Бақытбек Базарбек бірқатар министрлікті біріктіруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап мемлекеттің шығыстарын қысқартып, кейбір министрліктерді біріктіру қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытбек Базарбек айтты.

дом министерств, министрліктер үйі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

- Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында 2026 жылдан бастап мемлекеттік аппаратты біртіндеп қысқартуымыз қажет. Одан барлығы қорқады. 2026 жылдан бастап мемлекеттің шығыстарын қысқартпасақ, онда қарызымыз қыса бастайды. Сондықтан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» компаниясының әкімшілік аппаратын қысқартуымыз керек. Министрліктерді де дереу қысқартуымыз қажет, - деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Оның атап өтуінше, 2-3 министрлікті біріктіруге болады. 

- Халық саны аз Қазақстанға осыншама министрлік қажет емес. Мысалы, Су министрлігі мен Экология министрлігін, Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігін, Өнеркәсіп министрлігі мен Көлік министрлігін біріктіре салуға болады. Әр министрдің 5-6 орынбасары бар. 4-еуін қысқартып, екі орынбасар ғана қалдыру қажет. Басқаша айтқанда шығындарды азайтуымыз керек. Яғни, оны қысқартып, жасанды интеллект, цифрландыруға айналдыруымыз қажет. Басқаша айтқанда 2030 жылға қарай мемлекеттік аппаратымыз кем дегенде 20-30 пайызға қысқаруы тиіс, - деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.

Соңғы жаңалықтар