Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апаты: зардап шегуші Таразға жеткізілді

ТАРАЗ. KAZINFORM – Экс-депутат әлеуметтік желіде зардап шеккен жігітті тасымалдау сәтінен кадрлар жариялап, оның жағдайында оң клиникалық өзгерістер бар екенін хабарлады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апаты: зардап шегуші Таразға жеткізілді
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Үш минуттық видео Құландағы аурухананың маңынан басталады. Бақытжан Базарбек 28 тамызда Нұржігіттің (зардап шегушінің есімі) комаға түскеніне 13 күн болғанын айтады.

– Оның жағдайында бірқатар оң клиникалық өзгеріс бар. Бұл туралы кейінірек айтып беремін, – деді ол.

Экс-депутат бұл күнді өзі және зардап шегушінің туыстары үшін ерекше күн деп атады. Нұржігітті аудандық аурухананың жансақтау бөлімінен Тараз қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылды.

Видеода зардап шегушінің анасы да бар. Олар Тараздан келетін реанимобильді бірге күтәп отыр. Базарбектің айтуынша, науқасты жол бойы реаниматолог дәрігер қарап келген.

Соңғы кадрлар қалалық аурухананың алдында түсірілген. Реанимобиль медициналық мекеме аумағына кіріп, кейін науқас зембілмен ғимарат ішіне жеткізілді.

Базарбек Нұржігіттен қажетті талдаулар алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, науқас Құланнан аман-есен жеткізіліп, тасымалдау оның жағдайын нашарлатпаған.

– Енді Нұржігітпен қаланың ең мықты реаниматологтары мен травматологтары айналысады, – деді Бақытжан Базарбек.

Еске салайық, 15 тамызда Т.Рысқұлов ауданында Toyota автокөлігі ер адамды қағып кеткен. Ол аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, кейін комада жатты және өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды. Жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

17 тамызда экс-депутат Бақытжан Базарбек алғаш рет жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдіріп, оны өзінің қатысуымен болған жол апаты деп атады. Ол зардап шегушінің отбасына көмектесіп жатқанын айтып, тергеу қорытындысын күтуді сұрады.