«БАҚ-та кімнің бәсі жоғары?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 наурыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
Орталық сайлау комиссиясы алдағы күндері парламенттік доданың жарыс жолына шыққан партиялар арасында пікірсайыс-дебат ұйымдастыратын болды.
«Егемен Қазақстан» басылымы жұма күнгі санында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франция кино академиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығының лауреаты Сатыбалды Нарымбетовпен арадағы сұхбатты жариялады.
«Сатыбалды Нарымбетов - өмір бойы таптаурыннан қашқан жазушы, драматург, режиссер. Әдебиетте де. Кинода да. Өмірде де. Тіпті, барлығымыз күнделікті қолданатын сөздің өзінде таптаурынға ұрынбайтын ерекше мінезі бар. Осы ерекшелік Сатыбалды Нарымбетовтің ешкімге ұқсамайтын суреткерлік әлемін қалыптастырды. Осы ерекшелік қазақ киносына тамаша туындыларды берді. Бір ғана «Көзімнің қарасы» әлемнің талай айтулы кинофестивальдарының жүлделерін қанжығасына байлады, «Әлем киносындағы үздік фильмдер» тізіміне енді. Шығармашылық бақыт деп осыны айтатын болар. Бірақ, әрбір шығармашылық табыстың артында суреткердің біз біле бермейтін қаншама жан азабы, ой азабы, қаншама толғанысы жатыр...», - делінген «Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ: «Мен үшін әрбір фильмім от ішіне кіріп шыққанмен бірдей...» деген тақырыппен берілген материалда.
- Менің принципімнің ең бастысы көрерменге өз ойымды күштеп таңу емес, соңында көп нүкте қойып, ойланар сұрақ тастағым келеді. Григорий Данелияның: «Экранның арғы жағынан режиссердің басы қылтиып, көрініп тұрмауы керек», деген сөзі бар.
Таза режиссерлік кино бар. Мысалы, Андрей Тарковскийдің, Федерико Феллинидің, Луис Бюнуэльдің фильмдері. Оларда режиссердің қолы сезіледі. Менің принципім неғұрлым қарапайым, яғни кейбір көргендерімді көбелек қуып жүріп ұстап алғандай етіп бейнелеу. Көрермен фильмді экраннан көргенде: «Ой, мынаны мен де түсіре аламын», дейтін болса. Ал содан кейін түсіріп көрсін. Көрерменге көп нәрсені ашық айтпай, ұшын ұстатып, ар жағынан қанаттандыру керек», - дейді режиссер.
Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы, Жиликул ауданының Есақұл деген ауылында 600 адамның басын құрайтын этностық қазақтар тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың ендігі армандары тарихи Отандарына - Қазақстанға оралу болып отыр, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
«Тәжік жеріндегі бұл қазақтардың мұнда тұрып жатқандарына жүз жылға жуық уақыт өтсе де, баяғы тұрмыс салттарын сол қалпында дерлік сақтап қалған. Олардың сол мезгілдегіден бар айырмашылығы, сірә, қазір бұрынғысынша киіз үйлерде тұра қоймайтындары ғана шығар.
Тәжікстанға қазақтардың алдыңғы легі Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда келе бастаған. Соның өзінде олардың осында тұрақтап қалуларының әртүрлі себептері болған. Біреулері оқу немесе жұмыс іздеп келіп, үйлі-жайлы болып, қалып қойған. Тағы біреулері жер аудару жолымен келген. Ал Есақұл кышлағына қоныс тепкендердің ақсақалы Қожамқұл Нұрматовтың бабалары большевиктерден қашып, қора-қора малдарымен Ауғанстан асып бара жатқандарында, әрі қарай жете алмай осы жерде қалып қойған», - делінген «Есақұлдың қазақтары» атты мақалада.
«Өткен ғасырдың 20-жылдарында әкем Қызылорда облысынан Ауғанстанға қарай беттегенде Кеңес өкіметінің өкілдері ұстап алып, барлық малын колхозға тартып алған, - дейді қазір Қ.Нұрматов. - Сол замандарда мұнда жол салынып жатыпты да, түйелері тасымал көлігі ретінде құрылысқа жегіліпті. Әкем осы жерде түйелерімен бірге қара жұмысшы есебінде қалдырылған».
***
Орталық сайлау комиссиясы алдағы күндері парламенттік доданың жарыс жолына шыққан партиялар арасында пікірсайыс-дебат ұйымдастыратын болды, деп жазады «Айқын» басылымы «БАҚ-та кімнің бәсі жоғары?» атты мақалада.
Бұл туралы кеше журналистерге Ортсайлауком мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті. «ОСК саяси дебаттар өткізетін болады. Оның өткізілу уақыты, көлемі және тәртіп-регламенті туралы біз қосымша хабарлаймыз» деді ол.
Л.Сүлейменнің айтуынша, бүгінде сайлауға түсуші алты партия өздерінің сайлау қоры есебінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Мұның сыртында отандық ақпарат құралдары олардың үгіт науқанын «жаңалық» түрінде тегін жариялауда. Міне, дәл осы тарапта Орталық сайлау комиссиясы газеттер, телеарналар және радиолардың алты партияның үгіт қызметін теңдей көрсетуін қырағы қадағалауда. Кеше ОСК мүшесі «сайлау науқанының барысын және саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітін жария ету жөніндегі БАҚ материалдарына мониторингтің аралық қорытындыларын» жария етті.
