БАБАЛАР СӨЗІ: Шідерлі, Өлеңті, Ақ көл атауының тарихы
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты.
Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Есте жоқ ескі заманда Асан қайғы деген адам болғаны бәрімізге мәлім. Асан қайғы жайлы қоныс іздеп елінен кеткен екен.
Жер-жерді аралап келе жатып, бір арнасы кең, жайылып жатқан өзенге келеді. Өзен айналасына қарап тұрып: «Пай шіркін-ай, бұл жерде шідерленген ат семіретін жер екен, бірақ адамдарына арамзалық еп болады екен», - деп ары жүріп кетеді. Қайғы бұл өзенге Шідерлі деп ат қояды.
Ары келе жатып тағы да бір өзенге жетеді. «Суы мен шөбінің шулап, өлеңдетіп тұрғанын қарашы, бірақ елі босқа сөз сөйлеп, өсекшіл, бұзық ел болады екен, - дейді де, - шөп-суы өлеңдетіп тұр ғой, бұл өзеннің аты «Өлеңті» болсын», - деп ары қарай кете беріпті. Қазір ол жерде «Өлеңті» совхозы бар.
«Өлеңті» - қазір үлкен совхоз. Мал және егін шаруашылығымен айналысады.
Асан қайғы осымен тоқтамай ары қарай кетіпті. Осы Өлеңті мен Шідерлінің суларының аяғы үшінші бір көлге құйылады екен. Асан жүре-жүре сол көлге де жетіпті. Көлге қарап тұрып: «Суының қардай аппақ, тап-тазасын-ай, бірақ та айналасында шөбі аздау екен», - депті. Сөйтіп, бұл көлге «Ақ көл» деп ат қойыпты.
Бұл үш көл бар аймаққа Исабек, Исақ дегеннің тұқымы тоқтап, орын алыпты.