БАҚ: Шотландия ұлттық партиясы Кир Стармерге сенімсіздік вотумын дайындап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Шотландия ұлттық партиясы Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерге сенімсіздік вотумын жарияламақ ниетте. Бұл туралы шотландиялық Hollyrood басылымы британ парламентіндегі фракция жетекшісі Дэйв Дуганға сілтеме жасап хабарлады.
Бұған дейін 100-ге жуық лейборист депутат жергілікті сайлаудағы партияның сәтсіздігінен кейін премьер-министрдің отставкаға кетуін талап еткен еді. Сондай-ақ наразылық ретінде үкіметтің бірқатар шенеунігі қызметінен кеткен. Алайда Стармер орнынан кетуді жоспарламайтынын мәлімдеді.
– Егер премьер-министр қызметінен кетпесе, ШҰП фракциясы Кир Стармерге сенімсіздік вотумын ұсынуға уәде берді, – деп жазады басылым.
Ақпаратқа сәйкес, ШҰП сенімсіздік вотумын король Чарльз III Лордтар палатасында заң жобасына түзету түрінде енгізбек.
– Вестминстердегі билік жолындағы бұл цирктік күрес енді жалғаса алмайды. Лейбористер партиясы Ұлыбританияны хаосқа батырды және ішкі тартыстармен әбден әуре болып, көмекке мұқтаж отбасылар үшін ештеңе істемей отыр, – деді Дэйв Дуган.
Бұған дейін британдық БАҚ Кир Стармердің отставкаға кетуіне қатысты үндеулер аясында Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Уэс Стритинг премьер-министрлік үшін күресу мақсатында қызметінен кетуі мүмкін екенін хабарлаған.
Ұлыбританиядағы өңірлік сайлау өткен бейсенбіде өтті. Дауыс беру Англияның 136 өңірінде ұйымдастырылды. Қорытынды нәтижеге сәйкес, лейбористер муниципалдық кеңестердегі бұрынғы 2,2 мыңнан астам орынның шамамен 1,2 мыңынан айырылды. Ал негізгі жеңімпаз Reform UK оңшыл партиясы болып, шамамен 1,4 мың мандат иеленді.
Айта кетейік, жуырда ғана Ұлыбританияда балаларды қорғау мәселелері жөніндегі министр Джесс Филлипс Үкімет басшысы Кир Стармерге наразылық ретінде өз еркімен қызметінен кетті.