенен шоқпарын.

Қалмақ жақтан келді біреу майданға,

Жететіндей емес құшақ жайғанға.

Аттың соғып қолаңсасын, аяғын,

Көлденеңі бірдей ұзын бойында.

Майдан кіріп «жекпе-жек» деп шақырды,

Айбатымен қатты айқайлап бақырды.

Бата беріп Әбілмәмбет, Абылай

Шығарады Қораз деген батырды.

Қораз барды, мына қалмақ ұмтылды,

Қылғып жұтар су бүркіттей жұтынды.

Найзаменен іліп алып Қоразды,

Шаншыған күйімен жерге ұрып өлтірді.

Сәлім барды бір ұрғаннан шықпады,

Қазақтардың көңілі ауырып тоқтады.

Және біреу барып еді Исақан,

Бір ұрғанмен өліп кетті қайтпады. Келді батыр: «Бер рұқсат, тұрам ба-ай,

Шығу керек бұл қалмаққа қамалмай».

Рұқсат алып жетіп келді майданға

Қаракерей атышулы Қабанбай.

Қабанбайға қарап қалмақ: «Ер, - дейді,

Мына жатқан қазағыңды көр, - дейді.

Қазақ-қалмақ бір туысқан кісісің,

Маған қалған кезегімді бер», - дейді.

- Жарайды, - деп тосты қалқан басына,

Қылыш алып келді қалмақ қасына.

Құшырланып салып қылыш жіберді,

Қайтпас маған келген бүгін қосына.

Қылышының ауыр тиді салмағы,

Аудару жақындады ес зардабы.

Құдай сақтап, аман қалды Қабанбай,

Қатты ұйыды екі қол мен қар дағы.

Кезек беріп қалмақ қалқан жамылды,

Ашу кернеп Қабанбайдай жалынды.

Барлық күшін қолға жинап түкіріп,

Қалқанның тақ сыртынан салынды.

Қалдырған жоқ күшін аяп сермеді,

Ат-матымен жығылды да, өлмеді.

Түрегелді белі үзіліп, аты өлді,

Түбі қандай әзір өлім келмеді.

Енді кезек қалмақ алып атқалы,

Садағына салды оғын тартқалы.

Тасқа тиген алмастай-ақ шақ етіп,

Қайта түсті Қабанбайға батпады.

Оқ екпіні Қабанбайды қатты ұрған,

Басқа болса нағыз ажал таптырған.

Бір пайдасын көрді батыр сауыттың,

Сексен байтал қысыраққа соқтырған. Енді кезек Қабанбайға береді,

Ашуланып бұ да садақ шіреді.

Қалмақты ердің басын мезгеп нақ жүрек,

«Ажал оқтың тұсы осы» деп түйреді.

Кірістен оқ заулап жүріп дала кетті,

Нақ сақпанның тасындай-ақ сарт етті.

Бар күшімен тартып еді Қабанбай,

Майрылып оқ батпай қайтып жарқ етті.

Найзасын ап қалмақ кірді жекеге,

Өмірі бар, енді ажалы біте ме?

Сауыт бұзар көк сүңгісін сермеді,

Көкіректен түйреп тесіп өте ме?

Жүгіртіп кеп салды найза оңынан,

Шығармаққа бірдей түйреп солынан.

Қанжарменен қағып тастап найзасын,

Алды батыр бұл қалмақтың жонынан.

О да ұстады жағасынан шап беріп,

Жұлқып тартып жағаласып итеріп.

Көкпардай басып алып алдына,

Абылай ханға алып барды өңгеріп.

Осыменен қас қарайып, күн батты,

Кеш болған соң әскерлерді тарқатты.

Екі жақта қатты күзет қарауыл,

Бір мезгілде шарлап торғай таң атты.

Майдан жерге келіп тұрды екі сап,

Қалмақ, қазақ қарсыласқан екі тап.

Қалмақ жақтан шықты біреу майданға,

Белден үлкен бір арғымақ мініп ап.

Абылайдан алып рұқсат Бөгенбай,

Шығысқан ат, қару-жарақ бәрі сай.

