08:28, 27 Тамыз 2015 | GMT +5
БАБАЛАР СӨЗІ: Төрткүл жазығы атауы қайдан шықты?
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.
«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***
Ертеректе бұл жазықты бір бай иемденіп, мекен етіпті. Бай үш әйел алса да, бір де бірі бала көтермепті. Төртінші әйелін алғанда бір қыз тауыпты. Қызды әйелдердің барлығы да жақсы көріп, ортақ мәпелеп, тәрбиелепті. Қыз бойжетіп, сол маңдағы бір кедейдің ақылды баласына ғашық болып, тимек болады. Бұл жағдайды білген залым әкесі: «Менің қызым кедейге тие ме» деп намыстанады да, қызын сабап өлтіріп қойыпты.
Кейінгі кезде қыздың төрт шешесі қызды еске түсіру мақсатында жазықтың төрт бұрышына әдейілеп жемісті бақша орнатыпты. Жеміс-жидек ағаштары жетіліп, аппақ қардай болып гүл ашады. Бұл жерді көрген жұртшылық содан бастап «Төртгүл» деп атап кетеді. Кейін келе «Төрткүл» болып өзгерген делінеді.