Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатынан зардап шеккен азамат комадан шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Экс-мәжілісмен Бақытжан Базарбек қатысқан жол-көлік оқиғасынан кейін ауыр жағдайда жатқан Нұржігіт 24 күннен соң есін жиды. Дегенмен алған жарақатына байланысты оның жағдайы әлі де ауыр.

Бакытжан Базарбек
Фото: bakytzhan.bazarbek / Instagram

Бұл туралы Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

– Нұржігіт оянды, есін жиды. Ол анасын, әйелін, балаларын, бауырларын және басқа да туыстарын танып жатыр, – деп жазды экс-депутат.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы да науқастың жағдайында оң өзгеріс бар екенін растады. Алайда оған әлі де ем қажет.

– Науқастың жалпы жағдайы алған жарақатына байланысты ауыр күйінде қалып отыр. Дегенмен жүргізіліп жатқан терапия аясында оң динамика байқалады. Дәрігерлер емдеу шараларын толық көлемде жалғастырып, науқастың жағдайын жіті бақылауда ұстап отыр, – деп хабарлады ведомство.

Бақытжан Базарбек Тараз қаласындағы реаниматолог Гамзат Мусин мен анестезиолог-реаниматологтар командасының еңбегін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ экс-депутат Нұржігіттің жағдайы туралы ақпаратты бұрмаламауды және шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет таратпауды сұрады. Ол зардап шеккен азамат пен оның жақындарына қолдау білдірген жұртқа алғыс айтты.

Еске салайық, 15 тамызда Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында Toyota автокөлігі ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат жансақтау бөліміне жеткізілді.

17 тамызда Бақытжан Базарбек жол апатына өзінің қатысы бар екенін алғаш рет мәлімдеді.

28 тамызда зардап шеккен азамат Құланнан Тараз қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылды.