«Бабалар сөзі» - ұлт мәдениетінің теңдессіз мұрасы - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Алматыда Ә. Қастеев атындағы өнер музейі Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның доценті Арғынбаева Марьянаның «Мен өмірге ғашықпын» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жазылған.
Басылымның мәліметінше, Марьяна Арғынбаева өзінің жеке шығармашылық көрмесін «Мен өмірге ғашықпын» деп атады. Бұл көрме бір қарағанда кездейсоқ әсер қалдыратын сияқты болғанымен, автордың туындыларынан оның өмірге құштарлығы мен адам баласына деген сүйіспеншілігін көре аламыз. Оған «Қалпақ киген әйел», «Менің мейірман анам», «Күнге күйген әйел», «Көңілді жүзжылдық-алоэ» натюрморты, «Қуаныш», «Сен және Мен», «Жалын атқан сезім», «Диско» сынды жарқын композициялары жақсы мысал бола алады.
Ғалымдардың болжамдары бойынша, ХХІ ғасырдың басты проблемасы - ауызсу тапшылығы болмақ. Енді он-он бес жылда адамзат осы проблемамен бетпе-бет келеді. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Cу қорлары құрып барады» атты мақалада жазылған.
Бүгінде әлем бойынша 1,1 млрд адам су тапшылығын тартса, 2 миллиардтан астамы «су дағдарысын» бастан кешуде. «Дамыған елдер, су тапшылығынан отырған жерлерін тастап шыққан босқындар легінің «астында қалу» проблемасына кезігеді. Ал 2030 жылға қарай босқындар саны 500 миллион адамнан асып түсетін болады» деген шын мәнінде, үрей туғызатын болжамдар айтылып жүр. Су тапшылығының ұлғаюы терроризм проблемасын тудыруы мүмкін. Жерінің жартысынан көбі шөл және шөлейт даладан тұратын Қазақстанға бұл қауіп төніп тұр. Ғылыми-техникалық прогреске байланысты су ресурстары дұрыс пайдаланылмағандықтан соңғы 40-50 жылдың ішінде Қазақстан жерінің 60 пайызы (1,8 миллион шаршы шақырым) нәрсіз тақырға айналды. Көрші елдерден келетін трансшекаралық өзендердің арнасы жыл санап түсіп барады. Кикілжің осыдан-ақ туындауы мүмкін. Бұл тек Қазақстанға ғана қатысты мәселе емес, адамдардың қоршаған ортаны орнымен пайдалана алмауы салдарынан Орта Азия аумағының жартысынан көбі сусыз дала санатына қосылды, деп жазады басылым.
Газеттің жазуынша, бұл мәселені біздің Үкімет те бақылауда ұстап отыр. Жобаларға қарағанда бәрі жақсы. Су ресурсы мәселесін шешу үшін жақын арада Ертістен Есілге дейін Астана арқылы өтетін, құны 500 млрд теңге тұратын, жаңа арық тартылатын болды. Жаңа канал арқылы Арқаға жылына 1 млрд текше метр су жеткізілмек. Ұзындығы 340 шақырымдық канал бойынан Астанаға дейін Теңіз, Ақжар және София деп аталатын үш көл, қаладан ары шыққаннан кейін тағы бір суқоймасы пайда болады. Бұл жоба Арқадағы су тапшылығын жоятын шығар, ал ауызсусыз отырған қаншама аудандарды қалай қамтамасыз етуге болады?
Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Бабалар сөзі» жүз томдығы жарыққа шығуы толығымен аяқталды. Ұлттық руханияттың баға жетпес, құнды қазынасы - ел мәдениеті ғана емес, күллі жер жүзі мәдениетіндегі теңдессіз тарихи оқиға. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бабалар сөзі» - ұлт мәдениетінің теңдессіз мұрасы» атты мақалада жазылған.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған бұл іргелі еңбекті дайындаған - М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Ірі фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов бастаған фольклоршылар, әдебиетші ғалымдар, институт мамандары, сондай-ақ белгілі баспагерлер қатысты.
Басылымның жазуынша, жинақталып жүйеленген, жанрлары анықталып қалыпқа түскен көп томдық ғылыми басылымды Н. Исабеков басқаратын «Фолиант» баспасының ұжымы сәтті атқарып шықты. Серияның бұған дейін баспаға ұсынылған тоқсан тоғыз томы ұлттық фольклорымыздың аса бір көркем де көлемді бөлігі болып саналатын эпостық шығармаларға, ертегілерге, шетелдердегі қазақ фольклорына, қара өлең, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер, аңыздар, шежірелер, т.б. жанрларға арналды.
