Бақытжан Базарбек жол апаты туралы: Асығыс қорытынды жасамаңыздар
АСТАНА. KAZINFORM – Бұрыншы Мәжіліс депутатты Бақытжан Базарбек Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялап, қалың көпшілікті өзі түскен жол апатына қатысты тарап жатқан ақпараттар бойынша асығыс байлам жасамауға шақырды.
-Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік,-деп жазды ол.
Сондай-ақ экс-депутат осы уақытта жол апатына қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын айтты. Қазір қажетті сараптамалар жүргізіледі деп күтіп отырмыз. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес, болған оқиғаның мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін.
-Қазір мен үшін ең бастысы — зардап шеккен азаматтың, оның жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін,-деді ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде қазірдің өзінде түрлі нұсқалар мен алып-қашпа әңгімелер тарап жатқанын, осыған қарай қалың көпшілікті асығыс қорытынды жасамай, тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды.
-Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет!,-деді Бақытжан Базарбек.