БАҚ өкіліне аузын қисайтқан судьяға қандай жаза қолданылғаны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбінур Қарабаевқа қатысты тәртіптік іс бойынша Судьялар жюриі шешім шығарды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жоғары сот кеңесінің Судьялар жюриі отырысының қорытындысы бойынша Әбінур Қарабаев тәртіптік жауапкершілікке тартылып, ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
— Жоғары сот кеңесінің Судьялар жюриі судьялар қауымдастығының тәуелсіз тәртіптік органы саналады. Оның міндеті — судьяларға «қатаң жаза қолдану» емес, тиімді тәртіптік шараларды қолдану арқылы олардың жауапкершілігін арттыруға және сот процесі қатысушыларының судьяларға деген сенімін нығайтуға ықпал ету. Судьялар жюриі тәртіптік процестің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік береді, — деп хабарлады Жоғары сот кеңесінде.
Айта кетейік, тексеру видеожазбадан басталған болатын: сот залында бұрынғы Шымкент әкімінің орынбасарына қатысты іс бойынша төрағалық еткен судья журналиске тілін көрсеткен.
Кейіннен Сот әдебі бойынша комиссия тексеру материалдарын Судьялар жюриіне жолдады.
Материалдарды қарап шыққан Судьялар жюриі тәртіптік істі қабылдап, соңғы шешім отырыс қорытындысы бойынша қабылданатынын мәлімдеді.