«Айқын» басылымы өзінің келесі мақаласында қазіргі қоғамымыздың кітап оқымауына не себеп және ол қандай қасіретке алып келеді деген сауал бойынша ой өрбітеді.
«Кеңестік кезеңде оқырман кітапқа үйір болды. Қой баққан қойшы да, ой баққан ойшы да қойнынан кітабын тастаған жоқ. Ол әдебиет бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп, ана тілінің кәусарына шомылдырып өсірді. Алайда, тәуелсіздік алған жылдардың бедерінде кітаптан бедел кетті. Мұның себебі неде? Оқырман кітаптан гөрі телехикаяларға әуес болып алды. Телеарналарды жаулаған сериалдар кітаптың орнын алмастырды деген пікірді алға тартушылар да көп. Дегенмен кітап пен оқырманның арасының алшақтауының себебін бір сөзбен түсіндіру қиын», - делінген «Кітап құндылық болудан неге қалды?» атты мақалада.
«Бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта одан көзі ашық, көкірегі ояу адам қалыптасады. Әрі кітап оқудың тағы бір артық қасиеті - миды жаттықтырады. Неге Абай дара? Өйткені ол өз білімін өз бетімен ізденуінің арқасында жетілдірді. Шығыс пен батысты қатар меңгерді. Шығыстан да, батыстан да ой түйді, қажетін алды. Максим Горькийдің «бойымда артық жақсылық болса, оның бәрі кітаптың арқасы» деген сөзі де бекер емес. Кітапты қай кезде де оқыса да жарасады. Кемел ойлы азамат болып қалыптасудың жолы осында. Салауатты, сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу - адамзаттың ұлы мұраты», - дейді газет.
1866 жылдың 5 наурызы - ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан жарық дүние есігін ашқан күн. Қазақ ұлтының ел болып, халық болып бой түзеуі үшін бар ғұмырын сарп еткен, халық көкірегіне жарық сәуле шашу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген Әлихан Бөкейханның біртұтас «Алаш» идеясын ұсынуы халықты бір жұдырыққа жұмылуға, ұлт болып ұйысуға бастаған еді. Амал не, тоталитаризм ұлт көсемдерінің бұл идеясын жүзеге асыруға жол берген жоқ, 70 жыл бойы атын атауға тыйым салды. Биыл 150 жылдығы аталып өтілетін Әлихан Бөкейханның қазақ үшін жасаған ұланғайыр еңбегі қалай бағалануда? ЮНЕСКО тарапынан қолдау тауып отырған мерейтой қалай өткізілмек? «Түркістан» басылымы осы және өзге де ұлттың ұлы мәселелері жайында алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлымен сұхбаттасқан.
- Жалпы, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысқа ғылыми және тарихи тұрғыдан баға беріліп жатыр. Дегенмен, жан-жақты толық баға берілді деп айта алмаймыз. Өйткені «Алаш» қозғалысының, «Алаш» автономиясының, «Алаш» идеясының, «Алаш» партиясының тарихи маңызы әлі терең зерттелген жоқ. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында «Алашорда» қозғалысына саяси баға беру жайлы талпыныс та болмай отыр. Әлихан Бөкейханның аты бізде «Алаш» идеясымен қатар ауызға алынады. Әлихан Бөкейхан десек, «Алаш» қозғалысы, «Алаш» қозғалысы десек, Әлихан Бөкейханды ойымызға аламыз. Өйткені ұлт-азаттық қозғалысы мен Әлихан Бөкейхан аты біте қайнасып кеткен. Біз бүгінгі Қазақстанның негізі «Алашорда» автономиясынан бастау алатынын ескере бермейміз», - дейді Сұлтан Хан Аққұлы. Толық сұхбатты «Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан Бөкейхан әлі терең зерттелген жоқ» атты материалдан оқуға болады.
***
«Экспрес К» басылымы болса, Қазақстанның бұрынғы Ұлттық банк басшыларының CFO Idea Exchange&Networking Event саммитінде айтқан қазіргі дағдарыстан шығу жолдарына қатысты ойларын келтіріп отыр.
2004-2009 жылдары Ұлттық банк басшысы болған Әнуар Сәйденов әлемдік дағдарыс Қазақстанға енді ғана аяқ басып келе жатыр және «қызықтың көкесі» әлі алда екенін жеткізді.
«Дағдарыстан шығудың мүмкіндіктері болады, алайда бізді қатты «сілкиді», одан біз қаша алмаймыз», - дейді Әнуар Сәйденов. - Менің пікірімше, біздің банк секторымыз сәл бірдеңе болса есінен танғалы тұр. Егер оны қан жүйесімен салыстыратын болсақ, ол түрлі кеселдермен бітеліп қалған. 2004-2007 жылдары болған несие қарқынының өсуі қазір олардың аяқтарына байланған кір тасындай сезілуде».