БАБАЛАР СӨЗІ: Түлкібас атауының шығуы тарихынан

Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
О баста бұл жер Майлыкент аталған екен. Осы Майлыкент өңірінде Түлкібас деген әулие кісі өмір сүріпті. Кезінде елге көп жақсылығы тиген, әр түрлі ауруларды емдеп, жазыпты. Өзінің әулиелігіне қарамай ол кісі өте қарапайым болғанға ұқсайды. Бірақ ел ішінде оған сенбейтін, күле қарайтын адамдар да бар екен. Қасиетті Түлкібас оған еш мән бермеген. Бір күні Түлкібас әулие қазіргі Түлкібас ауданының орталығы «Ванновка» мен «Азаттылық» колхозының шекарасында орналасқан Қосемшек деген төбенің етегіндегі өзенге түйесін суғармақ болып жетелеп бара жатады. Сол кезде оған сенбейтін, сол ауылдың біраз адамы артынан әжуалай қарап, күліп тұрады. Бұған шыдамаған Түлкібас әулие артына қарап, әлгі адамдарға түкіріп қалыпты. Сол сәтте олар езіліп кетіп, барлығы он екі адам бір-бір бастауға, бұлаққа айналады. Осыдан бастап ел оның қасиеттілігіне сене бастайды. Кейіннен ауырған адамдар қасиетті әулиенің түкірігі бар деп, сол бастаудан су ішетін болыпты.
Сонымен Түлкібас әулие өмірінің соңына дейін жұртты емдеп, елге көп жақсылық істеген. Өлер алдында ол кісі былай деп айтқан екен: «Мен өлген соң мені Қосемшектің жоғары төбесіне жерлеңдер. Үстіне үш дәу тас әкеліп, біреуін оңға, біреуін солға, біреуін аспанға қаратып қойыңдар», депті. Оның бұл тілегін халқы өзгеріссіз орындапты.
Күндердің күнінде осы елге жау шабады. Бірақ елге жақындағанда жаудың аттары аяқтарын алға баспай қойыпты. Әбден әуреге түскен жау аттарын алға бастыра алмаған соң кері қайтады. Естіген ел аң-таң қалады. Кейін Түлкібас әулиенің үстіндегі оң жаққа қарап тұрған тастың жоқ болғанын көрген жұрт бұл кереметтің сырына түсінгендей болыпты.
Тағы бір жылы қатты қуаңшылық болады. Көктен бір тамшы тамбай ел ашаршылыққа ұшырайды. Сол кезде бүкіл ел жиылып, елдің беделді бір адамын басшылыққа алып Түлкібас әулиенің басына келіп жалбарынады. Әлгі елдің беделді кісісі: «Егер осыдан көмектессең, атыңды өмір бойы ұмытпаймыз»,- дейді.
Сол кезде қабірінің үстіндегі аспанға қарап тұрған тас домалап түсіпті. Тастың үлкендігі сонша-сол тастан бірталай адам мерт болалы. Дәл сол мезетте аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркірейді, артынша ақ жауынға айналады.
Содан соң жұрт уәде бойынша сол өңірге «Түлкібас» атын беріпті.