Бағдадта лаңкестік әрекеттердің салдарынан 54 адам мерт болып, 106 адам жараланды
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат - Нақтыланған мәліметтер бойынша, Бағдадта шиит мінәжат етушілерге қарсы жасалған лаңкестік әрекеттің салдарынан 54 адам мерт болды және тағы 106 адам жарақат алды.
Ирак полицейлері мен дәрігерлері бүгін осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Би-би-си телекомпаниясы. Бұған дейінгі ақпараттарда 41 адамның қазасы туралы айтылған еді.
Полицияның мәліметі бойынша, шабуылды беліне «шахид белбеуін» таққан әйел жасаған. Ол бомбаны Ирактың Кербеле қаласына бара жатқан шиит мінәжат етушілерінің арасында іске қосқан. Жүздеген мың шииттер Ашурадан кейінгі 40-шы күні өтетін діни рәсімдерге қатысу үшін осы аптада Кербелеге ағылады.
Иракта шиит мінәжат етушілерге қарсы лаңкестік әрекеттер үнемі жасалады. Жанкешті әйелдердің шабуылы да сирек емес. Осыдан бір жыл бұрын Бағдад маңында жанкешті әйел жасаған осындай шабуылдың салдарынан 32 мінәжат етуші қаза тапқан еді.