Бахрейн Иран тарапынан ұшырылған зымырандар мен дрондардың жойылғанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бахрейн Қорғаныс күштерінің әуе шабуылына қарсы жүйелері Иран тарапынан ұшырылған үш зымыран мен бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын жойды, деп хабарлайды Anadolu.
Бахрейн Қорғаныс күштері Бас қолбасшылығының мәліметінше, шабуылдар корольдіктің азаматтық тұрғындарына қарсы бағытталған.
– Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері үш зымыран мен бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын сәтті түрде тосып алып, жойды, – делінген ресми хабарламада.
Бас қолбасшылық Иранның әрекеттерін «дұшпандық ұстанымның көрінісі» деп бағалап, зымырандық және дрондық шабуылдарды айыптады.
Сондай-ақ қарулы күштердің барлық бөлімшелері жоғары жауынгерлік дайындық режиміне көшірілгені хабарланды.
– Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы күштердің барлық бөлімшесі толық дайындық жағдайында тұр. Азаматтарды сақ болуға және зымырандар мен ұшқышсыз аппараттардың қалдықтары болуы мүмкін күмәнді заттарға жақындамауға шақырамыз, – деп мәлімдеді Бахрейн Қорғаныс күштері.
Бұған дейін, 6 маусым күні таңертең Бахрейн Ішкі істер министрлігі ел аумағында әуе дабылы сиреналары қосылғанын хабарлаған еді.
Айта кетейік, Иран АҚШ-тан 24 млрд долларды қайтаруды талап етті.