Бақытжан Базарбек алдағы референдум жөнінде: Парламентке қатысты шешімді халық жасайды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру үшін 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу жөніндегі ұсынысына пікір айтты.

Бақытжан Базарбек
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Егер бір палаталы Парламент құрылса, қаражат үнемделеді. Бұл тұрғыда депутаттар саны да өзгеруі мүмкін. Қазір алдын ала пайым жасау қиын. Алдымен, 2027 жылғы референдумды күтейік. Референдумда халық қалай шешсе, солай болады, - деді Б. Базарбек Президент Жолдауынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Осы орайда депутат қазір Парламент Мәжілісі де, Сенат та өз қызметін орындап жатқанын, қос палата миссиясын тиісті деңгейде атқарып отырғанын айтты.

- Бірақ, біз саяси реформаларға көшуіміз керек. Бұл ретте, Президенттің бүгінгі бастамасын толығымен қолдаймын. Мемлекет басшысы Жолдау барысында парламенттік реформаға ерекше тоқталды. Сондықтан референдумнан кейін көп нәрсе өзгеруі мүмкін, - деді Бақытжан Базарбек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.

Мемлекет басшысы өткен 30 жылда Сенат аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен атқарып шыққанын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар