Бақыт Сәрсекбаев: Жастар құрамасы Таиландтағы турнирде жоғары нәтиже көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – Бокстан Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев шәкірттерінің Бангкокта өткен Futures Cup халықаралық турниріндегі нәтижесі жөнінде пікір білдірді.
Қазақстандық спортшылар халықаралық турнирде 4 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде медальдық есепте екінші орынға ие болды. Отандастарымыз арасынан Досжан Жұмақан (60 келі), Айдана Убайдуллақызы (80 келі), Хамза Мақсатұлы (75 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі) чемпион атанды.
Ал Камила Оспанова (70 келі), Жалғас Утебеков (90 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) күміс медаль алса, Ақнұр Тұрсынғали (57 келі), Зарина Толыбай (75 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі) жарысты қола жүлдемен аяқтады.
– Халықаралық турнирде қазақстандық боксшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді деген ойдамын. Олардың жеке бапкерлеріне рақмет айтамын. Алда тұрған жоспарлар бар. Бізді жасөспірімдер арасында Олимпиада күтіп тұр. Сондай-ақ олар әлем чемпионатында сынға түсуге мүмкіндік алады. Турнир барысында боксшылардың дайындық барысын таразылап көрдік. Ендігі кезекте жастарымыз қандай қателік жіберді деген ахуал төңірегінде жұмыс істейміз. Шәкірттеріме сәттілік тілеймін. Олар бұл жетістік үшін қаншама тер төкті. Сондай-ақ бізге қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс білдіргім келеді, - деді Бақыт Сәрсекбаев.
Халықаралық турнирдің медальдар кестесінде Өзбекстан, Қазақстан, АҚШ құрамалары алғашқы үш орынды өзара бөліссе, Англия, Франция, Самоа, Үндістан, Италия, Украина, Жапония, Грузия боксшылары бір-бір мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.