Екі жақ та бұл қазаққа танданды,

«Адамзат па, дию ме, - деп, - япыр-ай». Қалмақтың да сай көрінді құралы,

Жүріп қалған адамдардай араны.

Сұрап алып ыңғайланды қылышын,

Кезексіз-ақ Бөгенбайды ұрғалы.

Бөгенбай да жылдам еді жасынан,

Майданда өлмей жау қайтқан жоқ қасынан.

Айбалтаны суырып алып тақымнан,

Сарт еткізіп салып кетті басынан.

Қалмақ ұшты аттан жерге жұлындай,

Бір өкірген шықты даусы құлындай.

Қарс кірген жалманы мен айбалта

Дал-дал қылып алды басын суыра алмай.

Кезекпен келіп батыр қалмақ та,

Ниеттері Бөгенбайды алмақта.

Жетпіс қалмақ қаза тапты қолынан,

Егеудей іркілген бәрі таңдатпа.

Кешке таман қайтып барды қолына,

Отырды кеп батырлардың қасына.

Бөгенбайдың қайратына қайран боп,

Ен қалмақтың кәрісі мен жасы да.

Таң атып жұрт екі жақтан өреді,

Майдан жерге талапкерлер кіреді.

Әбілмәмбет, Жәнібек пен Абылай

Маслихатты көпке былай береді.

- Жекеменен өне ме ұрыс там-тұмдап,

Жатамыз ба күнде ертеңмен ақымдап.

Шашақты найза қанға сүңгіп тұншықпай,

Қан шашпай алмас қылыш жарқылдай.

Бас-аяғын талапкер ер шақтасын,

Қария, жастар тауда қалсын шаппасын.

Қамал бұзып, көрсетіңдер бір қимыл,

Ашылып бақ, ер еңбегі ақталсын. «Жарайды» деп талапкерлер қуанды,

Тек тұрып білектерін сыбанды.

Абылайлап атты қойып жіберді,

Жер күңірентіп салды ерлер ұранды.

Айбынды төс төге келіп ызғардай,

Айтқан ұран жер күңіреніп көк жарды.

Тебіренген ат тепсінген ер дүбірмен,

Деуге болды осы дүние қозғалды.

Мәмбет, Абылай Жәнібекке қарады,

Бұзылып түс батырдың да барады.

- Айбатыңнан біздің дене шімірікті,

Қандай қиял кернеді? - деп сұрады.

Тұр екеуі ту көтеріп қасқарып,

Қалдан Серен қалған елді шығарып.

- Құдай пана болып, пірлер қолдаса,

Бір кірермін қалмақ қолын қақ жарып.

Асау күрең жамбасына қамшы ұрды,

Кейінгі артын Абылайға тапсырды.

Қалмақ, қазақ араласқан миласып,

Іштен кіре наркескенді суырды.

Қысып тақым ер Жәнібек шу деді,

Бірін шаншып, бірін шауып түйреді.

Шынжыр тастап той жеріне қалмақтың,

Қырық, отызын буындырып сүйретті.

Өрт сықылды Жәнібектің қырғаны,

Ығысты жау, қарсы алдына тұрмады.

Найзаменен түйреп өтіп барады,

Қылыш шауып, садақ тартып қырмады.

Қалдан Серен көрді мұны алыстан,

Жайпап келед ашыққан бір арыстан.

Шаншыған найза, шапқан қылыш, атқан оқ

Батпай келед тоғыз қабат құрыштан. Қан Барлыбай ұрысып жүр, Жаулыбай,

Өте шықты ер Жәнібек заулап-ай.

Жантай, Барақ, Олжабай мен Сүгірәлі

Жүрген жағы қалып барад улап-ай.

Көзін салып, көрсе қарап Қабанбай,

Ұрысып жүр қатарында Бөгенбай.

Жәнібектің алды толған өлексе,

Сілтеп барад оңды-солды дем алмай.

Тізе қосып ылғи көкжал бірігіп,

Ат өліктен жүре алмады сүрініп.

Дал-дал болды жүрген жағы бұлардың,

Түнерген бұлт көшкендей-ақ сырылып.

Бірін шауып, бірін шаншып тұр еді,

Ат үстінен жұлып алып үйіреді.

Екі асықтай кезек қағып лақтырып,

Түсіп жерге талай өліп күйреді.

Тапқызбады қуып қырып шараны,

Арыстандай ашылған күн араны.

Басып-жаншып өлі-тірі аралас,

Туын жығып, иекке алды қаланы.

Шепке қылды тұс-тұсынан қимылды,

Батырлардың бәрі бірден жұмылды.

Сырттағысы кіре алмады қалмақтың,

Іштегісі амал таппай сығылды.

Шебі қалды тозған тордай қиылып,

Өлік жатыр жер-жаһанды ап үйіліп.

Қалдан Серен шықпақ болды жекеге,

Ат ерттетіп қару-жарақ киініп.

Майдан шығып Қалдан Серен келеді,

Айтулы ердің заманында бұл бірі еді.

Жалғыз өзі келіп тұрып майданда:

- Кел, Жәнібек, дәмең болса, - тіледі. Қалдан Серен майданда тұр үңіліп,

Батырларды қосты басын бірігіп.

Қынабына симай қылыш, қан тұтып,

Қайнап, тасып, бұрқылдап тұр төгіліп.

Ат ақ көбік, ақсуыр болған сүмектеп,

Найзадан қан құйылып тұр шүмектеп.

Асау күрең басына бой бермей тұр,

Отыз жігіт алысып жүр жетектеп.

Жәнібек батыр мінді атына бармаққа,

Әдей арнап шақырған соң таңдап та.

Тайсалмапты қайтар ер емес,

Салып ұрып келді жүріп қалмаққа.

Садағының Жәнібекті атты оғымен,

Мұны өлтірсе, айналыспақ сонымен.

Бұлғалақтап заулап келген кез оқты,

Алды қағып Жәнібек қолымен.

Таянды оған батыр Жәнібек саспады,

Оғын жерге лақтырып тастады:

- Берекесіз атқан оғың не қылды,

Көрсет тағы, бердім кезек басқаны.

Ұзын найза салайын деп сермеді,

Алды жұлып, батыр Жәнібек бермеді.

Жұлып алған бойыменен Қалданды

Найзасымен ханның өзін түйреді.

Түйреп найза көтереді тұмақтай,

Ат үстінен тік көтерді құлатпай.

Зуылдатып найзаменен үйірді,

Сауыт - сайман, садақ, қылыш бұлғақтай.

Жәнібек айтты тұрып төменде:

- Жайың қалай енді, Қалдан? - деген-ді.

- Әлі сенен мен жоғары, Жәнібек,

Көремісің, ойнап жүрмін төбеңде. «Солай ма» деп ұрды жерге үйіріп,

Тамам қалмақ жылап жатыр күйініп.

Аяқ-қолы мұнарадай созылды,

Заулап қаны ағып жерге құйылды.

Жеке шығып Жәнібектен жаны өлді,

Билеп тұрған бастығы еді бір елді.

Ұрыс жөнін басқаратын адам жоқ,

Жеңілді де қалмақ қашып жөнелді.

Қашты қалмақ Қаратауды көбелеп,

Қызды қазақ емін-еркін денелеп.

Балқаш көлін басып әрі жөнелді,

Тірі кетті дейміз кейін кебенек.

Қазақ жеңіп, көп қалмақты қашырды,

Жеңілгені аяғына бас ұрды.

Айдап салды жер шетіне қайтпастай

Арарат пен Алтай таудан асырды.

Айдап салды ары ысырып Алтайдан,

Кетті әрі шүршіт пенен қытайдан.

«Сонан қалмақ Сарыарқаға басқан жоқ»,

Деп айтады қариялар қартайған.

Қалмақ қашып енді босап жер қалды,

Құтты қоныс атамекен Сыр қалды.

Ту көтерген ордасы еді қазақтың -

Көк мұнара Қожа Ахмет пір қалды.

Ел тыншығып, жау басылып, көңіл жай,

Тоқты қозыдан, құлындады қалмай тай.

Мың қой айдап жесір қатын, жас бала,

Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай.

Жауға шапса, қасқайып қол бастаған,

Дауға салса, суырылып топ бастаған,

Қазақта Жәнібектей батыр өтті

Артына ерлігімен сөз тастаған.

Соңғы жаңалықтар