Дәлірек айтқанда, «Хикаялық дастандардың» - он үш, «Діни дастандардың» - жеті, «Ғашықтық дастандардың» - он бір, «Тарихи жырлардың» - он бір, «Батырлар жырының» - жиырма, «Мақал-мәтелдердің» - бес, «Қара өлеңнің» - екі, «Шежірелік жыр-аңыздардың» - үш, «Ертегілердің» - бес томы, «Тарихи аңыздардың» - төрт томы, «Ауызекі әңгімелердің» - үш, «Ғұрыптық фольклордың» - екі томы және «Жұмбақтардың», «Балалар фольклорының», «Қазақ мифтерінің», «Моңғолия қазақтары фольклорының», «Топонимдік аңыздардың», «Күй аңыздың», «Аңыздық шежірелердің», «Аңыздық жырлардың», «Өтірік және мысалдардың», «Магиялық фольклордың», «Түс жору және ырымдардың», «Хикаяттардың», «Ән-өлеңдердің» - бір-бір томы баспаға дайындалып, басылым көрді. Бұл жинақтардың он екі томында Қытайдағы, біреуінде Моңғолиядағы қазақтардың фольклорлық мұралары қамтылды.
Қалай болғанда да әлем мәдениетінің тарихында бұрын-соңды болмаған тың жаңалық - қазақ халқының мәңгілік мұрасын жинақтаған «Бабалар сөзінің» 100 томдық басылымының жарық көруі. Ендігі міндет - жақсы дүниемізді көздің қарашығындай сақтап, қалың жұртшылыққа насихаттап, ұлтымыздың мәртебесін арттыру, дейді газет.
***
Семейде айтыскер ақындар мектебінің жұмыс істей бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды, белгілі айтыскер ақын Дәмеш Омарбаева жетекшілік ететін осы мектептен түлеп ұшқан ақындар бүгінде республика көлемінде кеңінен танымал. Бұл туралы бүгінгі санында «Егемен Қазақстан» газеті жазады.
Басылымның жазуынша, жуырда Семейдегі Абайдың республикалық қорық мұражайында «Асыл қазына» деген атпен жас ақындар клубы ашылды. Клубтың мақсаты - бұлақтың көзін ашумен бірге, жас өскіндердің жырларын талқылап, бағыт беру, топтама жыр жинақтарын шығаруға қамқорлық таныту.
Бас қалаға кірер жол тораптарында орналасқан Целиноград ауданы қарқынды дамытылуда, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Астананың қақпасы» атты мақаласында.
Ақмола облысының Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарына қарасты елді мекендердің біразы елордамыз - Астана қаласын айнала орналасқандығы белгілі. Осы себепке байланысты аталмыш аудандар шаруашылықтарының еліміздің бас қаласын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі алар орны ерекше. Оның үстіне Астана іргесіндегі ауданға қойылар бұдан басқа талаптар да аз емес. Соның бастысы - бас қаланы айнала орналасқан ауыл-селолар көркінің елорданың ерекше келбетіне сай келуі.
Әрине, бұл мәселе жайында түрлі деңгейдегі жиындарда талай әңгіме де қозғалды, шешімдер қабылданып, межелер де белгіленді. Өкінішке қарай, солардың басым көпшілігінің сөз күйінде қалып келе жатқандығы да жасырын емес. Енді, міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай Үкімет қаулысымен арнайы бағдарлама қабылданып, атқарылуға тиіс істердің ауқымы белгіленді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қыруар қаржы бөлінуде.
Басылымның мәліметінше, өткен 2012 жылғы қараша айының 30-ында Үкімет қаулысымен Астана маңындағы елді мекендерді абаттандыру, оларды елорда келбетіне сай деңгейге көтеру туралы арнайы бағдарлама қабылданғандығы белгілі. Бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 37,7 миллиард теңге қаржы бөлініпті.
Астана іргесіндегі аудан тіршілігі жыл өткен сайын дамып келеді деп айтуға әбден болады. Қанатын кеңге жая түскен Астана өз даму екпініне ауданды да қоса ілестіріп әкеткендей. Мәселен, өткен жылы ғана мұнда 7 миллиард 274 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген екен. Мұндағы жылдық даму деңгейі 5,7 пайызды құрады. Өнеркәсіптің жандануына жаңа кәсіпорындардың ашылуы да ықпал етіп отырғандығын айта кеткен жөн. Мәселен, аудан аумағында жаңа кірпіш зауыты іске қосылды. Ол жылына 17 миллион дана кірпіш шығаратын болады. Сонымен қатар, мұнда 50 жұмыс орны ашылып отыр.